Лукашенко Украинаға қарсы «екінші майдан» ашудан бас тартты
МИНСК. 17 тамыз. Беларусь диктаторы Александр Лукашенко Ресейге көмектесу үшін Украинаға қарсы жаңа майдан ашуға келіспеді. Бұл туралы Dialog.UA ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Беларусь украин әскерлерінің Курск облысынан шұғыл әкетілуі үшін Украинаға қарсы соғыс ашпайды. Белорус лидері Александр Лукашенко Кремль пропагандисі Евгений Поповқа берген сұхбатында мұны жұрт түсінетіндей етіп ашық жеткізді.
Оның видеосы «Украина-365» telegram-каналында жарияланды.
Лукашенко Украинамен жаңа майдан ашудың перспективасы жайында айта отырып, Ресей армиясының Курск облысындағы масқарасына назар аудара кетті. «Бәрін Курск көрсетті ғой», – деген ол бұл соғыста Кремльге бұдан әрі көмек көрсетуден үзілді-кесілді бас тартатынын білдірді.
«Олар (Батыс елдерін айтады – ред.) бізге ұдайы Беларусьпен соғысудың қажеті жоқ екенін айтып келеді. Біз мұны түсінеміз, сондықтан соғысуға құштар болып отырғанымыз жоқ. Жоқ, олар жақсы болғандықтан емес! Себебі, біз Ресеймен бірге майдан шебін ұлғайта түсуге дайын емеспіз. Онда 1200 шақырым, барлық шекара – 1200 шақырым. Қазір «СВО» – 1000 шақырым. Біз 1200 шақырымды жаба аламыз ба? Жоқ! Мұны Курскі де көрсетіп берді», – деп мәлімдеді Лукашенко.
Айта кетуімізк керек, украин әскерлері Курск облысына лап қойып, шабуыл жасаған сәттен белорус «батькосы» Украина шекарасына шұғыл түрде қосымша күштер жеткізуге пәрмен берген болатын. 6 тамызда. Осылайша ол, шамасы, украин резервін белорус шекарасына тарту арқылы РФ армиясына жасалып жатқан қысымның нөпірін мүмкіндігінше әлсірете беруге ұмтылған сияқты. Алайда оның бұл маневрі оншалықты тиімді әсер әкеле қойған жоқ. Украина армиясы содан бергі 11 күннің ішінде Курск өңіріндегі қарқынды ұрыс қимылдарынан бір қадам да төмендеген жоқ, қайта қысымды бұрынғыдан да арттырып, жаулап алынған территориясының аумағын 1 100 шаршы шақырымнан да асырып жіберді.
Ал ресейлік Z-арналар болса, мұның өзінен сұрқия астар іздеп, «бұған дейін Лукашенко Киевпен өзара шабуыл жасаспау жөнінде конспирологиялық, яғни астыртын келісім жасасып қойған болуы керек» деген сыңайда болжам айтып, «боздап» отыр.
Бұдан алдын Dialog.UA Ресей армиясының Курск түбіндегі күйрей жеңілуілері фонында өзінің РФ-мен одақ құру жөніндегі идеясынан айнып отырғанын жазып еді.