Қайран жастық, Алматының ақ жауыны сияқты…
Біздің ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітіргенімізге 47 жыл болыпты. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. Қайран жастық, студенттік бал-шырын күндар-ай! Сенің әрбір сәтің жүректе жылы сақталып қалды. Ал, курстастар, қайран достарымның күлкісі өз алдына бөлек әңгіме. Бүгін солардың кейбірін еске алуды жөн көрдім…
Бірге ішіп, бір құлаған кезің қайда,
Жарты құртты бөлісетін сезім қайда.
Қанша ішсең де жығылмайтын төзім қайда,
Қайран достар, қайдасың?
Қайырмасы:
Біз жатақтың жәудіреген аштары едік,
Оразаны «портвеинмен» ашқан едік.
Әз-Жұмахан қайда, Сейітбай қу қайда,
Қайран достар, Қайыркендер қайда екен?
Нұраш, Тыраш, Серік, Дәурен – бұзауларым,
Жүз грамды жұта қалсаң, жүз аунадың.
«Кісі болып» бұл көктемде қыз ауладың,
Қайран достар, қайдасың?
Әлде тарап, әртарапқа кеттіңдер ме?
Милициядан аман-есен өттіңдер ме?
Үйлеріңе жығылмастан жеттіңдер ме?
Қайран достар, қайдасың?
Ор текедей ойнақтаған Оңдасынжан,
Мас болғанда, өш алатын жолдасынан.
Дәуренбектен бір таяқ жеп, ол басылған,
Қайран достар, қайдасың?
ҚазПИ, ЖенПИ еркін жайлап жүрген жерім,
Біз кеткен соң ИнЯз қайтіп күн көреді?
Вахтерларға бос шөлмекті кім береді?
Қайран достар, қайдасың?
Бұл ән біздің курстың әнұраны іспетті еді. Төртінші курсты бітіріп, Алакөлдің маңына екі айлық әскери дайындыққа келген кезімізде бірге оқыған, түрлі себептермен арамызда болмаған достарымызға деген сағыныштан туған жыр жолдары-тын. Оны «Достар, достар» әнінің әуеніне салып айтсаң, тамаша ойнақыланып шыға келеді…
***
Қыздар педагогикалық институтының бір қызы тұрмысқа шығып, біздің курстың барлық бойдақтарын тойға шақырды.
Біз осы бір салтанатты сәтті асыға күттік. Әркім өзінше дайындыққа кірісіп кетті.
Баяғының батырлары шешуші жорыққа шығар алдында қылышын қайрап, найзасын ұштап, алмас қанжарымен сақал-мұртын басады екен. Оңғар Нақыпбаласы сол батырлардың бірінің ұрпағы болса керек, жалаң алмасты екі саусағымен қысып ұстап, сақал-мұртын алып отыр. Сұқ саусағын түкіріктеп, мұртын жібітіп қояды. Еш тітіркенбейді. Бетімді кесіп кетер-ау деген ой мүлдем жоқ. Мен досымның бұл әрекетіне әбден үйреніп қалғанмын. Ал көрмегендер тамашалай қарайды. Оңқаң болса, керіліп, созылып, қайта-қайта алады. Айнаның алдында ұзақ тұрып, бұлшық еттерін бұлтылдатып қояды. Керемет. «Бандыны қуатын Хамит сияқты»…
Мына оқиға тіпті есімнен кетер емес. Оңғар шалбарын өтектеп жатқан. Қайта-қайта басады. Киіп көріп еді, қалтасының төменгі жағының қыртысы онша кетпепті. Досым шалбарын қайта шешуге ерініп, киіп тұрған бойы өтектей салмасы бар ма? Бір кезде жан дауысы шығып, жалма-жан шалбарын шешті. Бөлмеде безек қағып жүгіріп жүр. Оңқаңның қара саны қып-қызыл болып күйіп қалыпты. Міне, батырдың ұрпағы емес деп айтып көр, енді!
Бекзаттар Дінәсілов жалғыз ақ көйлегін жуып, балконға іліп қойған. Енді кепкенін тағатсыздана күтіп отыр. Ермегі – гитарасы. Ол әнді керемет айтады. Ойнамайтын музыкалық аспабы жоқ. Ал қазір гитарасын тыңқылдатып, жаңа бір әуенді шығарумен әлек.
Оңтүстіктік жігітпін,
Өнерім бар аздаған.
