Бақ та, бап та емес, «блат» шапқан заман болып тұр
Соңғы күндері әлеуметтік желіде биылғы жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың іріктеліп, екінші кезеңге өтуі жайында кеңінен талқыланып жатыр екен. Бұл – өте жақсы құбылыс. Біріншіден, ол қоғамның мұндай маңызды мәселеден шеткері қалмай отырған белсенділігін көрсетеді. Екіншіден, біздің оқырмандарымыздың әдебиет пен өнер төңірегінде білігі мен өзіндік пікірлері бар екенін байқатады.
Біз де осы тақырыпта жазылған бірер жазбаны (пост) оқып үлгеріп қалдық. Бірақ дер кезінде оларға үн қосып, ой білдіруге мұршамыз бола қоймады. Сонда да болса, айтылып жатқан толғамдардың біздің де көптен бері көкейімізде жүрген керуен ойларымызды қозғап кеткені рас.
Бір өкініштісі, осыған қатысты өз тұжырымдарын білдіріп жатқан азаматтардың көпшілігі не өзі жақсы танитын, араласып жүрген, не атына сырттай қанық қаламгерлердің туындыларына қатысты ғана пікір байқастырып жатыр екен. Дегенмен, көпшілігінің сол өздері сөз етіп отырған шығармалардың өзінің ырғасын толық біле қоймайтындары, бір парасы «мата атымен бөз өтедінің» кебімен гәп шертіп отырғандары аңғарылып қалады.
Ал мен осында өз басым Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деп есептеп жүрген жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» атпен 2018 жылдың соңында кітап жүзінде жарыққа шыққан екі су жаңа романының (бірі роман-элегия, екіншісі роман-әфсана) бірінші іріктеу сынағынан өтпей қалғанына қатты өкініп отырмын. Мәселе Жолтайдың менің университеттің бір факультетінде, бір курсында, бір тобында бірге оқыған курстасым болғандығынан емес. Сол курстасым екендігінен шығар, оның сонау студенттік күндерден бергі жазған дүниелерінің көпшілігінің жазылу машақаты мен шеберлік деңгейінің қалай өсіп келе жатқанынан хабарым бар. Бүгінде сол Жөкең нағыз кемеліне келген қаламгер атанып отыр. Жоғары курс оқып жүрген кезімізде «Біздің команда» атты балаларға арналған кітабымен әдебиеттің ауылы табалдырығынан аттаған досымыз бертінде келе өзінің сан қырлы жанрда жаза беретін жазушы екенін толық танытып шықты. Соның арқасында бүгінде оқырман қауым оны балалар жазушысы, прозаик, драматург, публицист және әдебиеттанушы деп біледі. Осы айтылғандардың қай-қайсысы бойынша да оның қадау-қадау еңбектері бар, барлығы да баспа жүзінен жарық көрген.
Жолтай соңғы жылдары өзін, әсіресе, прозаик әрі драматург есебінде қалың оқырман қауымға кеңінен танытып келе жатыр. Ол жазушы болғанда да, жай жазушы емес, ол қазақ прозасында эпикалық жанрда шығарма жазуды жалғастырып келе жатқан біздің сирек қаламгерлеріміздің бірі. Бұл тұрғыда оның «Күлкі мен көз жасы» атты тақырыптың аясынан шығатын романдар сериясын мен өз басым қазақ әдебиетінің кейінгі кездердегі татымды табыстарының бірі деп есептеймін. Жөкеңнің бұл тақырыпқа студент кезінен келіп, ақырын іздене бастағанын мен өте жақсы білемін. Себебі, бұл оның «ақ қашып, қызыл қуған» заманда өз ата-бабалары бастан кешкен оқиғаларының желісінен құралатын еді. Нәлібай байдың ұрпағы ақыры солардың аманатын елге жеткізетін тәсілді тапты. Қолынан қаламы түспейтін ол осының арқасында жылдар өте келе осы тақырыпты тереңінен қаузап, тұтас бір дәуірдің суретін жасап шығарды.
