Жаңалықтар жаңғырығыТаным

ҚОНАЕВ ПЕН ЗИМАНОВ

Олар тіршіліктерінде өзара дос болған жоқ

«Қазақ әдебиеті» газетінің 2022 жылы №37-45 сандарында М.Құл-Мұхаммедтің академик заңгер С.Зиманов өмірбаянына қатысты зерт­теулері жарық көріп, жұртшылықты ерекше қуант­ты. Солардың ішінде академик ұстазымыздың Д.А.Қонаевпен ара қатынасы туралы естеліктері жұртшылықты елең еткізді. Осы мәселеге орай есімде қалғандарын жазып отырмын.

Менің Салық Зиманұлымен жақын танысуыма әртүрлі себептер болды. Солардың ішіндегі, атап айтсам, біріншісі – академик Ә.Марғұлан, екіншісі – Шоқантану мәселелері. Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойына арналған бес томдық жинағын дайындау үстінде С.Зимановқа барып ақыл-кеңес сұрадық. Сол кездегі ҚазССР Ғылым Академиясы басшылары белгілі шоқантанушы болғанына қарамай Сәкеңді осынау халықаралық, яғни ЮНЕСКО көңіл бөліп жатқан игілікті істің басына жолатпады. Сол бестомдықтың ең болмаса редколлегия мүшесіне кіргізбеді.
Сондай-ақ Ә.Марғұланның 1984 жылғы 80 жылдық мерейтойы да жетім қыздың тойындай болып өт­ті. Ол аз болғандай «Өнер» баспасында Әлекеңнің үш томдық қазақ өнерін зерт­теген кітабы 1976 жылдан бері шықпай жат­ты («Казахское народное прикладное искусство» (в 3-х томах). – А, «Өнер» 1986, 1987, 1994). Әлекеңнің 80 жылдық мерейтойында (1984 жылы) және Шоқанның бір жылдан кейінгі (1985 жылғы) 150 жылдық мерейтойында жаңағы кітаптардан басқа тағы бір біз дайындаған Шоқан туралы зерт­теулерін де жарыққа шығара алмадық. Соның бәрі көптеген ағаларымыздың Қонаевтан қорыққанынан болды. Шын мәнінде Марғұланның кітаптарының жарыққа шығуына Қонаев қарсы болуы мүмкін емес. Сол кездегі ағаларымыз «жазатайым жағдайда Қонаевқа ұнамай қалармыз» деп қорқатын өздері еді…

Осындай екі мерейтойдың ортасында не істерімізді білмей жүргенде марқұм Рахманқұл Бердібаев ағамыз Әлекеңнің «Ежелгі жыр-аңыздар» ат­ты кітабының қолжазбасын менен алып тез арада «Жазушы» баспасынан шығарып жіберді. Бірақ Әлекең бұл кітабының да жарыққа шыққанын көре алмай, 1985 жылдың 15 қаңтарында қайтыс болып кет­ті. Жоғарыда көрсеткеніміздей, «Казахское народное прикладное искусство» кітабы да баспада он жылдан аса жатып, 1986 жылдың есебімен 1987 жылы жарық көрді, яғни Қонаевтың қызмет­тен кеткен кезінен бастап басылды…
Біз, шоқантанушылар, Салық Зиманұлымен тығыз байланыста болдық. Себебі Шоқан мұрасын зерт­тей жүріп Сәкеңе жолықпау мүмкін емес еді. М.Құл-Мұхаммед мырза Зиманов өміріндегі аса қажет­ті тарихи деректерді зерт­теп жазып, оның Қонаевпен ара қатынасы туралы мәлімет­терді бергені өте жақсы болды. Соған біздің азғантай қосымшаларымыз бар.
