Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандары толық ақталады

АСТАНА. 23 қыркүйек. Қазақстанда әр жылдары билік тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған саяси қайраткерлердің бәрі толық ақталатын болды. Бұл туралы Baq.kz хабарлады.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы жарлыққа қол қойды.

Жарлықтың жобасында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қалай құрылатыны айтылған.

Қоғамдық талқылауға «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлық жобасы шықты.

Мемлекеттік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау;

2) саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау үшін заң жобаларын және өзге де заңға тәуелді актілерді әзірлеу жөнінде Үкіметке ұсыныстар әзірлеу және енгізу;

3) жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге, өмірі мен бас бостандығынан айыруға, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуге, елден шығаруға және саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де қатыстылығы бойынша құқықтар мен бостандықтары өзге де шектеулерге ұшыраған тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын анықтау;

4) Қазақстанда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындау, оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттары.

Комиссия төрағасы мемлекеттік хатшы болады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, 2020 жылы мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия құруға бұйрық берген болатын.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button