Беларусьте қарсылық тоқтаған жоқ. Бүгін жолдар жабылады
МИНСК. 12 тамыз. Беларусьте бүгін кешке президент сайлауы қорытындысына наразалық білдіру жалғасуы мүмкін. Бұл туралы NEXTA telegram-арнасы хабарлады.
«Бүгін кешке Беларусьте Александр Лукашенконың режиміне қарсы кезекті наразылық қозғалысы өтуі мүмкін», – делінген хабарламада.
Сайлаудан кейінгі күндері қарсылық білдірушілердің ресми емес рупорына айналған NEXTA telegram-арнасы бүкіл елдің жұртын сағат 19:00-де кезекті наразылық акциясына қатысуға шақырды.
«Бүгін 19:00. Бүкіл Беларусь бойынша жолдар жабылуы керек», – деп жазды арна..
Арна мұнда күштік құрылымдар көліктерінің қозғалысына тосқауыл қою, олармен тілге келмеу, қарсылық білдірушілердің көліктерін өткізіп жіберу талаптарын алға шығарды.
Бүгін төртінші күнге ұласқалы тұрған қарсылық шеруі 9 тамыз күні президент сайлауы аяқталған бойда басталған еді. Іс басындағы президент Александр Лукашенконың режимі өзінің жеңіске жеткенін мәлімдеді. Ал Светлана Тихановскаяны қолдаған оппозиция мұны мойындаған жоқ.
Осыдан кейін қатарынан үш күн бойы кешке халықтың наразылығы қозғалысы өтіп, олардың күштік құрылымдармен қақтығыстары орын алды. Осы уақыттарда 6 мыңнан астам адам қамалды.