Ғылымда сапа болмай, тірлікке бата қонбайды
Қазіргі кезде әлемнің барлық дамыған елдері білімге, ғылымға айырықша көңіл бөлуде. Қазіргі жаһандану заманында кез келген елдің табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. Сондықтан бағзы замандардың өзінде ата-бабаларымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп айтып кеткен.
Елімізде белгілі бір кезеңдерге арналып, ҚР білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданғанымен (2011-2020, 2016-2019, 2020-2025 жылдарға арналған), «баяғы жартас, бір жартас» демекші, бұл салада шешуін таппай отырған мәселелер жеткілікті.
Халықаралық бағалаулар Қазақстан халқының сауаттылық және құзыреттілік деңгейі жағынан әлемнің көптеген елдерінен артта қалғанын көрсетуде. ЭЫДҰ-ның ересектердің (16-65 жас) құзыреттілігі халықаралық бағалау бағдарламасының (PIAAC) нәтижелері бойынша оқу бойынша 34-орын, математикалық сауаттылықтан (39 елдің ішінен) 33-орын және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленді. Қазақстанның нәтижелері ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің және Ресей Федерациясының орташа көрсеткішінен (оқу бойынша 9 орын және математикалық сауаттылық бойынша 15-орын) әлдеқайда төмен. Білім және ғылым жүйесіндегі бұл жағдай өзгермейтін болса, таяу перспективада ұлттық адами капитал одан әрі нашарлап, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің төмендеуі орын алатыны сөзсіз.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, ІЖӨ-ның білім саласына бөлінген пайызы жағынан, әлем елдерінің көрсеткіштері төмендегідей: Куба – 18,7%; Дания – 8,7%; Малайзия – 8,1%; Швеция – 7,7%; Финляндия – 6,8%; Ресей -3,8% және Қазақстан – 3,5%. Оның ішінде ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемі қазіргі таңда ІЖӨ-ның 0,16%.
2018 жылы ғылым саласына тартылған қызметкерлердің ішінде 55 жастан асқан зейнеткерлік алдындағы және зейнеткерлік жастағы мамандардың үлесіне жалпы контингенттің 30%-ына дерлігі тиесілі. Жас ғалымдар контингенттің 35 %-ға жуығын құрады. Соңғы жылы 35-тен 54 жасқа дейінгі жас тобындағы ғалымдардың үлесі жалпы ғалымдар санының 40%-ын құрады. Сонымен қатар, талантты жастар мен жоғары білікті мамандарды ғылымға тарту және ұстап қалу проблемасы сақталуда. Ғылыми кадрлардың зерттеу дағдылары жеткіліксіз, ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен және технологиялық даму мен инновация саласындағы дағдылары әлсіз.
Елімізде 1 млн халыққа 662 ғалымнан келеді, бұл Ресейге қарағанда (2852) – 4,3 есе, Беларуське қарағанда (1805) – 2,7 есе, ал АҚШ-қа қарағанда (4256) 6,4 есе аз.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта ғылым саласында ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеудің төмен деңгейі және ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру тетіктерінің болмауы; ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) нәтижелілігінің төмендігі және индустрия мен бизнес тарапынан ғылыми нәтижелердің талап етілмеуі; бизнестің инновациялық белсенділігі үлесінің төмен болуы; ғылыми саланың инвестициялық тартымдылығының аздығы және ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мен қоса қаржыландырудың төмендігі сияқты проблемалар бар.
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша орташа жалақы 287 мың теңгені, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 157 мың теңгені, базалық қаржыландыру бойынша 72 мың теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы гранттық қаржыландыруда – 51 мың теңге. 2018 жылы ғылымның мемлекеттік секторындағы жалақы 119 мың теңгені құрады, бұл еліміз бойынша орташа көрсеткіштен (163 мың теңге) төмен.
ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығыстар көлемі салыстырмалы түрде біршама аз болып қалуда. Қазақстанда 2015 жылдан бастап ҒЗТКЖ шығындары 2018 жылы ЖІӨ-нің 0,17%-ынан 0,12%-ына дейін қысқарды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш – 0,16%.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым-білім саласын түбегейлі реформалау қажеттігін айтты. «Қазақстанның білім беру жүйесінің негізгі мәселесі – жеткілікті дәрежеде қаржыландырмау, реформада бірізділіктің жоқтығы және реформалардың шикілігі…Қазақстанда орташа есеппен бір оқушыға жылына 1000 доллардан бөлінеді, ал PISA рейтингісі бойынша алғашқы ондыққа кірген елдерде бір оқушыға 10-14 мың доллар аралығында қаржы бөлінеді» деді. Оның айтуынша, Қазақстанда 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат – 6 есе, ғылымға бөлінетін қаражат 7 есе өседі.
Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарының өзінде Кеңес Үкіметі Қаныш Сәтпаев тұңғыш Президенті болған Қазақ ССР Ұлттық Ғылым академиясын құрған еді. Сол академияның ғалымдары кең байтақ қазақ еліндегі Жердің асты мен үстіндегі қазба байлықтарының картасын жасап, кен өндіру, мұнай және газ өндіру бағытын дамытып, Қазақстан ғылымын жаңа деңгейге көтеру мақсатында фундаментальді және гуманитарлық ғылыми-зерттеулер жүргізетін институттар жүйесін құрған болатын. Егемендік алғаннан кейін осы академия таратылып, қоғамдық ұйымға айналды. Бұрын Ұлттық ғылым академиясы мүшелігіне айырықша ғылыми нәтижелерге қол жеткізген белгілі ғалымдар ғана сайланатын. Мысал ретінде Қ.Сәтпаев, Ә.Марғұлан, Ә.Бектұров, С.Зиманов, Ш.Чокин, А.Жұмаділдаевтар және тағы басқаларды айтуға болады. Өкінішке қарай, қоғамдық ұйым болып саналатын Ұлттық ғылым академиясына соңғы жылдары ғылымға қосқан ешқандай жаңалығы жоқ «ғалымдардың» да академик болып сайланып жүргенін көрудеміз. Бұрын академик атағы бар ғалымға бүкіл қоғам үлкен құрметпен қарайтын, қазіргі «академиктерге» мысқылмен, мазақпен қарайтын жағдайға жеттік.
Бұрын ғылымға талантты, талапты, жандары таза азаматтар баратын еді. Өйткені, ғылым тазалықты талап етеді. Құран Кәрімде ғылым сөзі 811 рет кездеседі. Қазіргі қазақ ғылымында жүрген көлденең көк аттылар Әлем алдында ұятқа қалдырып, ел абыройын төгуде. Былтыр ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың диссертациясындағы плагиат материалдар осының бір дәлелі болып табылады. Сондықтан барлық қорғалған диссертациялық жұмыстар ашық түрде онлайнда тұрулары керек. Ол диссертациялар жеке адамдар немесе қоғамдық ұйымдарға қол жетімді болғанда ғана ғылымдағы тазалыққа қол жеткіземіз.
Әлемдік өркениеттің көшіне ілесіп, білімі мен ғылымы дамыған, технологиясы мен өндірісі дамыған ел боламыз десек, білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту керек. Сонда ғана ғылымға білімдері терең, талантты жастар келеді.
Кеңес Одағы кезінде ғылыми кадрлар, аспиранттар мен докторанттар, белгілі ғылыми орталықтарда дайындалатын. Докторлық және кандидаттық диссертациялар Мәскеу, Киев, Ленинград, Новосибирск және басқа да ғылыми орталықтардағы белгілі ғалысдардың жетекшілігімен қорғалатын. Қазіргі кезде облыс орталықтарындағы барлық аймақтық университеттерде магистранттар, докторанттар даярлануда. Олардың диссертацияларының деңгейі төмен екені жасырын емес, яғни, дайындалып жатқан ғылыми кадрлардың білім деңгейі өте төмен. Сонда біз кімді алдап жүрміз?
Осы тұста Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған ғалым Камал Бурханов (марқұм) мырзаның қазақстандық БАҚ-қа берген пікірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
«Қазір екінің бірі – кандидат, ғылым докторы. Қолда бар көп нәрсенің құны төмендейтіні де анық. Қазақстанда 140 университет бар. Бұл біздің халқымыз үшін көп. Мәселен, Англияда 67 миллион халыққа 80 ғана университет болса, Жапонияда әр он мың адамға 222 студент бар. Ал Қазақстанда әр он мың адамға – 360 студент. Жыл сайын еліміздегі ЖОО-ларда 25 мыңнан астам маман дайындалады. Сол мамандардың барлығы жыл сайын бізге қажет пе? Кейбір дерек көздеріне қарағанда, әр жылда бес мың дипломант дайындайды екенбіз. Солардың ішінде, ең көп дегенде, он дипломант жұмысқа орналасса, нәтиже болар еді. Өйткені, жаппай ғылым докторларын дайындаудан гөрі, әр өңірден бір-екі маманды орталық университеттерде докторантураға оқытып, шетелге тәжірибе алмасуға жібергеніміз абзал. Сапа да болады». Кезінде Мәжіліс депутаты, ғалым Камал Бұрханов дәл осындай тұшымды да тұжырымды пікір білдіріп еді. Бұл мәселе әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Қайта уақыт өткен сайын өткірленіп, өзекті болып келеді.
Біз осы кезге дейін Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» дегенін ескермей, босқа мақтанумен уақыт өкізген екенбіз. Енді әлемдік өркениеттің көшіне ілесіп, технологиясы мен өндірісі дамыған ел боламын десек, білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту жайлы құр уәделерден гөрі нақты іске көшкен абзал. Ғылымда сапа болмай, тірлікке бата қонбайтынын ұғынуымыз керек.
Бос мақтанды қоятын кез келді, ағайын! Ащы да болса ашығы осы.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ, ғалым-ұстаз
Актуальное, свовременное мнение по вопросам развития образования и науки. В своей статье вы отмечаете , что духовное наследие великого Абая – это часть мировой сокровищницы, значимое культурное явление, символ ее, формировавший в течение нескольких веков национальное самосознание. Молодым, определяющим сегодня свой жизненный путь, необходимы знания, поскольку только качественное образование является фундаментом, основой духовного развития гражданина Казахстана.