Атамбаев қазақтар үшін Назарбаевпен қалай ұрсысып қалды?
БІШКЕК. 8 ақпан. Қырғызстандағы «Социал-демократ» партиясының лидері Темирлан Султанбеков кезінде Алмазбек Атамбаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың бір-бірімен не үшін ұстасып қалғандары себебін айтып берді. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Оның айтуынша, Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев қазақтарға үлгі көрсетемін деп, Қазақстанның сол уақыттағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен сөзге келіп қалған. Олардың арасы сууы содан басталған.
Біз төменде Темирлан Султанбековтің осыған байланысты жазған баяндамасының мәтінін ұсынып отырмыз:
«Жақында экс-президент Атамбаев Қазақстандағы қасіретті қаңтар оқиғаларына байланысты мәлімдеме жасады. Оның сөздерін бауырлас қазақ халқы жылы қабылдады. Алмазбек Атамбаев өзінің мәлімдемесінде Нұрсұлтан Назарбаевпен екеуінің арасы 2016 жылғы қыркүйектен кейін нашарлап кеткені ешкімге құпия емес екенін баяндады.
Әрине, Алмазбек Шаршенуулы өзінің қарапайымдылығына салып, 2016 жылғы қыркүйектегі оқиғалар туралы бұрын-соңды ешқашан айтпаған еді және кейінірек айта қоюы да екіталай…
Солай бола тұрғанымен, Қырғызстан мен Қазақстан халықтары ғана емес, сонымен қатар жоғары саяси ортаның өкілдері де Атамбаев пен Назарбаевтың қарым-қатынасы Алмазбек Шаршенуулының 2017 жылғы қыркүйекте Нұрсұлтан Әбішұлының Қырғызстандағы сайлау процесіне араласуына жауап ретінде сөйлеген сөзінен кейін үзілдіі деп қателеседі.
Экс-президент Алмазбек Атамбаев 2016 жылғы қыркүйектегі оқиғаларды еске алып па еді?
Сол жылы қыркүйектің басында Қырғызстанда Көшпенділердің бүкіләлемік екінші ойындары болып өтті. Ол бүкіл қоғамға серпін беріп, әрбір қырғызстандықты жаңа жетістіктерге жетеледі, елдің келешегіне деген сенім ұялатты…
Ал 2016 жылғы 16 қыркүйекте ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің төрағасы, Қырғыз Республикасының президенті Атамбаевтың төрағалығымен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы өтті. Келесі күні, 2016 жылдың 17 қыркүйегінде президент Алмазбек Шаршенуулы Атамбаев 60 жасқа толды және көптеген адамдар оны құттықтауға қалды.
Таңертең Мемлекеттік резиденциядан президенттер мен Молдова премьер-министрі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде қаза тапқандарды еске алу мемориалына гүл шоқтарын қою үшін Ата-Бейитке баруға дайындалып жатты.
Айта кету керек, көтерілістің 100 жылдығына орай еске алу шараларын өткізу туралы шешім тым тәуекелшіл қадам еді, өйткені, ол Қырғызстан-Ресей қатынастарына теріс әсер етуі мүмкін-тін, алайда, бұл біздің ұрпақтың бабалар алдындағы парызы болатын. Біз бұл жөнінде Мәскеу мен Бішкек арасында көп дау-дамай болғанын да білеміз.
Ғалымдар мен тарихшылардың есебінше, үркүнчилик барысында шамамен 200 000 бабамыз қаза тапқан. 1916 жылдың оқиғалары халық аңыздарында, қайғылы әндердің сазында, орны толмас шығындар туралы жоқтауларда, халықтың естеліктерінде қалды. Осының бәрін халық 100 жыл бойы жүрегінде терең сақтады – бұл туралы айтуға болмайтын еді, бұл туралы жазуға да болмады. Ондаған мың ата-бабаларымыздың денесі лайықты жерленбеді, ал бұл сұмдық оқиға бізге тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеді.
Біз ақырында батыр халықтың ұрпағы екенімізді және өз тарихымыз бар екенін және оны білетінімізді және құрметтейтінімізді сенімді және ұятсыз айта алатын болдық.
Көрші елдердің ғалымдары, зиялы қауымы, жалпы халықтарының қалың бұқарасы өз елдерінде, мысалы, Қазақстанда мұны жасай алмады, ал кейбіреулерінде, мысалы, Өзбекстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда патша режимінің сұмдықтары олардың да ата-бабаларын аямағанынан қарамастан, бұған біздегідей талпыныс та болған жоқ.
Әрине, Ресей басшылығын көндіру оңай болмады, Кремль шенеуніктері бұғын қарсы шықты. Олардың мұндай пиғылдарын жергілікті жерлерде де білетін. Осылайша Ташкентте өткен ШЫҰ саммиті барысындағы екі жақты кездесу кезінде марқұм Ислам Каримов Атамбаевқа Кремльдің 1916 жылғы қайғылы оқиғаларды еске алуға қарсы екенін және Путин мұндай мемориалға ешқашан бармайтынын ашық айтты. Бірақ Атамбаев Ресей президентін тек шындықты мойындау арқылы ғана халықтар тарихындағы осы қаралы парақты бірге аударып жіберугеа болатынына сендіре алды. Сөйтіп, 2016 жылдың 17 қыркүйегінде мемлекет басшылары, оның ішінде Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин де бар, Мемлекеттік резиденциядан 1916 жылғы мемориалға гүл шоқтарын қоюға баратын болды.
Алайда, олар жолға шығар алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путиннің қолынан ұстап, оны мұның Ресейге бағытталған іс-шара екенін, Қазақстан Ресейді құрметтегендіктен, оны қолға алмай келе жатқанын, сондықтан қазір барса, Қазақстан жұртының өзін дұрыс түсінбей қалатынын алға тартып, оны Ата-Бейитке бармауға үгіттей бастады. Сонымен қатар ол Атамбаевты ұлтшыл және халықтар арасына жаулық отын жағушы деп атады. Бірақ Путин бұған көтеріліс кезінде қаза тапқан ата-бабаларын еске алатын болса, Назарбаевқа да ешкімнің кедергі келтіріп жатпағанын, мұның жасындағы адамның тек Құдайдан ғана қорқуы керек екенін айтып, жауап қайтарды.
Екі президенттің осы қызу пікірталасынан кейін Путин біраз ойланып тұрып, ақырында бәрібір Алмазбек Атамбаевпен, Армения президентімен және Молдова премьер-министрімен бірге көтеріліс жылдарында қаза тапқан құрбандарға тағзым етуге жүріп кетті. Менің көзқарасымша, осының өзі Ресей президентінің ақылдылығын байқатады.
Нәтижесінде Назарбаев сол жерден бірден әуежайға жетіп, Астанаға қайтты, ал Путин 2016 жылғы халық көтерілісі кезінде қаза тапқандар мемориалына гүл шоқтарын қойғаннан кейін Атамбаевпен бірге оның Қой-Таштағы резиденциясына барды.
Владимир Путин ақылман адам ретінде Қырғызстанда 2016 жылы өткен қаза тапқандарды еске түсіруге арналған ас пен оған Ресейдің ең жоғары деңгейде қатысуы саяси арандатушылардың екі елдің қарым-қатынасын нашарлату мақсатында жиі пайдаланып жүрген біздің халықтар тарихындағы қаралы парақтарды мәңгіге жауып тастауға мүмкіндік беретінін өте жақсы түсінді. Ал Қырғызстан халқы көтеріліс құрбандарына көрсеткен сол құрметі, ақылдылығы мен адамгершілігі үшін Ресей президентіне әлі күнге дейін ризашылығын білдіріп отырады.
Бұл қазіргі заманғы Қырғызстанның тарихындағы шын мәніндегі алтын уақыт болды, біздің еліміз сыртқы саясатта да, экономикада да, мәдениетте де – бәрінде алға қарай самғады.
Адамдар «Біз өзімізде барды сақтай алмаймыз, тек жоғалтып алғанда ғана жылаймыз» дейді. Бұл бүкіл Орталық Азияда энергетикалық іркіліс болып, жұрттың экс-президент Атамбаевты қалыптастырып кеткен өзіндік энергетикалық сақинасы үшін мақтай бастаған кездегі қоғамдық пікірден айқын көрінеді.
Ал сол кездері жоғарыда суреттеп өткендей қаншама бетбұрысты оқиғалар мен шешімдер болды, бірақ тарих әлі олар жайында ештеңе айтар емес.
Мен Алмазбек Атамбаев өзінің балалық шағы туралы тамаша жазылған әңгімелерге тоқтамай, бір күні өмірбаяндық очерктер жазуды жалғастыратын шығар деп үміттенемін, сонда біз одан тағы талай нәрсені білер едік…»