Мен Салық Зимановтың қол астында біраз уақыт қызмет істедім. Егемендіктің алғашқы жылдарында Сәкең «Парасат» ат­ты заң қызметкерлерін дайындайтын университет ашқанда мені қызметке шақырды. Алайда мен барғанша бірнеше жыл өтіп кет­ті. Шет тілдер факуль­тетін ашқанда мен оған декан болып бардым. Көп ұзамай ол мені проректор қызметіне тағайындады. Біраздан соң бірінші проректор штатын ашып, мені осы қызметке отырғызды. Мен осы қызмет­те 2001 жылдың басына дейін болдым да, Испанияға кет­тім…
Қысқасын айтқанда, Сәкеңнің жанында жүріп Қазақстанның өткен тарихымен, оның ішінде жазыла бермейтін жайт­тармен біраз таныс болдым. Сәкеңнен «Сізді екі рет қызметіңізден босат­ты, осы жағдайлар туралы әркім әртүрлі айтады» деп сұрағанымда, ол маған былай еді:
– Мені алғашқы қызметімнен (ҚазССР Ғылым Академиясы Философия және заң институтының директоры) босатудың тарихы мынадай. Бір күні маған Орталық комитет­те Бөлім бастығы Михаил Иванович Есеналиев телефон соғып, амандық-саулықтан соң мынадай өтініш жасады: «Салық Зиманович, мен сізге бір баланы жіберемін. Сіз соны тәрбиелеп, өзіңізге шәкірт етіп, ғалым дайындап шығарыңыз… Ол қыз бала ЖенПИ-дің Орыс тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген» деді. Мен келістім және «қашан келеді?» деп сұрадым. «Бір-екі күнде барады» деді.
Михаил Иванович айтқан қыз келді. Институт­тың штатын көрсетіп, қызметке алуға бұйрық шығаруды хатшыға тапсырдым. Сондағы айтайын дегенім, әлгі қыздың фамилиясы Қонаева екенін байқамаппын. Хатшы қызым қипақтап, күнде сол қыз туралы бірдеңе айтады. Мен оған да көңіл аудармаппын. Есімде қалғаны: «Әлгі жаңадан келген қыз таңертең жұмысқа қара «Волга» машинасымен келеді… Кешке қара «Волга» алып кет­ті» деген сөздерге «Е-е, ол Михаил Ивановичтің машинасы ғой» дегенмін. Көп ұзамай хатшым: «Әлгі қыз анау Екінші бөлімнен жылап шықты», – деді… «Екінші бөлім» дегені дәліздің қарсы жағында орналасқан КГБ қызметкерлері отыратын кабинет. Олардың бастығы (фамилиясын ұмытып қалдым. Мен істеген кездері Жиенбаев деген жігіт болды) және басқа да жігіт­тер маған «аға» деп құрақ ұшып сәлемдесіп жүретін қызметкерлер еді. Әлгі жайсыз хабарды ести сала жетіп барып: « Не болды, жігіт­тер?» дегенімде, олардың айтқаны мынау: «Аға, сіз қызметке алған қыздың фамилиясына көңіл бөлдіңіз бе? Оның фамилиясы Қонаева… Оған өткен жылы, яғни институт бітірген соң Дінмұхаммед Ахметович фамилиясын берген. Талдықорғанда тұратын бір татар әйелден туған қызы…».
«Онда тұрған не бар, бұл жақсылық емес пе. Дінмұхаммед Ахметовичтің перзенті… Қуанышты жағдай… Қызды неге жылат­тыңдар?» десем, «Дінмұхаммед Ахметовичтің жұбайы Зухра апайдың бір тапсырмасын орындай алмай сорлап отырмыз. Қонаев Талдықорғанға бір барғанында осы қыздың шешесімен бірге үшеуі фотоға түсіпті. Қыз ол кезде 6 әлде 7-класта оқиды екен. Зухра апамыз сол фотоның көзін құрту үшін, алып келіп маған беріңдер деп Шевченкоға (сол кезде Қазақстан КГБ-сының бастығы) тапсырма берген. Ал ол бізге бұйрық берді. Мына қызға біз жалынып жүрміз, «Айналайын, бізге сол фотоның ең болмаса біреуін әкеліп бере ғой» деп. Қыз көнбейді, оның шешесі де бір адуын адам болуы керек… Қыздың жылап кеткені содан, Сәке… Қорыта айтқанда, Сәке, бізге де, сізге де тыныштық керек… Бұл қыз мұнда жүргенде бізге тыныштық болмайды. Оны Мәскеу, Ленинград сияқты бір жаққа аспирант етіп жібермейсіз бе? Сіздің қолыңыздан келеді ғой…» деп олар ағынан жарылды.