Қыздарды мен ұнатамын,
Назданатын аздаған.
Қайырмасы:
Қалдырмай көңілін,
Қыздармен көп жүрдім.
Дон Жуан болып кетсем мен,
Кінәлі емеспін.
Бұл әуенді курстас досымыз Сырым Дақмырзаевтың туған күніне арнап шығарған-ды. Оған беретін сыйлықтың реті келмей, ән тарту еткен болатынбыз.
Бірде Бекзаттар достарымен бірге серуендеп жүрсе, бір жерде той болып жатыр екен. Олар тойды тамашалап, ұзақ қарап тұрады. Бір кезде хор қызындай сызыла келіншек келеді, бірақ, оның бетін ешкім ашпайды. Сол кезде Бекең бұрышта сүйеулі тұрған домбыраны қолына алып, әлгі келіннің бетін әндетіп ашып жібереді. Мұндайда сасатын Бекең бе? «Ата-атаңа бір сәлем, ана-анаңа бір сәлем», тағысын-тағыларға, барлық туыс- жұрағаттарына «мың сәлем» салдырады. Той иесі сұңғақ бойлы, қарлығаштың қанатындай әсем мұртты албырт жігіттің өнеріне, көрсеткен қызметіне әбден риза болып, сый-сияпатын беріп, қадірлі қонағындай күткен екен. Сол тойдағы тапқырлығынан кейін Бекең, осы күнге дейін аттың үстінде…
Ол кезде екінші курста оқитынбыз. Оңтүстік Қазақстан облысының үш ауданын – Мақтаарал, Киров және Жетісайды Өзбекестанға беріп жіберген кез. Жының келеді. Бірақ қолдан келер шара бар ма? Халықты тыныштандыру үшін ала шапанды ағайындар сол аудандарда тұратын қыз-жігіттерді облыс орталығындағы Сырдария педагогикалық институтына көптеп қабылдады. Ал, оған қоса, жыл сайын жүз студент Ресейдің қалаларына оқуға жіберілді. Олардың арасында біздің ауылдастарымыз да көп еді. Үнемі қонаққа шақыратын. Барайық десек кейде сабақ, бірде қаржы мәселесі кедергі болатын. Қысқы каникулдан келген бетіміз. Басымыз қосылып, сыра ішіп, бөсіңкіреп отырғанбыз. Әңгіме Иваново қаласындағы жерлестеріміз жайлы қозғалып, барып қайту керектігі айтылды. Мен баруға тілек білдірген жігіттердің студенттік билеттерін сұрап алдым да, жақын жердегі кассадан ұшаққа билет алдым. Жол-жөнекей орталық поштаға соғып, Серік Әбсаттаровқа, Ивановоға жеделхат жібердім. Қайтып келіп, жігіттерге енді үш күннен соң ұшатынымызды ескерттім. Бәрі қызу, менің сөзімді дүрліге құптағанмен сәлден соң естерінен шығып кетті. Ал Мәскеуге ұшатын күнгі таңғы бесте жігіттерді оята алсамшы. Екі-үш кустасымыз саяхаттан бас тартып, билеттерін де қайта өткізіп үлгеріпті. Әйтеуір, біреудің малақайын, енді біреуінің курткасын, қолғабын, оңды деген киімдерін сұрап, сықиып киініп алдық. Жатақханадағы жігіттер бізді Солтүстік полюске шығарып салғандай болды. Әрең дегенде, Бекзаттар мен Қасымхан Мәуленовті (Ол политехникалық институтта оқитын) ертіп, әуежайға келдім. Бағытымыз – Мәскеу. Онда бізді Секең күтіп алды. Түнгі пойызбен қыздар қалашығы – Ивановоға да жеттік. Жерлестеріміз бізді сарыла күтіп отыр екен. Жүздерінде сағыныш. Достық қауышулар. Олардың бізді сарыла күтулерінің өзіндік себебі де бар-тын. Өйткені, жерлестеріміздің арттарынан іздеп келген бірінші адам ол – біздер едік. Сол күннен бастап, таныс студенттердің барлығы өздеріне каникул жариялады. Бір аптаға созылған той-думан басталды. Олар бізді ең қадірлі қонағындай күтті. Ал қайтар кезімізде жібергілері келмеді. Қимастық сезім, босаған көңілдер. Әуежайда, ұшақтың ішіне кірген соң аңғарыппын, біреудің аппақ қоян бөркі менің басымда кетіпті. Ал Сырымнан қиыла сұрап алған ондатра бөркі басқа бір жігіттің басында. Сонда ғана есіме түсті, кеше кешке сырғанақ тебуге «Текстильшик» стадионына барған екенбіз ғой. Жігіттер маған бүкіл жатақханадан жинап біреудің ақ малақайын, ақ жемпірін, сондай бөкебайын алып берген болатын. Мен айдында қалықтаған ақ шағаладай сол бір мұз айдынында Ресей аруларының арасында ентіге жүгіргенім есме түсті. Өйткені, ол жердің қыздары сырғанауға барған қазақ жігіттерін абайсызда қағып құлатып кетеді екен. Орыс қыздарының мұндай «еркелігінен» соң біздің жігіттер мұз айдынына бармай қойыпты…
Енді бәрі де кеш. Ұшақ ұшуға дайын тұр. Иә, енді Сықаң малақайын сұрап шынымен-ақ жылайтыны сөзсіз… Сол жолғы саяхаттан мен өзімді жігіт сезініп, Гүлбахор – Гүл-гүл көктем есімді өзбек қызына ғашық болып қайттым… Қайран жастық, еркіндіктің символындай!..
