Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Жас әйел күйеуін ұрып өлтірген екі милиционерге ара түсті

ТАШКЕНТ. 19 қыркүйек. Өзбекстанның Қашқадария облысында бір келіншек сот залында өзінің күйеуін өлгенше ұрған екі милиционерді құлып астынан босатып жіберуді сұрады. Бұл туралы Central.uz хабарлады.

Оқиға 16 қыркүйек күні Қашқадария облыстық сотында 32 жастағы Юсуф Абдурахмановты ұрып өлтірді деген айып тағылған Чирақчи аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Нурбек Овлаев пен Анвар Джонкобиловтың қылмыстық істерін қарауға арналған сот отырысы барысында орын алды.

«Мен олардың балалары туралы ойлаймын. Олардың әйелдері де бар. Сегіз ай бойы еңірегеннен етегім толды. Басымнан ненің өткенін білемін. Сондықтан мен мұндай жағдайды дұшпанымның басына да тілемеймін. Мен олардың балаларының күн сайын: «Әкем қайда, әкем қайда» деп сұрайтынын да естідім. Менің балаларым әкелерін жоғалтты. Олар әке мейіріміне зәру. Бұлардың балалары да солай әкелерін күтіп жүр. Қазір аналары да басылып қалған. Жақсысы, Құдай бар, бұл қылмыскерлерді сол Құдай өзі жазалайды. Біздің президентіміз қазір қаншама адамның қылмысын кешіріп жатыр. Ендеше, мен неге екі адамға кешірім бере алмаймын?», – деді марқұмның жесірі Гузаль Абдиева.

Жас әйел сол жерде судьядан сотталып жатқандарды құлып астынан босатып жіберуді сұрады. «Бұлар енді 50 жылдан жаза алса да, менің күйеуім тіріліп келмейді», – деді ол.

Аталмыш іс бойынша сот процесі Өзбекстан Жоғарғы сотының судьясы К. Толлибоевтың төрағалығымен өтіп жатыр.

Юсуф Абдурахманов биылғы жылдың қаңтар айында мал ұрлады деген күдікпен ұсталып, Қашқадария облысындағы Чирақчи аудандық ішкі істер бөліміне әкелінеді. Келесі күні ол аудандық милиция бөлімінде алған соққыларының салдарынан жантәсілім етеді.

Еске сала кетейік, тап осындай жағдай биылғы жазда Әндіжан қаласында да орын алды. Онда 11 маусым күні 32 жастағы ер кісі қайтыс болды. Ол азаптау кезінде денесіне түскен жарақаттардың салдарынан 30 мамырда кома жағдайына түсіп, облыстық ішкі істер департаментінің №4 қылмыстық істер басқармасы ішкі істер бөлімінің ауруханасына жеткізіледі.

Маусым айында өткен селекторлық кеңес барысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияёв Әндіжанда орын алған азаптаушылыққа ішкі істер министрлігі басшылығын кінәлі деп атап көрсетті.

«Неге қылмысты жедел іздестіру мен тергеуді бақылауға жауапты прокурорлар мен ішкі істер министрлігі неге өз кінәларын мойындарына алмайды? Неге сіздер азаптаушылыққа жол берген қызметкерлеріңіздің біліктілігін арттыра алмағандарыңыз, оларға заңмен жұмыс істеп, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйретпегендеріңіз үшін халықтан кешірім сұрамайсыздар? Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қай жүйенің немесе аймақтық құрылымның басшысы нақты жоспар немесе бағдарлама жасады? Өкінішке орай, сіздердің енжарлықтарыңыз бен білімсіздіктеріңізден біздің реформамыз дұрыс жүзеге аспай жатыр», – деді Мирзиёев.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button