Алтын тұғырлы аңыз адам
Әр дәуірдің баға жетпес бір қасіреті болады. Ал біз көріп, естіп-білген ХХ ғасырдың тарихи қасіреттері жетерлік. Ең алдымен аттан түспеген қазақтың атын тартып алды. Желмен жарысып, еркіндікті аңсап өскен халықтың рухын осылайша сындыруға тырысты. Бар малынан айырып, қолдан жасалған ашаршылыққа итеріп салды. Көп кешікпей, қылышын сүйреткен 37-нің нәубеті келді. Бас көтерген азаматтар атылды, сөйлегеннің тілі «кесіліп», итжеккенге айдалып жүре берді. Ал одан соң сұмдықтың көкесі – Ұлы Отан соғысына ұласты. Осыншама қасірет айналдырған саусақпен санарлық жылдың ішінде болды. «Жығылғанға – жұдырық!» дейгендей, сол ауыртпашылықтар із-түзсіз кеткен жоқ, жүректерде сызат қалдырды. Тағдырларды тәлкекке салды, шаңырақ ойылып, ортасына түсті. Бала жетім, әйел жесір атанды… Маңдайыңнан сыйпар әкең, бауырына басар анаң болмаса, бұдан асқан қатыгездік жоқ шығар! Бұл тағдырды «қаныңды ішкен» дұшпаныңа да тілемессің. Осы бір азаптың қайнаған қазанына әрбір Қазақ баласы түсіп шықты. Олардың арасынан ең мықтылары, жүректерінде жалыны, бойларында намысы барлар ғана өмірге жолдама алды. Мойынға ілінген осыншама қасіретті, сұрапыл нәубетті жеңіп шығу оңайға түспеді. Қиыншылықты бар болмысымен сезінген бала Әуезханның жүрегінде сақталып, ақтаңдақтарға ұласты. Менің көкемнің: «Жетім көрсең, жебей жүр» деген өмірлік ұстанымы осылайша қалыптаса берді. Әділдік әліппесі барлық ғұмырына жарық жұлдыз – Темірқазықтай жол сілтеп тұруы да сондықтан еді…
Бұл ұстаным атақты теміржолшы Әуезхан Салықбаевтың өмірлік қағидасы еді…
Тар жол, тайғақ кешу кезеңінде өмір мектебінен сүрінбей өткендердің бірі, бірегейі де біз әңгімелегі отырған абзал азамат, абыз ақсақал, өмірі аңыз адам Әуезхан Салықбаев болатын.
Оның балалық шағын жетімдік деген қатыгез тағдыр ұрлап кетті. Ес білгелі шойын жолды жағалай, түтіні будақтаған паровозбен жарыса жүгірумен жүрді. Ұшы-қиырсыз вагондарды санап, өмір әліппесін үйренді. Маңдайынан сипаған ағалардың ақыл-кеңесін, нақыл сөзін тыңдап, жаттап өсті. Міне, менің Әуезхан көкем, қатал да әділетсіз өмір мектебінен осылайша өте берді. Алға, азаматтық тұғырға жақындай түсті. Шыдады, шыңдалды. Көрген, есітіп білген, ұлағатты қағидаларды жүрегінде сақтады. Күнге қарап, бой түзеген күнбағыстай бойын тік, ойын сергек ұстады. Ертерек ер жетуді армандаумен жүрді. Оның ауыл балалары сияқты ойнауына, шаршап-шалдығуына шамасы да, уақыты да жетпеді. Өмір ерте есейтті. Жылы қабақ танытқан жандарды жақын тұтты, туыс санады.
