Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Медицина ғылымын бағалаудың түбегейлі жаңа векторы белгіленді

АСТАНА. 13 ақпан. Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми-техникалық кеңесінің өткен отырысында медицина ғылымын бағалаудың түбегейлі жаңа векторы айқындалды. Бұл туралы министрлік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Негізгі сын-тегеурін айқын – ұзақ жылдар бойы зерттелетін бағыттар және дәрігерлер мен пациенттерге нақты қажеттіліктердің арасындағы алшақтық сақталып келеді. Ғылыми нәтижелер практикалық денсаулық сақтау саласына тым сирек енгізіледі, демек, білімді трансферлеу жүйесі жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істемейді», – деп жазды осыған орай Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

«Біз сәттілік жарияланымдар санымен және ресми көрсеткіштермен өлшенетін логикадан алшақтаймыз», – деп атап көрсетті ведомство басшысы.

Мемлекет қаражатты есеп беру үшін емес, ауруханалар мен емханалардағы нақты өзгерістер үшін инвестициялайды. Егер әзірлеме пациентке жетпесе, бұл басқару механизмдерін қайта қарау қажеттілігі туралы тікелей дабыл болуға тиіс.

«Ғылыми-техникалық кеңес пікірталас алаңы емес, ғалымдар мен практиктерді біріктірудің жұмыс құралы болуы керек. Әрбір бағдарлама үш өлшенетін параметр арқылы қарастырылады – қолдану мүмкіндігі, енгізу мерзімі, денсаулық сақтау жүйесіне экономикалық әсер», – деп баяндады Ақмарал Шәріпбайқызы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта негізгі бағыттар бойынша  – онкология, инфекциялық және биологиялық қауіпсіздік, ана мен бала, созылмалы аурулардың алдын алу, дербестендірілген медицина сияқты тоғыз ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда. Олардың барлығы ағымдағы жылы аяқталады және нәтижелерді ресми бағалаудан гөрі қолданбалы бағалаудан өтеді.

2026 жылы медициналық технологияларды нарыққа шығаруды жеделдетуге мүмкіндік беретін салалық эндаумент-қорды іске қосу жоспарлануда. Сонымен бірге биомедициналық және клиникалық зерттеулердің сапасына, деректердің дұрыстығына және жобаларды іске асыру мерзімдерінің сақталуына қойылатын талаптар күшейтілетін болады.

Ғылыми бағдарламаларды басқарудың ашықтығын қамтамасыз ететін жасанды интеллект және цифрлық мониторинг құралдары қосымша енгізілуде.

Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы ғылым пациент пен жүйеге өлшенетін пайда әкелуі керек. Дәл осы қағида министрліктің одан әрі жұмыс істеуінің негізгі бағдарына айналады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button