Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Зеленский: Біз бұл тартыста Әзербайжанды қолдаймыз

КИЕВ. 2 қазан. Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның Әзербайжан егемендігі мен оның территориясы тұтастығын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы украинның «Сегодня» порталы хабарлады.

Бұл күндері Черновцы облысында іссапармен жүрген Украина басшысы депутат Людмила Марченконың мәлімдемесіне жауап бере тұрып, бұл тақырыпты да қамтып өтті. Ал «Слуга народа» фракциясының депутаты өзінің бір сөзінде «Украинаның Әзербайжанға әскери көмегі» туралы айтып қалыпты.

«Кейде депутаттар БАҚ-тарға түсуге тиіс емес мәлімдемелерді жасап жатады», – деді президент осыған орай.

Зеленский «Слуга народа» халық депутатының сөзіне түсіндірме бере келіп, кім-кімнің де өз жеке көзқарасы мен мемлекеттің ресми позициясы арасын шатастырып алмауы тиіс екеніне назар аударды.

Ол өз сөзінде Украинаның азат ел екенін, сондықтан әркімнің өз ойын ашық айта алатынын, алайда, кейде әртүрлі партиялар атынан халық депутаты болып алғандардың баспасөзге шығуға тиіс емес осындай мәлімдеме жасап жататынын сынға алды.

«Біріншіден, бұл әлдеқандай бір депутаттың өкілдігіне жататын (шет мемлекетке әскери көмек беру – ред.) нәрсе емес, бұл – мемлекет басшысының құзырындағы мәселе. Сондықтан оның аузымен мұндай әңгіме тіпті де көтерілмеуі керек», – деді Зеленский.

Оның айтуынша, гәп Киевтің әлдеқандай бір мемлекетке әскери көмек бере алатыны жайында емес, өйткені, Украина бұл жағынан түсінікті де салиқалы позиция ұстанады, ол Әзербайжан мен Арменияны диалогқа келуге шақырып, Таулы Қарабақтағы жанжалды тоқтатуды ұсынады.

Сонымен бірге, президент соңғы жылдары Украина мен Әзербайжанның арасында өте қуатты экономикалық және геосаяси бағытта қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті.

«Біз Әзербайжанның егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдаймыз. Олар да қашанда біз Қырым туралы сөз қозғағанда, біздің территориялық тұтастығымызды қолдап, аннексияның заңсыз болғанын айтып отырады», – деді Зеленский.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button