Кісі өліміне себепші Ефремовке ресми айып тағылды
МӘСКЕУ. 3 тамыз. Бір адамның өмірін жұлып кеткен жол-көлік оқиғасын жасаған ресейлік актер Михаил Ефремовке апат дерегі бойынша айып тағылды. Бұл туралы dni.ru хабарлады.
Әңгіме биылғы жылғы 8 шілдеде белгілі актер Михаил Олегович Ефремовтің адам өліміне алып барған жол-көлік оқиғасының орын алуына себепкер болғаны туралы қозғалып отыр. Ол мас күйінде өзінің джипі руліне отырып, көшенің қарсы бетіндегі фургонға барып соққан. Бұған қоса, есірткі пайдаланғаны да анықталған. Апат нәтижесінде қарсы көліктің жүргізушісі Сергей Захаров оқиғадан соң қайтыс болды.
Содан бері Ефремов үйқамақта отырған. Оған смартфон ұстауға, интернетті пайдалануға тыйым салынған.
Енді оған авария жасағаны жөнінде ресми түрде айып тағылды.
Актердің адвокаты Эльман Пашаевтың айтуынша, айыптауларға ешқандай жаңа тармақ қосылмаған, бастапқы қалпында қалған. Ол сонымен бірге актердің бұл апатқа кінәлі екенін мойындаудан бас тартқанын мәлімдеді. Ал бұдан бұрын әртіс қаза тапқан ер кісінің әйелі мен туыстарынан видеожазба арқылы кешірім сұраған болатын. Сол сюжет әлеуметтік желілерде жарияланған. Бірақ мұның енді принципті құны жоқ.