Широков әуесқойлар турнирінде төрешіні ұрды (видео)
МӘСКЕУ. 12 тамыз. Бұдан екі күн алдын бұрынғы футболшы Роман Широков әуесқойлар турниріндегі ойын барысында алаңдағы төрешіні ұрды. Бұл туралы Sport.ru хабарлады.
Саналы адамның жағасын ұстататын бұл оспадар оқиға «Мәскеу селебрити клубы» турнирі кезінде, «Матч ТВ» және «Ничего обычного» командаларының 1/4 финалдық кездесуі барысында орын алды. Онда «Зенит», ЦСКА және «Спартак» командаларының бұрынғы ойыншысы мен Ресей құрамасының бұрынғы капитаны Роман Широков төреші Николай Данченковты ұрып жығып, аяғымен тепті. Ол «Матч ТВ» командасының құрамында өнер көрсететін еді.
Осымен ойын да бітті. «Матч ТВ» командасына техникалық жеңіліс жарияланды.
Болған оқиғаның жай-жапсарын «Ничего обычного» командасының ойыншысы Виктор Кравченко былай суреттеді: «Матчты біз аяқтай алған жоқпыз, 20 минут қана ойнадық. Широков қақпашымен бірге-бір шықты, оны қорғаушы шалып құлатты (допқа ойнады ма, жоқ па, – білмеймін, даулы сәт), төреші ойнай беруге ишара жасады, сол кезде Широков оған: «Сен не, текесақал, #####, жындандың ба?» деген сияқты өзіне ұнайтын боқтық сөздерді боратты. Сол үшін төреші қызыл қағазын суырып алды. Ал жүгіріп келген Тихонов қызыл қағаз көрсетпеуі үшін рефериді кеудесінен итеріп жіберді. Себебі, бұл кезде Широков: «Қызыл қағаз көрсетсең, – #####, ұрамын», – деп айқайлаған еді. Төреші қызыл қағаз көрсеткеннен кейін Широков зуылдап жүгіріп келіп, жұдырығымен оның шықшытынан ұрды. Рефери құлап қалды, сол кезде Широков ішінен тепті. Ойын осымен бітті, бәрі бітті. