Кипр Еуроодақтың Беларуське санкция салуына жол бермеді
НИКОСИЯ. 19 қыркүйек. Еуроодақ елдерінің елшілері кездесуінде Кипрдің өкілі Минскіге санкция салуға қарсы вето қойды. Бұл туралы DW хабарлады.
Кипр, сөйтіп, тағы да Еуропалық одақтың Беларуське санкция салуына қарсы шықты.
«Никосия өкілі Еуроодақ елдері тұрақты өкілдері комитетінің жұма, 18 қыркүйек күнінің кешінде Брюссельде өткен отырысында Беларусьті айыптау шаралары жобасына вето қойды», – деп жазады ақпарат құралы.
«Никосияның мұндай қадамы демократияға жат және қуғын-сүргін жасап жатқан Лукашенко режимін қорғауға қызмет етеді», – деді өзінің кім екенін білдіргісі келмеген Еуропа парламентінің депутаты.
Басылым Кипрдің мұндай қадамға баруын Еуропа одағының Жерорта теңізінің шығыстағы даулы суларынан мұнай өндірмекші болып жатқан Түркияға қарсы айыптау шараларын салуына қол жеткізуге ұмтылуы себеп болып отырғанымен түсіндіреді.
Тап сол күні Францияның Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Клеман Бон Кипрді Анкараға қарсы санкция салу мәселесі бойынша қолдайтынын білдірді.