«Бала жеті жасқа дейін жерден таяқ жейді» дейді халық даналығы. Әуезхан көкем өмір есігін ашқалы көз ілеспейтін жылдамдықпен ауыр тағдырдың бел ортасында жүрді. Есінде қалғаны, әкесі Салықбай балалары-балапандарын жетектей-сүйрелей, үш жасар Әуезханын арқалай қырға да шығады, ойға да түседі. Бар арманы жанұясын сұм ажал – ашаршылықтан аман алып қалу еді. Алыста болса, тамақ іздей жүріп, сонау Батыстағы Ақтөбеден бір-ақ шықпасы бар ма? Ол жерден де пана таппады. Қайда барса да сеңше соғысқан, ренішін арқалаған, панасыз халық еді. Енді балық аулап, күн кешпек болып, Әмудария өзенімен жоғары өрлейді. Жат ел – Ауғанстан шекарасына дейін жетеді. Бірақ анасы Ділдәқыздың болашақ өмірлерінің қиыншылыққа толы болатынын жүрегі сезіп, отағасына басу айтады. Сабырлыққа шақырып, Өзбекстанның Қауас деген елді мекеніне аялдауға көндіреді. Бұл жерде де жағдай мәз емес-ті. Қазақтар қоныстанған аядай ғана ауылда бас сауғалап, өлместің күнін кешеді. Жат мекеннің адамдары да мейрімсіз, табиғаты да қатал, өңменнен өтер суық желіне шыдау оңай емес еді. Қыста қар көшкіні мазалайтын, ала көктемде тас болып қатып қалған тас-мұзды ерітіп жіберетін құдіретті желден бәрі сескенетін. Оған қоса, балалар арасында тараған жұқпалы ауру зәрелерін ұшыра бастады. Қорықты. 1933 жылы әупіріммен елге, ата қоныс Арысқа жетті. Көп ұзамай ардақты әке Салықбай қайтыс болады. Төрт жасар Әуезханның есінде ақжарқын әке бейнесі сақталып қалмады. Ес жинап үлгермеген бала ғой. Тек әке жауырынының ыстық лебін, аласұра соққан жүрек дүрсілін күні кешеге дейін сезінумен жүрді. Абзал жанның жерленген зиратына келіп, құран бағыштаса да, қай төмпешіктің астында жерленгенін есіне түсіре алмағаны кешірімді еді.
Әуезхан көкемнің өмір жолын зерделей түссем, арпалыспен өткен тағдыр тауқыметі ойыма орала берді. Таусылмай-ақ қойған 1939 жылы, он бір жасында анасы Ділдәкыздан айырылып, өксігін баса алмай жылағаны есінде. Қайран ана, енді араға екі-үш жыл салып, ұлы Тәужаннан, қан майданға аттанған Әужанынан, артынша келіні Бибіханнан айырылатынын білген де, сезген де жоқ. Ана сүт кенжесі Әуезханының жападан жалғыз, жетім қалатынынан бейхабар еді…
Менің Әуезхан көкем сұрапыл соғыстың екінші жылында шаңырақта жалғыз қалып, «тас жетім» күнін кеше барды. Арыс маңындағы «Хлопкомдағы» аядай бір бөлмелі жер тамның есігі тарс жабылып, қара құлып ілінді.
Бала Әуезхан, тағдыр додасында шыңдалған бозбала Әуезхан дорбасын арқалап, нағашысы Кәрімнің үйіне бет алады. Оны арпалысқа толы жаңа өмір, сонымен қатар белгісіздік күтіп тұрды…
1944 жылдың ми қайнатар ыстығында, бесінші сыныпты бітірген бала оқуын жалғастырудан бас тартып, үлкен өмірге араласуға бел буады. Мектеп берген алақандай қағазды алып, үйреніп қалған темір жолға тартады. Жақсы ағалар кепілдеме беріп, вагон номерін жазатын жұмысшы болып орналасады. Бір күні… Арыс станциясына «Ташкент темір жолы» бастығының орынбасары Әзиз Қадыров келеді. Ол кісінің назары зыр жүрген бала-жұмысшыға түседі. Әуезханды шақырып алып, ұшы-қиырсыз бір состав вагондардың номерлерін жазуды тапсырады. Елгезек бала он минуттың ішінде тапсырманы бұлжытпай орындайды. Сондағы бастық ағаның риза болғанын айтсаңшы! Бала жұмысшыға көпшіліктің алдында рахмет айтып, су жаңа теміржолшы формасын сыйлайды. Әуезханның қуанғаны-ай. Тіпті, аспаннан бір жарық жұлдыз ұшып келіп, қолына қонғандай әсерде еді… Осы қуаныштың иесі Әуезхан Салықбаевтың енді санаулы жылдардан соң, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік Еңбек Ері атанатынын, есімі Қазақстанның Алтын құрмет кітабына жазылатынын, ал, 1971 жылы Арыс станциясының, 1979 жылдан Шымкен темір жолы бөлімшесінің бастығы болатынын бір Алладан басқа жан баласы білген жоқ… Бұл – тағдыр! Бұл – жұлдыздар шоғырының Әуезхан Салықбаевтың шаңырағына асыққан сәті еді!…
Алда арпалысқа толы күндер, ұйқысыз түндер күтіп тұрды. Өйткені, бұл еліміздің қан жүгірер күре тамыры – «Қазақстан темір жолы». Темірдей тәртіп. Күндіз-түні, жаңбырлы күндерде де, бораны түндерде де ағылып жатқан пойыздар легі. Ал шойын жолдың егесі – теміржолшы көз ілмей, сапта тұрған сақшылар сияқты-тын.
