ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Қызылордада үздік ұстаздарға лайықты құрмет көрсетілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 2 қазан. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұғалімдер күні құрметіне өткізілген «Ұстазым – ұлағатты өнегем» атты салтанатты жиынға қатысып, аймақтың үздік ұстаздарын марапаттады. Бұл туралы облыс әкімдігі баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.

Салтанатты жиында облыс басшысы педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың білім беру саласындағы жеткен жетістіктерін атап өтті.

«Бұл – жалпыға ортақ мереке, өйткені, кез келген адам мұғалімнен білім мен тәрбие алып шығады. Бірақ уақыт талабына сай дамып отыратын ұстаздың ғана оқушылар алдында беделі болады. Біздің елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған. Нәтижесінде биылғы жылдан бастап педагогтер мен оларға теңестірілген қызметкерлердің айлық жалақылары көтеріледі. Биылғы жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 27,4 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл – мемлекет тарапынан мұғалімдерді үлкен қолдау», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

2021 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің айлық жалақысы 25 пайызға өседі. Бұл үшін жуықтағы үш жылда 1,2 триллион қаржы бөлінеді.

Облыс әкімі салтанатты жиында өздерінің лайықты еңбектері арқылы әріптестері мен шәкірттері арасында зор беделге ие болған ұстаздарға ең жоғары награда – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі тапсырды. Мұндай жоғары құрметке ие болғандар қатарында Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Клара Есмағанбетова, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы Әсия Борақұлова және Қазалы ауданындағы №225 орта мектептің мұғалімі Роза Сексенбаева бар.

Үлгілі мұғалімдер сондай-ақ құрмет грамоталарымен наградталды. Бұдан бөлек, білім беру мен оны дамытуға қосқан үлестері үшін 30 педагог ноутбук алды.

Онлайн режимінде видеоконференция түрінде өткен іс-шараға аудандардың үздік педагогтері қатысып, өздерінің тілектерін білдірді

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында биылғы жылы бірінші рет Тәуелсіздік күні қарсаңында білім беру мен оны дамытуға үлес қосқан педагогтерге төсбелгілер тапсырылатын болады.

Бұдан бөлек, 10 мұғалімнің әрбіріне 300 айлық есеп көрсеткіші көлемінде, яғни 833 мың теңге мөлшерінде сыйақы беріледі.

Мұғалімдерге қолдау көрсету белсенді түрде жалғаса береді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button