Жігіттердің ішіндегі сабырлысы – Нұрмахан Өзбеков. Жастың аты жас қой. Ішіне қызуы сыймай жүргені. Өзіне жарасымды әзілімен «тістелеп» қояды. Қолына домбыраны алып, тарта алмаса да жалпақ даусымен ыңылдайды.
– Әу деген қайдағы бір сығанға да елу тиын бересің ғой, ал біз курстасың емеспіз бе?
Нұрекеңнің мұнысы – ауылдан енді ғана келген досын «сыраханаға түсірмектігі»…
Қайран, Нұрекең, жігіттің сұлтаны еді ғой! Еш артық сөзі болмайтын. Өзіне тән әзілі, еркелігі қатар жүретін. Ол, әсіресе, спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Тіпті, кей күндері футболдың түндегі ойын қорытындысын есіту үшін, таңертеңгі лекцияға кешігіп келетін. Әлем біріншілігінде кімдер топ жаратынын болжап, білгіштермен таласасып жүретін. Ол спорт журналисі болуы керек еді. Бірақ өмір оны ішкі істер саласына әкелді. Сол бір санаулы жылдардың ішінде Мемлекеттік тергеу комитетінің баспасөз хатшысы, ішкі істер органдарының полковнигі болды. Біз университет бітірген соң Орталық партия комитетінің жолдамасымен жаңадан шаңырақ көтерген Жезқазған облысына тарттық. Бағдат, Гүлниса, Мақұлбек, Дәметкен, Мәриям, Нұрмахан және мен. Біздің достығымыз қайта жалғасты. Кустастардың көпшілігі өз-ара отау тігіп, шаңырақ көтеріп қойған-ды. Арасындағы бойдақ Мәриям Танашева екеуміз болатынбыз. Көп ұзамай курстастарымыз пәтер алды. Ал мен бір жарым жылдай қонақ үйде тұрдым. Көңіл-күйімнің болмай жүргенін сезген Нұрекең мен жұбайы Нәпсия мені өз үйлеріне әкеліп, бір бөлмесін босатып берді. Біз бір ата-ананың баласындай болып, тату-тәтті өмір кештік.
Нұрмаханның сонау Жезқазғанда дүниеге келген үлкен ұлы Ғани Өзбеков шет елде білім алып, тамаша жігіт болып өсті. Біраз жылдар Қаржы вице-министрі қызметін атқарды. Қазір қаржы саласының білгір маманы, жоғары лауазымды шенеулік. «Әке көрген оқ жонар», – деген осы болса керек.
***
Ал біздің жігіттердің ішіндегі галустігі ең көбі Жұмахан Сарыбаев еді. Біреуін мойнына іледі де, дүкеннен су жаңа костюм-шалбар сатып алғандай көңіл күйде «Алтынымды» айтып, тойдың қақ ортасынан бір-ақ шығатын. Қайда барса да, өзінің Мойынқұмында, өз аулында жүргендей, емен-еркін сезінетін. Баяғы сал-серілердің соңғы тұяғы сияқты…
Кереуетінің үстінде малдасын құрып, домбырасын құшақтап Берік Шәмшиев отыр. Үнсіз. Қоңқиған мұрнының ұшына ызылдай кеп қонған шыбынды маңғаздана қағып қояды. Кейде оған да ерінеді. Бірде Дәулеткерейдің, одан соң Тәттімбеттің күйлерін нақышына келтіріп, балқи тартады. Өзін үлкен сахнада отырғандай сезінеді. Иә, Берік, Бекзаттар, Оңдасын ҚазҰУ-дің ұлт-аспаптар оркестрі құрамында Қеңес Одағының көптеген қалаларында өнер көрсеткені бар.
