Қандай әйелдер опасыздыққа бейім болады?
ЛОНДОН. 21 қазан. Ұлыбританияның Оксфорд университетінің оқымыстылары қандай әйелдің опасыздыққа бейім екенін анықтады. Бұл туралы «Sputnik» хабарлады.
Зерттеудің нәтижесі көп кісіні ұйықтап жатқан жерінде шошытып оятатындай болды.
Атақты оқу ордасы ғалымдарының тұжырымынша, әйелдің күйеуі көзіне шөп салуға ынтасының мөлшері оның саусақтарының ұзынды-қысқалығына байланысты болып шықты. Нақты айтқанда, қолдағы саусақтары ұзын келетін келіншектер тап сондай көрінеді.
«Әйелдің саусақтарының ұзын болуы оның опасыздық жасауына әсер етеді», – деп жазады «Biology Letters» басылымы Оксфорд университеті ғалымдарына сілтеме жасап.
Оқымыстылардың зерттеулері 474 әйелдің анатомиялық көрсеткіштерін өлшеу негізінде жүргізіліп, бірқатар анализдер жасалған.
Сөйтсе, өздерінің жұбайлары көздеріне шөп салған әйелдердің сол қолының сұқ саусақтары аты жоқ саусақтан, яғни «балаң үйрегі» өзінің жанындағы «ортан теректен» ұзындау болып келеді екен.
Бұл мәліметтер ғалымдардың өзін қатты таң қалдырды. Олар мұндай әрекетті негізінен эстрогендері төмен әйелдерден іздепті. Себебі, гормондары жоғары көрсеткіш көрсететін әйелдер әдетте шыдамсыз, көп нәрсеге қанағаттана бермейтін, импульсивті болады.
Ал АҚШ-тың Бингемтон университетінің ғалымдары өз кезегінде опасыздыққа бейімділіктің тәрбиеге қатысы жоқтығын, оның әйелдің генетикасына байланысты болатынын және 11-хромосомдағы мутацияларға қатысты екенін айтып отыр.
Анықталғанындай, генінде DRD4 мутациясы бар әйелдер жұптарын жиі алдап соғып тұратынға ұқсайды. Ал әлгі мутация әйелді «бақыт гормоны» – дофаминге сезімтал етіп қоятын секілді. Осындай мутациясы бар әйелдер дәйім біреудің жүйкесінде ойнап тұрғанды да кем көрмейді. Олар жұбайына адал болмаумен бірге, есірткі мен алкоголизмге де жақындық танытады. Сол сияқты құмар ойындар мен импульсивті әрекеттерге де бөтен болмаса керек.
Дегенмен, мұндай мутациялы әйелдердің бәрі бірдей «бақытын шеттен іздейді» деуге де келмес. Зерттеу кезінде генінде DRD4 мутациясы бар әйелдердің тең жартысы күйеулерін алдап жүргендерін өздері мойындаған. Екінші жағынан, мұндай мутациясы жоқ әйелдердің өзінің ширек бөлікке жуығы, яғни зерттеуге тартылғандардың 25 пайызға таяуы «құдай қосқан қосақтарынан» басқа еркектерді жек көрмейтіндерін көрсетті.