Мұғалімнің басын кесіп алған жігіттің суреті жарияланды
МӘСКЕУ. 18 қазан. Әлеуметтік желіде Мұхаммед пайғамбарды келекеге айналдырғаны үшін тарихшы мұғалімнің басын кесіп алған шешен жігіті Абдулак Анзоровтың суреті жарияланды. Бұл туралы «Кавказский вестник» хабарлады.
«Біз Париж түбіндегі Конфлан-Сент-Онорин қалашығында лицей мұғалімі Самуэль Патидің басын кесіп алған 18 жастағы лаңкестің өмірбаянының егжей-тегжейін анықтап, суретін таптық. Тегі шешен босқынның аты-жөні – Абдулак Анзоров, ол бұдан 12 жыл бұрын отбасымен бірге Мәскеуден Францияға келіпті. Анзоровтар әулеті шешеннің Шалажи деген селосынан шыққан», – делінген хабарламада.
Абдулактың атасы – 69 жастағы Шамсудин Анзоровтың үш қызы, екі ұлы, – барлығы бес баласы бар. Әйелі бұдан көп жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Бір қызы Ресейде тұрады, екі қызы Түркияға барып орныққан. Ұлдары алдымен Мәскеуге аттанады, соңынан Батыс Еуропаға қоныс аударған.
Сол кезде бір ұлы – Саид Австрияны қолай көрсе, екіншісі Абуезид Парижге барып тоқтаған. Кейінірек ағайынды екі жігіт Парижде бас қосқан. Әкелері Шамсудин Анзоров та сонда көшіп барады. Оның мұнда келгендегі басты мақсаты емделу болады: Шамсудинге тек Еуропада ғана жасалатын операция қажет еді. Оның зейнетке шыққанына талай жыл болған. Бұрын ауыл шаруашылығымен және бизнеспен айналысқан.
Ал Францияда орын алған оқыс оқиғадан кейін учаскелік инспектор Анзоровтардың туыстары тұратын Шалажиге келіп, олар жөнінде деректер сұрастырыпты. Рас, мұндағылар Абдулак жөнінде де, оның туыстары жөнінде де ешқандай мәлімет бере алмаған. Бірақ Саид пен Абуезид Мәскеуге барып тұра бастаған кезде құқық қорғаушылар бұлардың отбасына назар аударған екен. Себебі, сол уақытта Анзоровтар өздерінің Шалажидегі үйлерін содырларға беріп қойды деген қауесет тараған. Шешенстанға кезекті мәрте келген мезеттерінде тәртіп сақшылары оларды ұстап, біраз тексерген, бірақ әлгі хабарды айғақтайтын ештеңе таппаған.
Абдулак Анзоров – Абуезидтің үлкен ұлы. Отбасында барлығы алты бала бар. Мына терактіден кейін Абдулактың інілерінің бірі, сондай-ақ ата-анасы мен атасы қамауға алынған.
Шамсудиннің туған інісі ертеңіне Шешенстандағы Урус-Мартан ауданық ішкі істер бөліміне шақырылып, одан жауап алынады. Ол сонда Абдулактың бойынан бұрын ешқандай бөтен әрекетті, мінезінен секем алатын нәрсені көрмеген айтып беріпті. «Барынша салмақты жігіт», – деді атасының інісі ол туралы. Ешқандай радикалды көңіл күйді де байқамаған. Қайта жанашыр жан болған. Бөлек үйде тұратын атасы Шамсудин ауырып қалғанда, барып көмектесіп тұрған.
Ағайынды Саид пен Абуезид бір фирмада күзетші болып істейді. Олар Париждегі Эйфель мұнарасын күзетеді. Әкесі сол жерге Абдулакты да тұрғызбақшы болып жүрген екен. Бірақ әзірге жас жігіт құрылыста жұмыс істеп жүріпті. Сонымен бір мезгілде күзетшінің де оқуын оқыған. Бұған қоса, автомектепке барып, жүргізуші куәлігін алуға да әрекет жасаған.
Айтқандай, Шамсудиннің інісі Абдулактың өлер алдындағы аудиожазбасын да оның өзінікі емес деп отыр. Себебі, даусы ұқсамайды. Бірақ француз прокуратурасы дауыстың тап сол Анзоровтікі екенін растап шықты.
Туыстары Абдулактың өлген мұғалімнің жеке өзімен таныс болмағанын айтады. Ол Патидің пайғамбардың «Эбдо Шарли» журналына шыққан карикатурасын сабақта көрсеткенін таныс мұсылман қыздан естіген. Қыз Абдулакпен бірге Интернетте бір топта болған.
Қазір, Анзоровтың жақындарынан басқа, Франция имамдар кеңесінің мүшесі Абдельхаким Сефриуи мен сыныпта болған оқиғаны әлеуметтік желіге жайған оқушы қыздың әкесі Брахим Шнина қамауға алынды. Шнинаның 13 жастағы қызы мұғалімнің кезекті қоғамтану сабағын бастар алдында онда көрсетілетін нәрсенің мұсылмандардың намысына тиюі мүмкін екенін айтып, олардың сыныптан шыға тұрғаны дұрыс болатынын айтқанын жеткізген. Бірақ басқалар кеткенімен, бұл қыз шықпай қойған. Соңынан класта болған оқиғаны әкесіне айтып берген. Қыз осыдан кейін мұғаліммен де сөзге келіп қалған. Сондықтан оған екі күн сабаққа келуге тыйым салынған.
Инцидент мектеп әкімшілігіне дейін белгілі болған. Директорға Шнинаың әкесі шағым айтып барған. Бұған лицей басшылығы Пати стандартты тәсілді ғана пайдаланды, бұған қоса мұсылман балаларды сабаққа қатыстырмады, деп жауап қайтарған.
Осыдан кейін әлеуметтік желіде «мұғалімді орнына қою керек» деген ұрандар көтеріліп жатқанын көрген Абдулак шыдай алмаған…
Террорист көшеде мұғалімге шабуыл жасап, оның басын кесіп алады. Сол жерде басты суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып қояды. Демек, ешбір жасырынбаған. Көп ұзамай полицейлер оның өзін атып тастаған. Ұстауға келген кездерінде өздеріне қарсылық көрсетті деген желеумен…