Футбол. Қазақстан Вильнюсте Литваны 2:0 етіп ұтты
ВИЛЬНЮС. 4 қыркүйек. Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы кубогы үшін жарыста Вильнюсте Литва командасымен кездесіп, алаң иелерін 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қазақстан футболшылары 3-минутта есеп ашып, алға шықты. Ол айып алаңы ішінде Бауыржан Исламханның берген добын Бахтиер Зайнутдиновтің баспен ұрып, қақпаға дәл түсіруі арқылы жасалды. Ал ойынның 30-минутында жарақат алып қалған Бахтиердің орнына алаңғы Максим Федин шықты.
Матчтың бірінші таймында қазақстандықтардың басымдығы байқалып тұрды. Осы тұста есепті ұлғайтудың бірнеше мүмкіндігі болды.
Екінші таймда литван футболшылары біршама белсенділік көрсетті. Бірақ олар біздің қақпаға тікелей қауіп төндіре алған жоқ. Мұның есесіне қазақстандықтар шабуылы сәт сайын қауіпті бола түсті. Оның соңғы нүктесін 82-минутта Юрий Перцухтың орнына шыққан Исламбек Қуат қойып берді.
Сөйтіп, Қазақстан құрамасы қонақта 2:0 есебімен жеңіп, алғашқы 3 ұпайына ие болды. Енді біздің футболшылар 7 қыркүйек күні Алматыда Беларусь командасын қабылдайды. Олар түскен С тобында тағы Албания командасы да бар.
Биылғы жылғы турнир кеше басталды. Онда мынадай нәтижелер тіркелді: Украина – Швейцария 2:1, Германия – Испания 1:1, Түркия – Венгрия 0:1, Финляндия – Уэльс 0:1, Болгария – Ирландия 1:1, Ресей – Сербия 3:1, Словения – Грекия 0:0, Молдова – Косово 1:1, Фарер аралдары – Мальта 3:2.
Бүгін түнде тағы Нидерланд – Польша, Италия – Босния және Герцеговина, Словакия – Чехия, Румыния – Солтүстік Ирландия, Шотландия – Израиль, Беларусь – Албания ұшырасады.