Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Еуроодақ бүгін Беларусь жөніндегі стратегияны анықтайды

БРЮССЕЛЬ. 19 тамыз. Еуропа одағының 27 елінің басшылары бүгін шұғыл өткізілетін саммитте Беларусь төңірегіндегі оқиғаларды талқылап, ЕО-ның Минскіге қатысты стратегиясын белгілейді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Саммит видеоконференция форматында өтеді. Инициатива Литва және Польша мемлекеттерінен шығып отыр. Жиында Беларусьте 9 тамызда өткен сайлаудың қорытындысынан кейін елде орын алып жатқан қарсылық қозғалыстары мен оларды биліктің қалай басып-жаншып жатқаны жайы сөз болады.

Видеоконференция шақырылатыны туралы мәлімдеген Еуропа кенесінің төрағасы Шарль Мишель Беларусьте «зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтатып, бейбіт келісімге келу» жағдайы орнауы қажет екеніне тоқталды. Ол республика басшылығының «халықтың еркіне құлақ түріп», «сырттан ешқандай да күш әкелмеуі тиіс» екенін баса айтты.

Брюссельдегі дипломатиялық мәнбелерден тараған ақпарларға қарағанда, саммитте бес негізгі тезис төңірегінде пікір алмасу болады. Біріншіден, ЕО лидерлері 9 тамыздағы сайлаудың фальсификация жолымен өткенін тағы да мәлімдейді. Екіншіден, олар бейбіт шерушілерге қарсы күш қолдануды тоқтатып, саяси тұтқындар мен осы күндері қамауға алынған азаматтардың бәрін босатуды талап етеді. Үшіншіден, лидерлер «бейбіт шерушілерді» қолдайды. Төртіншіден, Еуроодақ Беларусьтің егемендігіне қолдау көрсетіп, оған сырттан әскери күштер келтірілуіне қарсылық білдіреді. Мұнда ЕО елдері емес, Ресейдің нысанаға алынып отырғаны да белгілі. Бесіншіден, қауымдастық мемлекеттерінің басшылары бұдан бұрын өз елдері сыртқы істер министрлері қабылдаған Лукашенко мен оның айналасындағыларға санкция енгізу жөніндегі шешімді қолдайды.

Бұдан бұрын, 14 тамызда ЕО-ның 27 елінің сыртқы істер министрлері жоспардан тыс конференция өткізіп, онда Беларусьтің «полицейлік зорлық-зомбылыққа қатыстары бар» басшылығына санкция салу жөнінде ұйғарым жасаған еді. Санкциялар ең бірінші кезекте осы тізімге енгендердің ЕО елдеріне келулеріне тыйым салады, олардың банктердегі активтерін бұғаттайды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button