Президент елімізде жаңа агенттік құрылатынын айтты
АСТАНА. 1 қыркүйек. Қазақстанда Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылатын болып отыр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Парламенттің бүгін 6-шы сессиясын ашқан кезінде сөйлеген сөзінде айтты. Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап шенеуніктердің деңгейін анықтайтын балдық-факторлық шкала деген енгізіледі.
Өз сөзінде Президент мемлекеттік басқару жүйесінде жасалғалы тұрған реформалар жайына тоқталды. Елімізде осыған байланысты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылмақшы. Ол Мемлекет басшысына тікелей есеп беретін болады.
«Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі. Осы саладағы реформалар жүйелі түрде жүргізіп отыру керек. Оны мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды жүзеге асырудағы жауапкершілікке деген көзқарастарды өзгертуден бастайық. Пандемия мен дағдарыс жағдайында қазіргі мемлекеттік басқару жүйесі максималды жылдамдықта жұмыс істейді. Шұғыл шешім қабылдау міндеттері көп уақыт пен ресурстарды талап етеді, бірақ мәселені босаңсытып алмау керек, сондықтан Президенттің алдында тікелей есеп беретін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құруды жөн көрдім. Мұндай орган бұрын болған, алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырып келген, енді ол қайтадан бүкіл мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орталық буынына айналады», – деді Тоқаев.
Президент мемлекеттік қызмет ешқашан жабық кастаға айналматынын жеткізді.
«2021 жылдан бастап балдық-факторлық шкала деген енгізіледі. Бізге жаңа кәсіби кадрлар керек. Мемлекеттік қызмет жабық кастаға айналмауы тиіс. Осы жылдың соңына дейін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға түзетулер бойынша құжаттарды қабылдауды тапсырамын», – деді ол.