Міне, осы шығарма Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығына 2010 жылы ұсынылды. Бірақ айтылып отырған сыйлыққа қол жеткізе алмай қалды. Сонда ішім бір удай ашып еді. Осы жолы тағы да тап сондай кепті бастан кешіп отырмын. Енді қазіргі заманғы әлемдік әдебиеттің үлгісімен жазылған «Олигарх және Олимп» және «Интерадам» романдары да алдыңғының жолын құшты. Осы жерде айтып қояйын, Жолтай шынында да үлкен ізденіс үстінде келе жатыр. Мұны оның проза ғана емес, драматургия саласында да жазған кейінгі туындылары айқын аңғартады. Жалпы, бізде қазіргі заманғы Батыс әдебиетінің ықпалында қалам тарта бастаған алғашқы жазушы Дүкенбай Досжанов ағамыз болып еді. Оның сол туындыларының бәрі кезінде «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Одан кейін сондай тың түренді Жолтай тартты. Алайда, оны байқап, пайымдап жүрген тағы бір әдеби сыншы жоқ.
Мені бір қатты таң қалдыратыны, бізде тәуелсіздік жылдарында Мемлекеттік сыйлықты тағайындауға деген көзқарас пен пайым қатты өзгеріп кеткен екен. Соның салдарынан оған нағыз лайықты шығармалар шет қалып, кімнің биліктің жоғары эшалонында қолдаушылары мен жақтастары көп, – солардың наны жүріп кететін заман туыпты. Қазір расында бәйге аттарына қарата айтылатын бақ та, бап та емес, тамыр-таныстықтың тегеуріні шабатын кезең келген. Соның салдарынан қазірдің өзінде биылғы жылы қай туындылардың Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғалы тұрғаны белгілі болып қалған сияқты. Баяғы Шерхан Мұртазаның «Қара маржан», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – Жер жәннаты», Әнес Сарайдың «Еділ-Жайық», Баққожа Мұқаидың «Өмірзая» романдарының заманы келмеске кеткен.
Мұның бәрі Мемлекеттік сыйлықты белгілеудің де «Бұл той – той болмады, бала-шаға жеп кетті» дегеннің кебін құшып жүргені болып көрінеді. Олай дейтініміз, бүгінде жоғары жақта әдебиетке жаны ашып жүрген, әдебиеттің дамуы жайында толғанып жүрген бірде-бір адам жоқ секілді. Соның салдарынан кейінгі жылдары сыйлық үлестіруде небір абсурд жағдайлар орын алып жатыр. Мысалы, 2010 жылғы сыйлықта бірде-бір таза әдеби туынды бұл тартуға қол жеткізе алған жоқ. Мұның орнына «Менің Қазақстаным» әнінің авторлары ғана лауреат атанды. Егер бұларға қоса әдеби кітаптарға да сыйлық берілгенде, ол өзінің миссиясын толық ақтаған болар еді. Бірақ олай етілмеді. Соның салдарынан жоғарыда айтылған «Күлкі мен көзі жасынан» бөлек, Қытайда тұратын, бүкіл өмірін түрмеде өткізген қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының 4 томдық «Қылмыс» атты эпопеясы мүлдем ескерусіз кетті.
Келесі абсурд бұдан екі жыл бұрын, 2018 жылғы сыйлықты тағайындау кезінде орын алды. Онда бір емес, үш бірдей ақынға сыйлық беріліп кетті де, проза мен драматургия тағы да әсте ескерілмей қалды. Ал сол жолы қара сөзде сол сыйлыққа лайықты туындылар баршылық еді. Мәселен, жазушы Мархабат Байғұтовтың лауреат атанатындай реті бар-тын…
Енді осы жолы да тап сондай абсурд орын алғалы тұрған сияқты. Барлаушылар мен байыпшылардың пайымынша, бәйгеден бірінші болып келгелі тұрған туындының тіпті «әдебиетке де, өнерге де, сәулетке де» мүлде қатысы жоқ. Ол – ғылыми еңбек. Ал ғылыми еңбек үшін Білім және ғылым министрлігінің арнайы сыйлығы бар. Сондықтан бұл еңбек сонда ұсынылуы керек еді. Бірақ онда ұсынбаған. Себебі, ашқан ғылыми жаңалығы жоқ болуына байланысты бұған онда «нан» жоқ. Ал мына жер – нағыз «май шелпек», мұнда «бармақ басты, көз қыстымен» өтіп кете береді. Комиссия мүшелері арасында сөзіңді жерге тастамайтын таныстарың көп болса жетіп жатыр.