Көрші бөлменің қыздары радионың құлағын қайта-тайта бұрайды. Олар сонда ғана домбыра үнінің біздің бөлмеден шығып жатқандығын байқайды. Байқайды да, есіктерін сәл ашып, кішкентай құлақтарын шаштарының арасынан шығарып қояды. Бұл – әуен тыңдаған сыңайлары…
Асығып, аптығып Марат жүр. Бар арманы – кешке дейін аяқталмай қалған әңгімесін бітіру.
– Мені ұмытып кетпеңдер, үшінші қабаттағы оқу залында боламын. Азырақ дүнием бітпей қалып еді. Соны жәукемдеп тастамасам… Оның танымал жазушы атанып, қазақ жазушыларының арасында бірінші болып халықаралық Ханс Андерсен атындағы сыйлықтың иегері атанатынын сол кезде білсекші!
Бүкіл жатақханадағы осы дүрбелеңнен шет қалған – Төкең, Төрегелді Бекниязов қана. Ол тәтті ұйқы құшағында. Тұратын уақыты әлі болған жоқ. Жігіттер лекциядан шаршап-шалдығып қайтқан кезде олармен бірге жағаласып, жуынатын әдеті. Төкең ұйқысын бес жылда әбден қандырған. Жеңгеміздің айтуына қарағанда, курстасымыз бұл күндері екі күнде бір-ақ демалады екен…
Қою қара шашын, қала берді қарлығаштың қанатындай – қияқтай мұртын сипалап, темір тарағымен тарап, бралинін қайта-қайта жаға Исаш, Исахан Ақылбеков отыр. Қолында айнасы. Есіктен біреу-міреу кіре қалса, оны жастығының астына тыға қояды. Мұнысы ұялғаны емес, мазақтамасын дегені. Бөлмеде бірге тұратын және мен сияқты комендантқа білдірмей, жасырын қонақтайтын жігіттер бірігіп, бес сомнан ақша шығарып, «колхоз» ұйымдастырғанбыз. Оған азық-түлік аламыз. Сол «колхоздың» төрағасы – Исаш. Қолында мөрі болмаса да, қалтасында үнемі ұсақ-түйек бақыры жүреді. Екеуміз бір күнге жететін тамақ сатып аламыз да, одан азын-аулақ тиын үнемдейміз. Ол қаржыға «Динамо» стадионына барып, коньки тебеміз. Мен көк айдынның үстінде емен-еркін жүремін. Аздап шыр-көбелек айналамын да. Мұзда құлап қалған қыздарды тұрғызып, мәнерлеп сырғанауды үйретемін. Өздігінен орнында тұра алмайтын Исаханды екі қыз үнемі жетектеп жүреді. Сұлу жігіттің мұндай еркелігіне әлгі қыздар көнумен әлек. Ал, менің досым қыздардың сүйрегеніне мәз. Ақыры Исахан коньки тебуді үйренбей-ақ кетті…
Омпиып Оңдекең, Оңдасын Елубаев отыр. Бір нәрсеге көңілсіз. Тіс жарып, ешкімге сыр ашпайды. Мүмкін, есіне өткен күздегі келеңсіз оқиға түскен шығар. Несі бар, содан бері біраз уақыт өтті. Демек, бұл оқиға тарихи. Ал тарихта болған сәттер ерте ме, кеш пе, бүкіл халыққа аян болары сөзсіз. Демек, енді айта беруге әбден болады. Оңдеке, оған ренжіме…
Оңдасын соңғы жылдарда болған барлық Олимпиадалық ойындарға, әлем чемпионаттарына қатысып, «Егеменге» жарыс барысы жайлы репортаждар жазды. Кейде сол олимпиадашылар арасында теледидардан көрініп қалады. Оны кейбіреулер не жапонның, не жымсық көз қытайдың журналисі деп қалары сөзсіз.. Бірақ мен Оңдекеңді бірден танимын. Танимын да ұялы телефонына соғамын. «Ей, сен мені қалай байқап қойдың?!», – дейді досым қуанышын жасыра алмай.