Мен жағдайды енді түсіндім. Шынында да, бұл қызды бір жаққа асырып жібермесек, біз проблемадан құтыла алмаспыз деп ойладым да, Мәскеудегі Философия институтына телефон соғып, «бір аспирантымызды алыңыз» деп өтініш жасадым. Ондағы ғалым еврейлер: «Салық Зиманович, сіздің адамыңызды қуанышпен қабылдаймыз» деп жылы сөздердің неше түрін айт­ты…
Көп ұзамай іссапар қаражатын бөліп Раиса Қонаеваны Мәскеуге аспирантураға түсуге жібердім. Алайда ол қыз біраз уақыт­тан кейін аспирантураға түсе алмай қайтып келді. Оның неше түрлі себебі болса керек. Қыз орыс тілі мен әдебиеті мамандығын ЖенПИ-де бітіргендіктен білімі әлсіздеу болған сияқты. Соны пайдаланып, еврейлер оның орнына өз адамын алып алған-ау… Сондықтан мен оны аспирантураға өзіміздің институтқа түсіріп, стипендиясын (100 сом) бекітіп жіберуді жоспарладым. Дәл солай істеп, одан емтихан алып құжат­тарын рет­теп, аспирант етіп Мәскеуге жібердім… Осылай құтылдым… алайда соның нәтижесінде Зухраға айыпты болып шықтым, сол себепті мені Философия және құқық институты директоры қызметінен кетірді…
– Ал қыз диссертациясын қорғады ма? Қазір қайда…
– Қорғап келді. Осы Алматыда бір жерде жұмыс істейді…
– Сіздің орныңызға кім директор болды?
– Менің орныма Орталық комитет­те Ғылым және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып көп жыл қызмет істеген, Отан соғысының ардагері Тоқтағали Жангелдинді әкеліп отырғызды. Оның әйелі сол мен басқарған институт­та аға ғылыми қызметкер Қазиханова Батиш Рахимханқызы деген белгілі ғалым еді…
Зухра Шәріпқызы апаң Т.Жангелдинге қарыздар болатын. 1959 жылы С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиндер ақталып, олардың кітаптары жарық көретін болды. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы алғаш 1926 жылы басылып шыққан нұсқасында Шәріп Ялымовтың революционер большевиктерді атқылап, көлдің суына тастатқаны туралы тарихи мәлімет берілген. Сәкен Сейфулиннің өзін де абақтыға отырғызған. Сәкен одан бір жанашыр адамның көмегі арқасында әрең құтылған. Әйтпесе, Сәкеннің де ажалы сол кезде болатын еді… Сол тарихи оқиғалар жазылған «Тар жол, тайғақ кешу» романының бір тарауы Тоқтағали Жангелдиннің басшылығымен алынып тасталған болатын… Сол әлі күнге дейін толық күйінде жарық көрмей келе жатыр. Ал Шәріп Ялымов болса Зухра апаңның әкесі еді… Осындай қылмысты жасырып қалмағанда халық түгел білетін еді. 1973 жылы Т.Жангелдин қайтыс болған соң директор болып Ж.Әбділдин болғанын өзің білесің… – деп Сәкең бірінші рет директорлық қызмет­тен қалай босағанынан хабар берді…