Мұнда тіпті Үкіметтің 2007 жылғы қыркүйекте қабылданған «Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы туралы» Ережесі де ойнамай қалады. Егер «ойнаса», ол сонда атап көрсетілгендей, 10 номинация бойынша екі жылда бір рет сыйлық тағайындап, тиісті жанрлар бойынша белгілеп отырған болар еді. Тек лайықты шығармалар болмай қалған кезде ғана жүлдені қалыс қалдыруға болатын шығар.
Осы орайда мен Байбота Қошым-Ноғай досымның осы сыйлықтарға қатысты айтқан тұжырымдарына толық қосыламын. Оның айтуынша, 1984 жылдан (кеңес кезеңінен) бері бірде-бір рет балалар әдебиеті бойынша мемлекеттік сыйлық берілмеген екен! Шынында бұл масқара тірлік қой. Әр жолы болмағанмен, ара аралатып, сол сыйлықты беріп тұруға не кедергі келтірді екен? Әрине, жоғарыда айтылып отырған «блат» мұның бәріне кінәлі. Комиссия мүшелері тиісті адамдарын тиісті сыйлықтан құр алақан қалдырмау үшін балалар әдебиетін қырық жылға уақыттан бері осылай «шөміштен» қысып келген! Сол бардақ жаңа президенттің тұсында да бұрынғысынша жалғасып жатыр! («Құтты болсын»). Бұрын Президенттің алдына бір кіріп шыққан жазушы сыйлық ала беретін еді, енді одан да төменгілер мәселе шеше беретін болып кеткенге ұқсайды.
Ал жоғарыда айтылған Ережеде әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша (мұнда «ғылым» деген тіпті ишара да жоқ) 10 аталымға дейін сыйлық беріліп тұратыны айтылған. Сонда «байдың асын байғұс қызғанадының» кебін киіп жүрген кімдер? Олай болмаса, әр жолы біріне бірін қоспай, бірімен бірін шатастырмай, бірімен бірін жау етіп қоймай, әдебиет жағынан проза, поэзия, драматургия, балалар әдебиеті, әдеби сын және публицистика салалары бойынша сыйлық беріп отырса, болар еді ғой. Онсыз да бұл сыйлықтарға беріліп келе жатқан қаржылар қазір оншалықты көп те емес, оның мөлшеріндегі ақшаны бүгінде «Нұр Отан» партиясының өзі, көптеген өнеркәсіптік салалар бойынша белгіленген бәйгелер жыл сайын беріп жатыр.
Бір ғажабы, бірінші іріктеу турының отырысында тіпті, емге не көз алдауға керек болса да, келіп түскен туындыларды талдап, баға беру рәсімі өтікізілмеген. Комиссия мүшелері отыра қалып, бірден дауыс беріп шыққан. (Мұндай жерде әділдіктің қол жайып, қоңыз теріп кететіні айтаса да түсінікті шығар).
Бұдан шығатын қорытынды: Авгийдің ат қорасын жақсылап тазарту керек!
Олай болмай, бүкіл қоғамдағы сияқты бұл салада да ешқашан әділдік пен тазалық орнамайды. Үздік туындылар ешқашан өзінің лайықты бағасын ала алмайды. Әдебиет өркендемейді.
Серік ПІРНАЗАР