Әуезхан көкені бала кезімнен білетінмін. Әкем Жолдасбек Сүлейменов Мырзашөл өңіріне танымал, екі совхоздың іргетасын қалаған директоры болды. Әукеңмен ағайындығы да, дос-сырластығы да жарасатын. Сонау жетпісінші жылдардың басы. Мен журналистика факультетінің соңғы курс студетімін. Новосибирск-Ташкент пойызымен Өзбекстанның Бостандық аймағына бара жатқанбыз. Бір кезде Арыс станциясына тоқтадық. Вагоннан жүгіріп шығып, станция бастығы Әуезхан көкемді іздеуге кірістім. Кеңсесіне кіріп, әңгімелесіп отырып қалдым. Қорқатын не бар, көкем осы станцияның бастығы емес пе? Қазіргі келген пойыздан түскенімді, Ташкент жаққа саяхаттап бара жатқанымды айттым. «О, деді көкем. Мынау сенің келген пойызың ғой. Жүріп бара жатыр. Жігіттер, тоқтатыңдар!» деді аппаратының түймесін басып.
– Жүгір, кешіге жаздадың. Әкеңе сәлем айт! – деді көкем.
Жүгіріп перронға шықсам, барлығы аңтарылып мені күтіп тұр. Ұялғаным-ай. Жолсеріктен кешірім сұрап, орныма жайғастым. Ал Әуезхан көкем Шымкент темір жолы бөлімшесінің бастығы болғанда, менің жұлдызым оңынан туды…
Әукең оңтүстік өңірдің шежіресін зерделеп, жаттап өскен ақсақал еді. Ол кісінің танымайтын адам жоқ десе де болғандай. Көзі тірі энциклопедист. Адамдардың аты-жөнін, ел арасында кең тараған аңыз әңгімелер, есте сақтар елеулі оқиғалар, бәрін, бәрін рет-ретімен, көркем тілмен жеткізіп отыратын. Әңгіме айтудан шаршамайтын. Тағы бір жақсы қасиеті, қасындағы адамдарды да әңгімеге жетелеп, реті келгенде мұқият тыңдай да білетін. Ол кісі өмірінің ең соңғы күндеріне дейін Ақмырза әулетінің ақылшы ақсақалы, қамқор төрағасы болды. Ұзын-Ата кесенесін қалпына кетіру жолында қажырлы еңбек етті. Бабалар аманатын ардақтап өтті.
Үлкен азаматтың қасында, көзге көрінер-көрінбес ұлы әйелдің табылатыны қашаннан. Әзезхан көкемнің барлық ыстық-суығын, қуаныш-ренішін бірге бөліскен Рәтай қажы анамыз болды. Кемеңгер халқымыз: «Жақсыны – текті, жаманды – тексіз» деп, әділ бағасын беріп отырған қашаннан. Рәтай анамыз Қазақтың атақты Мұсабек батырынан тараған. Мұсабек батыр Қоқан ханына қарсы шығып, Ташкент бегі Мырзабидің озбырлығына шыдамай, қол жинап, Ордабасы тауының етегінде қалың қол әсерін қырып салады. Оңтүстікке белгілі Молда Мұса ақын батыр ерлігін былай жырлайды:
Қоңыратта білемісің Мұсабекті,
Солардай болар едің болсаң текті.
Өлтіріп Мырзабиді намыс үшін,
Қоқанның хандығынан алған кекті…
Әуезхан көкемнің құдай қосқан қосағы, Рәтай анамыздың шежіресі осы Мұсабек-Сапақтан таралады. Батырдың туған ағасы Сапақ ел арасында беделді, сөзге шешен, әділдікті қақ жарған би, кейін ел басқарған датқалық дәрежеге жеткен кісі. Сапақ датқа Рәтай қажы анамыздың бабасы болып келеді.
Сапақ датқадан – Мұратбек,
Мұратбектен – Рахымбек.
Рахымбектен – Рәтай.
Орай келгенде айта кетейін, Әукеңнің нағашысы Сырымбет жандар руынан. Сырымбеттен екі ұл – Есіркеп, Мүсіркеп тараған. Есіркеп аузы дуалы әулие, Мүсіркеп батыр болған. Есіркеп әулие Түркістандағы мавзолейде, Қожа Ахметтің қасына, оң жағына жерленген.