Оңдасынның елу жылдығына бара алмадым. Ренжіген жоқ. Бірақ кездескен кезімізде: «Бұғының мүйізінен қайнатқан сорпаға шомылдырып, анадан жаңа туғандай күй кешіртейін. Пантасын ішкізіп, құмарыңды бір қандырайын. Әлі де күтемін, кел?», – деді. Ал өзі Алматыға келісімен арнайы қонаққа шақырып, қолдан жасалған керемет пышақ берді. Әдетте дос адамдар бір-біріне пышақ сыйламайды. Ол ырымды жақсы білетін курстасым пышақты бір жерге тығып қояды да, оны маған алдын-ала көрсетеді. Кетер кезімде сол жерден «ұрлап» алуымды өтінді. «Ұмытып кетпе», – деп бірнеше рет ескертіп те қояды. Мұндай сыйлықты мен тірі ұмытармын.
Жігіт ағасы болса да, бала көңілін сақтай білген қайран менің досым, Оңдасынжан!..
Менің курстастарым шетінен өнерлі. Жүрген жерлері қыран-топан, әзіл-күлкі. Осындай сәттердің бірі-тін. Университеттің үлкен ұлт-аспаптар оркестрі концерт қоюда. Залда ине шаншыр орын жоқ. Мұрны қоңқиып Берік, мұрты едірейіп Бекзаттар отыр. Біреу тартып алардай домбыраларын құшақтап алған. Ал сахнаның ең артқы қатарында өзінен де үлкен домбырабасына жармасқан Оңдасын көрінеді. Ол бұрын кәдімгі домбыраны тартатын. Ал бүгін алдына мүлдем жаңа, нән аспапты өңгеріп алған. Көзінде – қара көзілдірік. Өйткені, бір көзінің айналасы Көпеннің көзіндей көкпеңбек. Оңдасынның денесі алып тұлғалы болғанымен, бойы аласадан сәл биіктеу. Сол себептен, бір орындықтың үстіне екінші орындықты қойып, емін-еркін жайғасқан. Күй тартқанда шын беріле тартатын ол сәл жылжып кетпесі бар ма. Жұрттың көзі сахнада. Құрманғазының «Сарыарқасы» көрерменді баурап алған. Ең бірінші қатарда асқар таудай болып университет ректоры, академик Өмірбек Жолдасбековтің өзі отыр. Бір кезде, бір кезде… Оңдекең орындықтан опырыла құлады. Сахнада бомба түскендей гүрсіл естілді. Біз, курстастар және филология факультетінің барлық қыздары, орнымыздан атып тұрдық. Бірақ Оңдекең көрінбейді. Оркестр күйді жалғастыра берді. А, біздің досымыз орнынан қайтып тұруға ұялып, оркестрдің ара-арасымен тоңқаңдап, сахнадан шығып барады…
Біздің уайымымыз әлі де Оңдекең. Сол күнгі концерт, концерт болмады…
Сүйікті командасы жеңілген жанкүйерлердей сағымыз сынып, жатақханаға қайттық…
***
…Үзіліп қалған әңгімемді қайра жалғастырайын.Той өтетін мейрамхана қас қылғандай қолайсыз жерге орналасыпты. Айналасы түгел қазылған. Күндіздің өзінде абайлап жүрмесең, шұңқырға түсіп кетуің мүмкін. Ал, түсіп кетсең, одан біреудің көмегінсіз шығу мүмкін емес. Оны көрген Көпен Әмір-Бек:
–Той тарасымен костюмімізді теріс айналдырып киіп алайық. Төбелес басталса, не мына шұңқырға түсіп кетсек бүлдіріп аламыз, – деді.
– Мұның ақыл-ақ, ха-ха, – деді Оңғар алақанын уқалап, аламан бәйгеге түсетінін сезген сәйгүліктей ойнақшып.
