Тынымбай Нұрмағанбетов – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АСТАНА. 8 желтоқсан. Бүгін Президент қол қойған қаулыға сәйкес, бір топ қаламгерлермен бірге жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Мемлекеттік сыйлықты кімдердің алғаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2020 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы» қаулысынан кейін белгілі болды.
Біздің жарияға жар салып, Тынымбай Нұрмағанбетовтің лауреат атанғанын айтып тұрғанымыз: Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның бұған дейінгі іріктеуінде қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі классик жазушысының есімі жоқ еді. Кейін өзінен өзі қосыла салмағаны да белгілі. Демек, оны Президенттің өзі қосып отыр.
Ал әлеуметтік желіде Тынымбай Нұрмағанбетовтің бұл қатардан көрінбей қалуына ашу-ыза білдірген оқырмандар өте-мөте көп болды. Шынында да тап осы жолы мына тізімде оның болмай қалуы Мемлекеттік сыйлықтың құнын тобыққа дейін түсіріп жіберер еді. Қалың оқырманның тілегін ұққан Мемлекет басшысы өте дұрыс шешім қабылдаған екен. Атасына мың да бір рахмет!
Сонымен, Мемлекеттік сыйлық алғандар сапында мына қайраткерлер бар:
Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлы, мәдениеттанушы – «Абыз Әбіш» зерттеуі үшін;
Ақсұңқар Серік, ақын – «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін;
Есім Ғарифолла, жазушы – «Ғұлама-наме» трилогиясы үшін;
Жолдасбеков Мырзатай, әдебиеттанушы – «Ұлы Дала әдебиеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін;
Қанапиянов Бақытжан Мұсаханұлы, ақын – «Достояние души» өлеңдер жинағы үшін;
Мұқанова Роза Қажығалымқызы, драматург – «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін;
Нұрмағанбетов Тынымбай Нұрмағанбетұлы, жазушы – «Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін.
Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енгізілді.
Құтты болсын, оқырман қауым!