Қытай Тәжікстан жеріне дендеп еніп келеді
ДУШАНБЕ. 20 қазан. Қытай Тәжікстанға беріп келген қарыздарының есебінен бұл елдің аумағына біртіндеп дендеп еніп келеді. Бұл туралы K-News хабарлады.
«Душанбе жекелеген көліктер бағыттары мен біршама жер көлемін Қытайдың басқаруына беруі мүмкін», – делінген хабарламада.
Душанбе Қытайға өзінің стратегиялық кәсіпорындарының акцияларынан бөлек, жекелеген көлік маршруттары мен жер телімдерін беруі ықтимал. Мұны Тәжікстан Ғылым академиясы Экономика және демография институтының бөлім меңгерушісі Ходжамахмед Умаров Ресейдің «Независимая газета» басылымына берген сұхбатында айтты.
«Мұндай жағдай бұған дейін болып та қойған. 2011 жылы билік Қытайға өз территориясыың 1 пайызы – Шығыс Памирдегі 1 мың шаршы шақырымнан астам даулы жерді берген болатын. Әлі есімде, сонда шенеуніктер шу көтерілгенде, жұртты «Бейжіңмен жақсы саудаластық, әйтпесе ол бізден бұдан да көп жер сұрады», деп басып еді. Қытай Памирдің уран, алтын, боксит, асбест, тау хрусталі, қымбат тастар секілді қазба байлықтарға бай бір бөлігін алғысы келіп отыр. Жермен саудаласу әлі жалғаса беретін түрі бар. Бұл үшін шекараны өзгертпей-ақ, жерді шексіз мерзімге жалға беріп қоя салулары да мүмкін. Бейжіңнің қазір Душанбеге саяси жағынан ықпалын жүргізіп отырған да болуы кәдік. Мысалы, Тәжікстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі мәселесі жөнінде», – деді ғалым.