Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Лукашенко армияны толық дайындық сапына қойды

МИНСК. 19 тамыз. Беларусьтің әзірге іс басындағы президенті Александр Лукашенко оппозиция жасақтап жатқан үйлестіру кеңесін билікті басып алудың әрекеті деп бағалап отыр. Бұл туралы БелТА хабарлады.

Осы жайында сөз қозғаған мемлекет басшысы мұны оппозицияның бейбіт тірлікті жамылып, билікті «ұйықтатып тастауға» бағытталған әрекеті дегенді білдірді. Ол кеңес мүшелерін мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтып қорқытып, елдің батысында армияның толық дайындық сапына келтіріліп қойылғанын мәлімдеді.

«Сондықтан мен бұл штабқа кіргендердің бәріне біздің де сондай қадамдарға баратынымызды айтып, ескертіп қойғым келеді. Иә, тек конституциялық жолмен. Қызынған бастарды салқындата қоятын тәсілдер бізде жеткілікті», – деді Лукашенко. Ол кеңес мүшелері арасында «билікке өкпелеп жүргендер» мен «барып тұрған нацистердің» бар екенін де айтып өтті.

Мұның алдында Беларусь президенттігіне кандидат Светлана Тихановскаяның сайтында кеңес мүшелерінің тізімі жарияланған еді. Оның ішінен Нобель сыйлығының лауреаты Светлана Алексиевич, құқық қорғаушы Алесь Беляцкий, Тихановскаяның сенімді өкілі Ольга Ковалькова, Бабарико штабының басшысы Мария Колесникова және тағы басқалар көрінеді.

Лукашенко елдің батысында армияның толық дайындық сапына қойылғанын баяндады. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысында ол «батыс мемлекеттердің мәлімдемелеріне құлақ асқан белорус билігінің батыс шекараға әскер шоғырландырып, оларды жоғары дайындық сапына келтіріп қойғанын» жеткізді. Оның пікірінше, Беларусьтің проблемасы елдің ішінде ғана емес, сонымен бірге сыртында да бар.

Лукашенко оппозицияның Одақтас мемлекет, Еуразия одағы, Кеден одағы құрамынан шығу жөніндегі бағдарламасын сынға алды. Алайда. Светлана Тихановскаяның үйлестіру кеңесіне арналған бағдарламасында мұндай тармақ мүлде жоқ. Оның тіпті сайлау алды бағдарламасында да мұндай ой болған емес.

Осымен бір мезгілде белорус белсендісі Валерий Цепкало Светлана Тихановскаяға «өтпелі кезеңде» елдің президенті міндетін атқаруды ұсынды. Ал «төрт-бес айдан кейін жаңа сайлау өтуі тиіс».

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button