Міне, тектілер ұрпағы қалай жалғасқан. Ал Әуезхан Салықбаев осы киелі ұрпақтың алтын діңгегі еді…
***
Әр адамның өз жарық жұлдызы, пешенесіне жазылған тағдыры, қолдап-демеп жүретін қамқоршысы болады деседі. Көзге көрінбей, бала- армандарға жол сілтейтін, үлкен жүректі көке Әуезханда да болды. Бірақ оны бала теміржолшы білмейтін. Бір күні Әуезхан жұмыстан шаршап, үйіне баруға шамасы келмей, темір жол кеңсесінің бір бұрышында ұйықтап кетеді. «Ташкент темір жолы» бастығының орынбасары Әзиз Қадыров Арысқа іссапармен келіп, кәсіпорынды аралап жүреді. Көзіне бір бұрышта басына кірпіш жастанған, астына газет төсеген бала түседі. Қасына келіп қараса, өзіне таныс, зыр жүгіріп, вагон номерлерін жазып жүретін жел аяқ бала екен. «Шаршаған ғой, бибақ бала. Мазаламаңдар» деп, Әуезханды қымтап, маңдайынан сыйпайды. Бірақ ол кісі ұйықтап жатқан баланың келешекте Арыс қаласының, тіпті Түркістан облысының Құрметті азаматы болатынын білген жоқ… Әзиз аға осылайша бала Әуезханды екінші рет аялы қамқорлығына алған еді…
Таң ала көлеңкеде бала орнынан тұрып, біреудің маңдайынан сыйпағанын сезеді. Бірақ ол адамның кім екенін білмейді. Араға жылдар салып, 1954 жылы Арыс сұрыптау «дөңесінде» кезекші Әуезхан Салықбаевтың кінәсінен екі вагон соқтығысып, істен шығады. Соғыстан кейінгі кез. Заң қатал. Кезекші жігіттің мәселесі станция басшылығында, одан соң Арыс бөлімшесінің басшылығында қаралып, жұмыстан шығарылып, ісі әскери трибуналға берілсін деген шешім қабылданады. Ташкенттегі темір жол басқармасы болған жағдайды саралап, соңғы жедел кеңесте мәселесі қаралады. Қатаң шара қолданып, іс әскери трибуналға тапсырылсын деген ұсыныстар айтылады. Сол кезде алқа мәжілісін басқарып отырған темір жол бөлімшесінің бастығы Әзиз Қадыров: «Мен бұл жігітті, Салықбаевты жақсы білемін. Есіме түсті. Ертеректе 1944 жылы менің көз алдымда бір состав поездың вагондарының номерін он минутта жазып шыққан болатын. Және бір барғанымда кірпіш жастанып, астына газет төсеп, ұйықтап жатқанын да көргенмін. Өте адал жігіт. Керек маман. Сондықтан, бір жолға кешірім жасап, қызметінен төмендетіп, әскери трибуналға бермей-ақ қояйық» дегені. Содан іс жабылды. Әуезхан сол күні бала кезінде маңдайынан сипаған адамның кем екенін білді. Тағы да Әзиз аға екеніне қуанды…
Жылдар өте Әуезхан көкенің өзі де ондаған, жүздеген жас теміржолшыға ұлағатты ұстаз, ақылшы-дос, қамқор басшы болады. Бірақ бұл қасиетті бала теміржолшы әзірше білген жоқ…
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген қасиетті сөз бар. Әукеңмен әңгімелескен сайын, жастық шағыма, өз әкем Жолдасбек іәлеміне қайта оралғандай әсерде боламын. Ол кісінің айтқан жылы сөздерін есіте бергім келеді. Қуанамын, марқаямын, бір жасап қаламын. Оны сезген көкем Жолдекеңмен арадағы ұзақ жылғы дос-сыйластықты есіне алады. Әкеме деген жүрек-сағынышын байқаймын…
Арыс қаласында болған жойқын жарылыс халықтың еңсесін түсіріп жіберді. Адамдар шашылып қалды. Бір-бірінен, ойнап жүрген, мектеп, балабақшадағы балаларынан қол үзіп, бас сауғалаумен болды. Міне, сол бір қысылтаяң кезде Әуезхан қажы халықты сабырға шақырды. Ақсақалдық басу сөзін айтты. Ал абыз ақсақал өмірден өткенде Арысқа, көкеммен қоштасуға келдім. Аядай ғана теміржолшылар қаласы адам танымастай өзгеріп кетіпті. Қуанып қалдым. Өйткені, бұл жерде бар ғұмырын темір жол саласын өркендетуге арнаған Әуезхан Салықбаевтың балалық шағының ізі, дара да дана көңілі, жігерлі сөзі, азаматтық қолтаңбасы мен мұндалап жатыр…
Әр дәуірдің тауқыметін көтеретін тіреуі, халқына сүйеу, жастарына үлгі, тарихи тұлғалар болады. Әуезхан Салықбаев – қасиетті Түркістан мен Шымкенттің, бүкіл оңтүстік өңірдің абыз ақсақалы, екі ғасырдың бар қасіреті мен жақсылығын жүрегімен сезінген, ғасыр тұлғасы. Ол – бабалар аманатын арқалаған, ұрпағына жеткізген, түсіндіре білген асыл аға!
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
публицист, жазушы.
АЛМАТЫ