Жұмахан көрші филология факультетінің бір қызына ғашық еді. Табиғаттың заңында бойы аласа жігіттер ашаң қыздарды ұнататыны белгілі ғой. Әлгі қыз біздің жігітімізге көңіл аудармады. Ал Жұмекең болса, ғашық сезімін сыртқа шығара алмай құса болды. Енді не істесін. Бар ермегі – ән айту, іштегі мұңды сөндіру. Жұмекең ол жағын қатыратын. Анда-санда, көңіл күйі көтеріңкі кезде қасына бір-екі жігітті ертіп алып, жатақхананың Бикеш тұратын жағына барып, «Алтынымды» шырқап қайтатын. Бірақ сұлу қыз тіл қатпайды. Бүкіл жатақхананың бойжеткендері терезенің жақтауына қонақтап алып, Жұмекеңнің әнін тамсана тыңдайтын. Кей күндері филфактың еті тірі қыздары біздің жігіттерге жауап қайтарып, оның соңы Біржан мен Сараның айтысына да ұласып кететін. Қайран, студенттік бал-шырын күндер-ай! Бір сәтке қайта оралар ма едің?!
Жұмекең кейде өмірге сыймай кететіндей күй кешетін. Оған бірде жетімдіктің ауыр тауқыметі, кейде мүгедектігі – аяғын сәл сылтып басатындығы себепші болатындай. Сонда да курстастарынан қалмауға тырысатын. Футбол ойнасақ, қақпаға тұрады. Біз екі айлық әскери дайындыққа кеткенімізде, бара алмағанына қатты налығаны әлі есімде. Ал Қостанайға ауыл шаруашылығы жұмысына аттанғанымызда, мүгедектігіне қарамастан қасымызда жүрді.
Ей, Қостанай, тос талай,
Жүйткиді поезд тоқтамай.
Жастықтың отын арқалап,
Жетеміз саған, Қостанай!
Күніге картошке тереміз. Тапсырма – үш контейнер, шамамен мың кілә. Оны түске дейін орындаймыз. Бір күні жалғыз контеинер толмай қалды. Жігіттердің қайсысы екені есімде жоқ, Жұмекеңе тиісті.
–Темекіні көп тартасың. Піскен картошкіні көп жейсің. Сенің қырсығыңнан жоспарды орындай алмадық, – деді. Ондайда Жұмекең басынан сөз асырған ба? Ақыры екеуі картошке теруден жарысатын болды. Екеуінің қолына шелектерін ұстатып, біз түскі асқа кеттік.
Бірер сағаттан кейін олардың түскі тамақтарын өзімізбен алып, егістік алқапқа келсек, екеуі де көрінбейді. Көрші алқаптағы үюлі жатқан сабандарды бір трактор өртеп жүр. Ұзын тросына машиненің жанған балонын байлап алған. Үюлі сабандардың үстінен басып өтеді. Айналаның барлығы қою түтін. Лаулаған от. Сол сабандардың ішіне тығылып, ұйқтайтын да кездеріміз болатын. Жұмахан көрінбейді. Бәріміз оны іздеп, айқайлап, шарқ ұрудамыз. Әлден уақыттан соң досымызды әрең таптық. Біз «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып жүрміз. Контейнерлері толық. Сөйтсек, Жұмекең бір шелек картошкіні аз теріп, ұтылып қалыпты. Сонда да бой бермейді.
– Менің шелегім кішілеу екен. Содан ұтылып қалдым, – деді Жұмекең жеңілгенін мойындамай.
Ол сол күні тамақ та ішпеді, жұмыс та істемеді.
Жұмекеңнің аздаған «қожанасырлығы» да бар болатын. Ол ондайда: «Ұлы адамдар – ұмытшақ келеді», –деп күліп қойып, жүре беретін. Курстасымыздың мына бір оқиғасы әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Бір бөлмеде тұратынбыз. Ол таңертең орнынан тұрса, бір көзінің нашар көретінін байқайды. Бұлыңғыр, қара түнектеу. «Әкеңді, біткен екенмін ғой, түнде шалқып жүргенде біреудің жұдырығы жақсылап тиген болар», – дейді Жұмекең. Ол беті-қолын жуардың алдында айнаға қараса, көзінде – қара көзілдірік. Бір әйнегі түсіп қалыпты. Сөйтсе, көзілдірігін шешпей ұйқтаған екен жарықтығым.
Ал Қостанайдан Алматыға қайтар кезімізде Жұмекең бәрімізді Шудағы ағасының үйіне шақырып, қонақ етті.
***
…Көптен күткен ЖенПИ-дің қызының тойы да басталды. Бір қуаныштысы, Жұмекеңнің ғашық қызы да осында жүр екен. Ол бұрынғыдан да құлпырып кетіпті.
