Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Париж-2024: Палуан Демеу Жадыраев Олимпиада финалына шықты (видео)

ПАРИЖ. 6 тамыз. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының мүшесі Демеу Жадыраев бүгін Парижде Олимпиялық ойындардың финалына жолдама алды. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Турнирде 77 келі салмақта кілемге шыққан Демеу Жадыраев жартылай финалда әзербайжан Санан Сулеймановтан 6:1 есебімен басым түсті. Жекпе-жек тартысты өтті. Онда қарсыласынан біраз ұпай үлгерген қазақ палуаны сол артықшылықты соңына дейін сақтай білді.

Айта кетелік, ширек финалда Демеу Жадыраев екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, қырғыз жылдызы Ақжол Махмұдовты 3:1 есебімен жеңген болатын. Белдесу өте тартысты өтті. Оның бірінші айналымында қырғыз балуаны төрттағанда ұпай алып, 7:0 есебімен алға шықты. Алайда Демеудің бапкері наразылық челленджін беріп, нәтижені қайта қарады. Соның нәтижесінде есеп 1:0 болып өзгерді. Екінші айналымда Демеу барынша шалт қимылдап, 3:1 есебімен алға кетті. Осы басымдық белдесудің соңғы секундына дейін өзгермеді.

Ал оның алдындағы іріктеу кезеңінің бірінші айналымында колумбиялық Хайр Куэро Муньосты 9:0 етіп ұтып еді.

Финалдық белдесу ертең өтеді.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button