Біз Сәкеңмен Шамалған стансасындағы бір мектепке кездесуге барып қайт­тық. Дәл осы сапарда мен екінші рет оның Ғылым Академиясының Бас ғылыми хатшы қызметінен қалай босағанын сұрадым:
– Бір күні әлгі Раиса Қонаеваны жылатқан КГБ қызметкері келді де: «Салық Зиманович, мен жаңа ғана Талдықорғаннан келдім. Раиса Қонаеваның шешесі Дінмұхамед Ахметовичке хат жазып жіберді. Сол хат­ты міндет­ті түрде Салық Зимановқа көрсет, содан соң ғана Қонаевтың өзіне апарып бер» деп қатаң тапсырма берді… Мен таң қалдым, алайда әлгі хат­ты оқып шықтым. Бұл хат­та әлгі Раиса Қонаеваның Талдықорғандағы шешесі Дінмұхамед Ахметовичке арнап ауыр сөздер жазыпты. Қысқаша мазмұны мынадай: «Саған Құдай перзент бермей зар жылатып жүргенде, мен жалғыз ұрпағыңды дүниеге әкеліп едім… Сен соны бағаламақ түгілі, қатыныңнан қорқып ешқандай көмек жасай алмадың…. Жалғыз перзентіңе ешқандай жәрдем бере алмай, көлеңкеңнен қорқып жүргенде Зиманов сенің қызыңды кандидат қылып адам қатарына қосты, яғни ғалым етіп шығарды. Сол үшін Салық Зимановичті сенің қатының жұмысынан қуды. Ұят-ай, не деген масқара… Жарайды солай-ақ болсын… Басқа қызмет неге бермейсің? Бүкіл Қазақ­станды билеп отырып, сенің қызыңды адам қылған Зимановқа қызмет берсең қайтеді? Әлде Қазақстанда қызмет құрып қалды ма… Сен үшін мен ұялып кірерге тесік таппай отырмын…». Хат­ты күтіп отырған жігітке қайтып бердім. Ол сонда: «Мен енді осы хат­ты қазір Шевченкоға апарып беремін. Ол Қонаевқа бүгін-ақ жеткізеді. Аға, енді сізге қызмет беріледі, көрерсіз, менің айтқаным дәл келеді» деп шығып кет­ті…
Көп ұзамай Салық Зиманұлы ҚазССР Ғылым Академиясының Бас ғылыми хатшысы деген аса беделді қызметке отырды. Алайда екі жылдан соң (1979) бұл қызмет­тен босатқаны да белгілі… Оның негізгі себебі – күрд халқының өкілі Надировке осы қызмет­ті беру керек болған. Оның үстіне, Зиманов сияқты емес, Қазақстан басшыларының аузына қарап отыратын, өз ойын айт­пайтын адам керек болған тәрізді. Академик Зиманов – Қаныш Сәтбаев сияқты ғылым майталмандарымен қатар жұмыс істеген дарынды іскер ғалым. Ол Академияны да нағыз ғалым адамша басқарғанды қолдайтын. «Шынын айтқанда, ол Ғылыми хатшы болған жылдары Қазақстан ғылымы қарыштап дамыды» дейді кейбір ақсақалдар… Ондай жағдайда Академия қызметкерлеріне, әрине, тыныштық аз болған. Ал Надиров келген соң тыныштық орнап, «сен тимесең мен тимен» заман орнаған. Оның үстіне, Зимановтың Мәскеу Академиясымен тығыз байланыста болуы біздің өкімет басшыларын секем алдырған сияқты… «Мына түрімен ол Академияның президенті болып кетуі де мүмкін еді» дейтін сол кезде онымен қатар жұмыс істеген қариялар.
