Беларусь: Ірі кәсіпорындарда ереуіл жалғасып жатыр
МИНСК. 18 тамыз. Беларусьтің ірі кәсіпорындарында жұмысшылардың ереуілдері жалғасып жатыр. Бұл туралы Naviny.bu хабарлады.
«БелПАН» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы Максим Позняков елдегі ірі зауыттарда ереуілдің әлі жалғасып келе жатқанын мәлімдеді.
«Жұрт митингілерге шығып жатыр, әр жерде – әртүрлі. Қазір ірі кәсіпорындарға стачкалық комитеттер (стачком) құрылуда. Енді ереуілдер жөніндегі ұсыныстар мен оларға қойылатын талаптарды солар ұсынады», – деді ол.
Оның айтуынша, кейбір кәсіпорындар жұмыс істеулерін жалғастыруда. «Кейбір кәсіпорындардың технологиялық процестерін тоқтатуға болмайды, мұны бір күнде істей алмайсың. Ал «Полимир» мен «Нафтанға» келсек, бұларда ары кеткенде, жарты кәсіпорын жұмыс істеп тұр, себебі, жабдықтардың бір бөлігі тоқтап қалған. «Гродно «Азот» енді тоқтайды, «Беларуськалий» тоқтады», – деді кәсіподақ лидері.
Ол ереуілге шығушылардың басты талабы Александр Лукашенконың отставкаға кетуі болып отырғаны, екінші мәселе саяси тұтқындар мен шеру кезінде қамалғандарды босатуға арналғанын, үшінші жағдай бейбіт шеруге шығушыларды ұрып-соққан құқық қорғау органдары қызметкерлерін жазалауға саятынын айтты. Жұмысшылар осы талаптары орындалғанша ереуілдерін тоқтатпайды.
Бүгін шерудің 10-шы күнінде де жұрт көшеге шықты.