Бір кезде би басталды. Әуен бәсеңси бергенде, Жұмекең ортаға шықты. Оның ән айтуға ыңғайлана бастағанын байқап, курстың тойға келген он бес шақты жігіті қайырмасына қосылуға дайындалдық.
Қайткенде, кәйткенде кездесеміз?
Жүректі, жүректі тербетеміз.
Жұмкеңнің, Жұмкеңнің білмедің ғой,
Сені ойлап, Бикешжан, өзгергенін…
Жұмаханның қоңыр даусы көпшілікті өзіне бірден баурап алды. Тура үнді фильмдеріндегідей көрініс. Айнала қоршаған қыз-жігіттер. Көтеріңкі көңіл-күй. Мейрамхананың іші әсем безендірілген. Түрлі-түсті жарық. Сазды әуен.
Ол қыздың қасына жақындай келіп, саусағымен Бикешті көрсетеді.
– Сен мендік болу зорлық па?
Ал қыз болса, ұялып, төмен қарайды. Жұмекең қайта шабыттанып, жігерлене түседі. Ол осы сәтте сылтып басқан аяғын да ұмытып, махаббат айдынында қалықтай жүзген, сыңарын іздеген аққудай-тын. Мен бес жыл бірге оқысам да, Жұмекеңнің дәл мұндай нұрлы да бақытты кезін көрген жоқпын. Өйткені бұл сәт – Жұмекеңнің нағыз жұлдызды сәті еді…
Той аяқталды. Далаға шықтық. Айнала тас қараңғы. Мұнда бізді «Аңырақай шайқасы» күтіп тұр екен. Көреген Көпеннің айтқаны дұрыс келді. Менен басқалары костюмдерін теріс айналдырып киіп алды. Қарсылас жақ шайқасқа ертерек қамданыпты. Біз бір-бірімізді іздестіріп жүргенде, арамыздан алғашқы «құрбандар» да табылды.Төбелес десе дебелесі қозып тұратын Оңғар жоқ. Қарсыластардың біреуін қуып жүріп, ауладағы терең қазылған шұңқырдың ішіне түсіп кетіпті. Шығарып ала алсақшы. Әрең дегенде көтеріп алдық. Оңқаңның оң көзі көрінбейді. Білгіштердің айтуына қарағанда, кастетпен дәлдеп соққан.
Жұмекеңнің қайда кеткені белгісіз…
Кәкеннің тілі тек такси деуге ғана келді…
Қайыркен саптан шығып қалды…
Амангелді шашылып қалған Сейітбайды арқалап, тоғызыншы мөлтек аудандағы жатақханаға қарай жаяу тартты…
Мен жаралы Оңқаңды жетектеп, бөлмеге қайттым…
***
Курстың ақиық арқарлары Асқанбай Ерғожаев пен Абдол Сермағанбетовтің, «Тарзан» – Мақұлбек Рысдәулетов, Бағдат Мекеевтің қасымызда жоқтығы сезілді. Олар болғанда жер қайысқан қол едік. Курсымыздың ең сүйікті арулары алғашқы жылдың өзінде-ақ оларды «ноқталап» алған-ды. Бірі «татаркада», енді бірі Көктөбенің көгілдір баурайында орыстардың пәтерлерін жалдап, қасиетті міндет – қазақтың санын көбейту ісіне ат салысып жүргендері бар-ды.
Көрші факультеттің жігіттері біздің курстастар ырғалып-жырғалып жиналғанша, жұмыстарын бітіріп, сақ жауынгерлері сияқты іздерін суытып та үлгеріпті. Таңғы алтыда алғашқы трамвайлар қозғала бастаған. Аялдамаға келсек, олар көлікке мініп те үлгеріпті. Тек бір жігіт трамвайға сыймай қалыпты. Алдыңғы есікке, одан соң артқы есікке ұмтылады. Іш лық толы. Шырылдап жүр. Қорықпай қайтсін, біздің жігіттер оны көре салысымен, жемтігіне атылған қасқырдай анталай ұмтылды. Мен ол жігітті жақсы танитынмын. Араша түсіп, әрең дегенде құтқарып қалдым.
Трамвайды трамваймен қудық. Біз жатақханаға жеткенде, тарих факультетінің студенттері атқа мінерлерінің бәрін жинап, есіктің алдында күтіп тұр екен. Виноградов 88-дің маңында «Аңырақай шайқасы» қайта жалғасты. Никольск базарына жақындау жерде аудандық ішкі істер бөлімі орналасқан болатын. Лезде милиция жетіп те үлгерді. Бәріміз тым-тырақай қаштық.
