Актер Ефремов 8 жылға бас бостандығынан айрылды
МӘСКЕУ. 8 қыркүйек. Мәскеудің Пресня ауданының соты қаланың ортасында мас күйде соңы кісі өліміне апарған жол-көлік оқиғасын жасаған актер Михаил Ефремовті сегіз жылға жалпы режимдегі колонияда отыру жазасына кесті. Бұл туралы Interfax.ru хабарлады.
«Сот Ефремовтің түзеуі оның тек қоғамнан оқшауландырылуы арқылы ғана мүмкін болады деп есептейді» – делінген судья Елена Абрамованың үкімінде. Осылайша, сот актерге шартты жаза беру мүмкіндігін қарастырған жоқ.
«Интерфакс» тілшісі хабарлағандай, актер үкім оқылғаннан кейін сот залында қамауға алынған. Осы кезге дейін ол үй қамақта болып келген еді. Үкім өзінің заңды күшіне енгенге дейін актер уақытша оқшаулағышта отыратын болады.
Үкімге сәйкес, әртіс сондай-ақ түрмеден шыққаннан кейін үш жыл көлік айдау құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, сот жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Сергей Захаровтың үлкен ұлы Виталий Захаровтың талап-арызын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 800 мың рубль көлемінде өтемақы белгіледі. Ол соттан 7,3 млн рубль сұраған болатын.
Ефремов үкім оқылып болғаннан кейін оған ешқандай пікір мен көңіл күй ауанын білдірген жоқ.
Актерге қолдау көрсету үшін сот залына жұбайы Софья, қызы Анастасия, сондай-ақ Гарик Сукачев, Иван Охлобыстин, Дмитрий Быков секілді достары келді.
«Зардап шегушілер әртіске шығарылған үкімге қатысты аппеляциялық шағым бермейді», – деді адвокат Анна Бутырина портал тілшісіне.
Мемлекеттік айыптаушы актерді 11 жылға соттауды сұраған еді.
Ефремовтің қатысуымен жасалған жол-көлік оқиғасы биылғы 8 маусым күні Мәскеудегі Бақ шеңберінде орын алған. Актердің көлігі көшеде келе жатып, қарсы бетке шығып кетті де, бір фургонмен бетпе-бет соғысты. Соның салдарынан алған жарақатынан қарсы машинадағы жүргізуші Сергей Захаров жантәсілім етті. Апат жасаған кезінде әртіс удай мас болған.