Бішкекте Атамбаевтың ұлдары да қамауға алынды (видео)
БІШКЕК. 10 қазан. Бүгін Қырғызстан астанасының түбіндегі Қой-Таш айылында экс-президент Алмазбек Атамбаевтың екі ұлы да қамауға алынды. Бұл туралы АКИpress хабарлады.
Оқиғаның қалай болғанын Атамбаевтың әйелі Раиса айтып берді.
Оның айтуынша, бүгін олар үйді аластау шарасын жасамақшы болған.
«Себебі, сіздер білесіздер ме, кеше әлдекімдер алаңда Алмазбек Атамбаевтың машинасын атқылаған, – деді Раиса Атамбаева. – Митинг бейбіт жағдайда өтті. Жұрт мұнда қарусыз келді, олар «Форумнан» келе салған еді. Алмазбек көлікке отыра бергенде оған қарай оқ атылады. Сондықтан аластау жасамақшы едік.
Үйде туған-туыстарымыз бар еді. Кенет бір достарымыз бізге қарай 10 БТР, 6-7 үлкен автобус кеткенін жеткізді. Алмазбек Шаршенович біз үшін қорқатынын, өзінің жасарын жасағанын, балаларды алып кету керектігін айтты. Біз дереу жиналып, кетпекші болдық. Қақпа айқара ашық еді. Менің машинам БТР-мен соқтығысып қалды. Аналар БТР-дан автоматтарын асынып түсе қалды. Балаларды жерге жатқызып, тебе бастады. Мен олардың әрбірін қорғаштап жүрдім: балаларым ғой енді».
Алмазбек Шаршенович үйде қалды. Оған не болып жатқанын білмеймін. Ал балаларды лаңкестер секілді салқын еденде ұстады».
Оның айтуынша, Қадыр Атамбаев, Сейид Атамбаев, Темирлан Султанбеков және жүргізуші ұсталған.
Кейінірек Қауіпсіздік комитеті Алмазбек Атамбаевтың қамалғанын мәлімдеді.