Оңдасын ойға қарай домалады…
Нұрмахан Семенның сыраханасына қарай қашты. Оның соңынан бір бөлімше қызыл жағалы, қарындары салбырауға сәл-ақ қалған көкелер қуып кетті…
Бойы екі метр Бекзаттар үнемі қасынан тастамайтын кластас досы, бойы бір қарыс, бірақ өте шымыр Шәуренді ертіп, бау жаққа қарай зытты…
Бекзаттар ҚазҰУ-дің бокстан чемпионы болатын. Екеуі физика факультетінің артындағы саябаққа қарай жүгіреді. Сол бағытқа қарай жаңағы қарсы төбелескен, СССР спорт шеберлігіне кандидат жігіт бірге қашады. Оңаша қалғандарына қуанған әлгі спортшы Бекзаттар мен Шәуренді қоса сабамақ болады. Қайдан білсін, серейген Бекеңнің боксер, Шәкеңнің шақар екенін. Екі дос әлгі жігітті жақсылап сабайды. Сонда қу тілді Шәурен:
– Екеуміз жабылсақ, бір кандидатқа әліміз жетеді екен-ә, – деп, досының қолын қысыпты.
***
Ал Көпен…
Көпен бір подьезге кіріп кетеді. Қорыққаны соншалық, шатырдан бір-ақ шығады. Сол жерде ұзақ отырады. Шатырдың терезесінен төмен қараса, айнала – қаптап жүрген қызыл жағалылар. Кілең офицерлер. Генералдан басқаның бәрі жүр. Көпен бір сұмдықтың болғанын сезеді. Ойлаған сайын, зәресі ұшады. Ұстап алса, оқудан тура шығарады. Қылышынан қаны тамған журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев те көрген сайын «Әттең, әттең, қап бәлем, қолыма бір түсерсіңдер, сонда мойындарыңды біртіндеп жұламын, біртіндеп»,- деп, сабақ сайын ескертетін. Көпеннің зәресі әбден кетеді. Кешегі серілік дәуреннің бал-шырын сәттері көзден бұл-бұл ұшты. Нар тәуекел, не де болса, шатырдан шығып, бесінші қабатқа түсті. Үстінің шаңын қаққаны сол еді, біреу иығынан қақты. Бұрылып қараса, еңгезердей бір капитан миығынан күліп тұр. Көпенде өң-түс жоқ. Бәрі де бітті деді іштей.
– А-а-ағатай, құтқарыңызшы, бір бұзық жігіттер соқпақшы болып соңымнан қуып, содан осында келіп тығылғанмын, – деді Көпен.
Капитан қарқылдай күледі. Сөйтсе, ол осы қабаттың тұрғыны болып шығады… Ал үйдің маңында милиционерлердің қаптап жүргені – бұл үйде кілең ішкі істер қызметкерлері тұрады екен.
Содан бері қаншама уақыт өтті. Сол курстастардың көпшілігі қазір арамызда жоқ. Олардың күлкілері мәңгі жүрегімізде.
2003 жылдың қоңыр күзінде оқу бітіріп, шартарапқа кеткеніміздің отыз жылдығына орай Алматыда бас қостық. Қыз-жігіттердің көпшілігі жиналды. Іштегі шерді бір тарқатып, мәре-сәре болып қалғанбыз. Сол кездесуде енді әр бес жыл сайын бас қосуға уәделестік. Бірақ уақыт төреші емес пе? Оқуға түсіп, танысқанымыздың елу, бітіргеніміздің қырық бес жылдығына орай қайта бас қостық. Арамыз тағы да сиреп қалыпты…
***
Көптен бері көңілде жүрген ой-толғау еді. Енді, міне, сәті түсіп, біраз әңгіменің басын қайырдым. Еске алатын, жазатын сәттер әлі көп. Біреулеріңе қаттырақ тиіп кетсе, ренжімеңдер. Бұл шын жақсы көргендіктен, жастық шаққа саяхат жасағаным ғой. Сеніңдер. Мен тек шындықты, бақытты күндеріміздің қас-қағым сәттін ғана баяндадым. Жалғасын өздеріңнен күтемін…
Қайран жастық, Алматының ақ жауыны сияқты.
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
АЛМАТЫ