Малиде әскери төңкеріс болып, президент отставкаға кетті
БАМАКО. 19 тамыз. Африкадағы Мали мемлекетінде әскери төңкеріс болып, президент орнынан түсті. Бұл туралы «Вести.Ру» хабарлады.
Елдегі әскерилер көтерілісінен кейін өткен түнде Мали президенті Ибрагим Бубакар Кейт өзінің отставкаға кеткенін жариялады. Ол жергілікті телеарнадан көрсетілді. Мұның алдында әскери төңкеріс барысында президент пен үкімет мүшелері қамауға алынған болатын. Оны жоғары лауазымды әскери қызметкерлер ұйымдастырды.
Осымен соңғы жарты ғасырда Малиде бесінші мемлекеттік төңкеріс орын алып отыр. Оны әр жолы әскерилер жасап, билік басына өздері келетін еді. Жалпы, Мали Франциядан өз тәуелсіздігін алғалы бері оны алты президент басқарған екен. Демек, әр президенттің кезінде бір реттен төңкеріс орын алып отырған. Айтқандай, мұның алдындағы төңкеріс бұдан 8 жыл бұрын жасалған.
Бұл жолы әскерилерге билікті басып алу үшін тәулікке жетпейтін оқиға жеткілікті болған. Олардың таңертең бастаған белсенді қимылдары түнде өздері ойлағандай болып аяқталған.
Көтеріліс Бамакодан 15 шақырым жердегі Кати әскери базасынан басталған. Оның басында полковниктер Дьяу мен Садбю Камара, сондай-ақ генерал Шейк Фантамади Дембеле тұр. Бүлікшілер қорғаныс министрі генерал Ибрахим Дахиру Дембелені, бірқатар әскербасылар тұтқындады.
Бүлік сағат сайын күшейе түсті. Кеше сондай-ақ премьер-министр Бубу Сиссе мен президенттің ұлы Карим Кейт қамауға алынды.
Көтелісшілер кеше президенттің шетелге кетіп қалуына мүмкіндік берді.