Жетпісінші жылдары күрд халқын көтермелеу, сол арқылы өзге мұсылман елдерін құлату жоспарына Батыс Еуропа мен АҚШ білек сыбана кіріскен еді. Сондай саясат­ты кеңес өкіметі басшылары да қызу қолдады. Мысалы, Түркияда күрдтер апта сайын жарылыс жасап жат­ты. Оларға Калашников автоматынан бастап неше түрлі қару-жарақпен қамтамасыз еткен КСРО болды. Кеңес Одағындағы күрдтерді көтермелеп, қамқорлық жасау барлық одақтас республикалар басшыларына жүктелді. Алайда Қазақстаннан басқа республика басшылары бұл бұйрықты орындаған жоқ. Керісінше, олар күрдтерді әртүрлі жолмен қуғынға ұшырат­ты. Ал Қонаев КСРО басшыларының бұйрығын артығымен орындады. Ол Алматы қаласы мен оның айналасына күрдтерді көптеп көшіріп әкелді. Мысалы, қала іргесіндегі «Жаңа тұрмыс», «Қоян құс» секілді екі ауылға орналастырып, оларға жер, үй берді. Қонаевтың Надировке жасаған жақсылығы – күрдтерге көрсеткен қамқорлығының бір пұшпағы ғана еді…
Д.А.Қонаев қайтыс болғанда С.Зиманов көңіл айтуға барыпты. Соған қат­ты қуанған Асқар Қонаев жік-жап­пар болғаны соншалық, көп алғыс айтып: «Сіз, Салық Зиманович, екі рет қызметіңізден босатылып, жәбір көргеніңізде ешқандай шағым айтпай, ғылыми қызметіңізді жалғастыра бердіңіз. Көптеген ғалымдар мен қызметкерлер Андроповтың тұсында неше түрлі шағым айт­ты. Сізде ондай әрекет болған жоқ. Сіз нағыз ғалымсыз, нағыз азаматсыз!» деп риза болғанын біз Сәкеңнің өз аузынан естідік…
М.Құл-Мұхаммед мырза Қонаев пен Зимановтың ара қатынасы өте жақсы болғанын, бірін-бірі ерекше құрмет­тегені туралы жазыпты. Ел аузындағы әңгіме бұған мүлде кереғар. Қазақтың біртуар азаматы Әди Шәріповтің: «То, что позволяют себе Кунаевы, не позволили даже себе Романовы» деген қанат­ты сөзі сол заманда айтылып, ел арасында тез тарап кеткен еді… Қонаевтан өгейлік көрген жалғыз С.Зиманов емес, қазақтың аса талант­ты атақты адамдарының кейбіреулері – Ә.Шәріпов, Қ.Сәтбаев, Е.Бөкетов, Т.Тәжібаев, С.Кенжебаев, М.Сужиков, Қ.Бегалиев, т.б. Кейінгі үшеуі – Қазақстан басшылығына Қонаевпен бірге үміткер болғандар.
КСРО басшыларының Қазақстандағы саясаты бойынша Бірінші хатшы болып тек орыс ұлтының өкілі, әйтпесе республикадағы аз ұлт­тың өкілі ғана тағайындалуы керек еді. «Қайткенде де қазақтан басшы қоймау» деген саясат қат­ты қадағаланды. Юсупов басшы болғанда, ұйғырлар 100 мыңға да жетпейтін еді. Ал Қонаев республика тізгінін ұстағанда, татар ағайындардың саны 200 мыңға жуық еді. Қонаев төлқұжатына ұлты қазақ деп 1962 жылдан бастап жаздырған. Сондықтан Назарбаевқа дейін Қазақстанның бірінші басшысы да, екінші басшысы да қазақ болған жоқ. Қазақстанның 1946-1953 жылдары бірінші басшысы болған қазақ жалғыз Шаяхметов еді. Көпшіліктің күдігі сейілсін дегендей, ғаламтордағы уикипедияның өзіне Қонаевтың руы Ысты екенін баса жазыпты.
Өзімен бірге Қазақстанның басшылығына талапкер болған С.Кенжебаев, М.Сужиков, Қ.Бегалиевтерді Қонаев ақсақал кейін қызмет бермей, қуғын көрсеткені туралы талай жазылды. Ең көп қудаланған С.Кенжебаев 2018 жылы қайтыс болды.
Аса үлкен қызмет­терде болған Қойшыманов, Бектұрғанов деген азамат­тардың жұбайлары Зухра апаның туыстары болғаны да – тарихи шындық. Айтпақшы, Қонаевқа талай жерде қамқорлық жасап, қызметін көтеріп кеткен Шаяхметовтің жұбайы да татар қызы еді… Д.Қонаевтың туған бөлесі Рашида шешеміз біздің ағайынымыз – хирург, ғылым докторы, профессор Естөре Оразақовтың жұбайы еді. Біз сондықтан Қонаевтар әулетіне қатысты біраз шындықты білеміз… Рашида шешеміз 2012 жылы 93 жасында қайтыс болды…
Қонаев ақсақалдың Қазақстандағы ұсақ ұлт­тарға көп жәрдем бергені белгілі. Мысалы, кәрістер. Олардың Қызылордадан газетін де, театрын да Алматыға көшіріп әкелді. И.Л. Ким көп жылдар бойы қаржы министрі қызметін атқарды. Өзбекстанда да кәрістердің саны аз болған жоқ. Олардың арасында тіпті күріш егуден рекорд жасап, екі рет Социалистік еңбек ері болған азамат­тар шықты. Алайда оларға Қонаев сияқты әкелік қамқорлық жасалған жоқ.
