Бүгін минскіліктер екі рет шеруге шықты
МИНСК. 16 тамыз. Бүгін Беларусь астанасында екі рет әлденеше ондаған мың адам қатысқан шерулер болып өтті. Бұл туралы TUT.BY хабарлады.
Елде президент сайлауы өткеніне бүгін тура бір апта уақыт болды. Содан бері қала көшелері бір күн қарсылық қозғалысынсыз өткен жоқ.
Түске дейін бірінші рет қазіргі іс басындағы президент Александр Лукашенконы қолдаушылар Тәуелсіздік алаңына жиналды. Оған елдің түкпір-түкпірінен арнайы алдырылған адамдар мен қала тұрғындары қатыстырылды. Жиынға барлығы 70 мың адам келді. Бұлардың басым бөлігінің күштеп әкелінгені басқосу барысында байқалып қалды. Жиналғандар алдында Лукашенко сөз сөйледі.
Ал түс қайта наразылық акциясын жүргізушілер өздерінің сегізінші күнгі қозғаластарын өткізді. Мұнда кемінде 200 мың адамның қатысқаны белгілі болды. Шерушілер Жеңімпаздар даңғылы бойындағы «Минск – қаһарман қала» стелласының қасында бас қосты. Жиында Светлана Тихановская штабының басшысы Мария Колесникова сөз сөйлеп, жұртты толық жеңіске жеткенше қозғалысты тоқтатпауға шақырды. Ол Лукашенконың белорус халқы үшін ғана басты қауіп емес, сонымен қатар ел тәуелсіздігінің де қаупі екенін айтты. «Бұрынғы президент отставкаға кетуі тиіс. Ол елді қуғын-сүргінге толтырды», деді Колесникова.
Жиынға қатысушылар «Кісі өлтіруші» деп айқайлады. Мұның соңынан «Кет!» деп ұрандатты.
Осы күні Беларусьтің барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында Александр Лукашенкоға қарсы шерулер өткізілді.
«Альфа» тобының «Честь» арнайы бөлімшесі ардагерлері Минск бөлімшесінің ардагерлері қауіпсіздік органдарының басщылары мен қызметкерлерінен елде қауіпсіздік пен тәртіп сақтауға, бейбіт шерушілерге қысым көрсетіп, соққыға жықпауға сұрады.