Асқар Жұмаділдаев: Қазақ тілін ғылым мен техникаға бейімдеуіміз керек
АСТАНА. 1 желтоқсан. Белгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаев қазақ тілін ғылымға бейімдеуге әбден болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әйгілі ғалым мұны өзінің идеясымен, Ұлттық Ғылым Академиясы және Qalan жобасының қолдауымен жарыққа шыққан «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-танымдық журналының алғашқы нөмірін Астана жұртшылығына таныстыру рәсімі барысында айтты.
Ұлттық академиялық кітапханада өткен тұсаукесерге сонымен қатар Президенттің баспасөз-хатшысы әрі кеңесшісі Берік Уәли, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент депутаты Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ғылым комитетінің төрағасы Бекет Қабиденұлы, Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Ғазиза Нұрғалиева, әліппе оқу-бағдарламасының авторы Бижан Игенбаева, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиында Асқар Жұмаділдаев журналдың бұлай аталуына алгебраның атасы Мұхаммед Әл-Хорезмидің «Әл Жәбр»деген еңбегі болғаны себепкерлік еткеннін әңгімеледі. Сол «Әл-Жәбрден» кейін «алгебра» атауы шыққан. Ал Әл-Хорезми – Арал теңізінің бойында туған, әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан ойшыл, Иран мен Тұран ғана емес бүкіл әлемге ортақ тұлға. Алгоритм ұғымына – қолыңыздағы смартфон, компьютер, ақпараттық технология мен Big Data ұғымына дейін негізделген. Орта Азиядан шығып, әлемдік өркениеттің басында тұрған ғалымның атын алу біз үшін үлкен мәртебе. Ал оның қай ұлттан, қай діннен екені аса маңызды емес.
«Журналдың мақсаты – жастарға білімді насихаттау, математикаға қызықтыру. Біз қазақ тілін ғылымға, техникаға бейімдеуіміз керек. Бұл журналда пайдалы мағлұматтар көп болады», – деді ғалым бұдан әрі.