Мына бір оқиғаны еске алайық: Нұрымбек Жандилдин (1918-1990) – Қазақстан ғылымы мен біліміне көп еңбек сіңірген қайраткер, философия ғылымының докторы, профессор, ҚазССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 1957-65 жылдары Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшысы, 1967-76 жылдары Шет тілдер институтының ректоры болған адам. Нұрекең хатшы болып тұрғанда қаржы министрі И.Л.Ким онымен, әрине, жақсы қатынаста болған. Ал хатшылықтан кетіп, институт ректоры болып жүргенде оны менсінбей, оқу орнына бөлінген бір қаржыны бермей қояды… Соған ашуланған Н.Жандилдин И.Л. Кимге: «Сені осынша құтыртып, тайраңдатып қойған – Қонаев. Хатшы болып тұрғанымда маған ерекше сый-құрметпен қараушы едің… Енді басқаша қарайтын болдың. Сенің Қазақстан бойынша жасаған қылмыстарың да жетіп артылады… Қазақстандағы 15 облыстың 12 облысының қаржы басқармасына кәріс жігіт­терді отырғыздың. Сондай қылықтың оннан бірін қазақ істесе сот­талып кетер еді. Сені осынша еркелетіп отырған – Қонаев…» деп неше түрлі қылмыстарын айтқаны тарихи шындық. Біз осы жерде жоғарыда берілген Әди Шәріповтің Қонаев туралы сөзін еріксіз еске түсіреміз.
Қонаев ақсақал туралы сөз болғанда, Ғылым Академиясына қатысты бір жайт­ты айтпай кете алмаймыз. Ол – Байдабек Ахметұлы Төлепбаев туралы…1984 жылдың көктемінде Андропов қайтыс болып, оның орнына Черненко отырған бойда Қонаев академик Төлепбаевты Академияның вице-президенті және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры қызметінен бір күнде алып тастады. 1985 жылы Ш.Уәлихановтың ЮНЕСКО дәрежесінде тойланатын 150 жылдық мерейтойына арнап ұлы ғалымның 5 томдық мұрасын дайындап, басқа да іс-шараларды қызу басқарып жатқанда Байдабек Ахметұлын жұмыстан қуғаны шын мәнінде өрескел оқиға болды. Кейінірек мемлекет басына Горбачев келгенде жұмыссыз қалдырған Төлепбаевты Орталық комитет институтына директор етіп отырғыза қойды. Қонаевтың осылай адам тағдырымен қалай болса солай ойнаған сәт­терін көпшілік біле бермейді…
Қазақстанды 25 жылға жуық басқар­ған Қонаевтың кадрлары ішінде екі адамға еріксіз бас иеміз. Олар – Асанбай Асқаров пен Дүйсетай Бекежанов. Осы екі азамат­тың өз халқына, яғни қазаққа жанашырлығы болмағанда біз бәрінен мақұрым қалатын едік. Оларды ұлтшыл деп, рушыл деп неше түрлі жаламен айыптағанын білеміз. Егемендікке қол жеткелі А.Асқаровтың еңбегі бағаланып, әрбір мерейтойы Қазақстанда кеңінен тойланып жатыр. Өте жақсы. Алайда Дүйсетай Бекежановты көп жақсылығын көрген жерлестері де, бүгінгі қазақ елі де ұмытып барады. Не деген аянышты жағдай! Қонаевқа айтылып жүрген мадақтың үлкен бөлігі осы азаматқа арналса жақсы болар еді-ау…

Самат ӨТЕНИЯЗОВ

«Қазақ әдебиеті»

13.01.2023

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button