«Елді ешкімге бермейміз» деді Лукашенко әскерилер алдында
МИНСК. 15 тамыз. Бүгін Беларусь президенті Александр Лукашенко қорғаныс министрлігінің стратегиялық басқармасында өткен кеңесте елді ешкімге бермейтінін айтты. Бұл туралы «Sputnik Беларусь» хабарлады.
Ол әскерилер алдында республиканың қазіргі басшылығы билікті ешкімге бермейтінін, «жағдайды ұстап тұратынын» мәлімдеді.
«Бұдан (Беларусьтегі ереуілдер мен қарсылық акцияларынан – ред.) ештеңе шықпайтынын кезекті мәрте айтқым келеді. Біз елді ешкімге бермейміз. Біз жағдайды ұстап тұрмыз», – деді Лукашенко.
«Мен бізде қазір әлдеқандай көңіл толушылық, тоқмейілсу бар екенін айтып тұрғаным жоқ. Жоқ, біз ешқашан тоқмейілсіген емеспіз. Білесіздер ме, біздің тағдырымыз сондай, Еуропаның ортасында тұрып, қашанда кез келген шақыруларға уақытында дайын болуымыз керек», – деді ол.
Беларусьте 9 тамыз күні сайлау өткеннен кейін түнде оның қорытындысына сенбеген халық көшеге шығып, наразылық қозғалысын бастап кетті. Содан бергі жеті күн бойы елдің көптеген қалаларында наразылық акциясы жүріп жатыр. Билік бейбіт шеруге шыққандарға қарсы күштік құрылымдарды қойып, қудалауға салды. Мұндай қуғын-сүргін 13 тамызға дейін жалғасып келді. Сол күндері 7 мыңнан астам адам қамалып, 1 шеруші қаза тапты.
Бұдан кейін елдегі көптеген зауыттардың жұмысшылары ереуіл жариялады.
Ал Еуропа одағы Беларусьтегі мәселені арнайы қарап, сайлаудың қорытындысын мойындамау жөнінде шешім қабылдады. Латвия, Литва, Эстония елдері сайлауды қайта өткізуді ұсынып отыр.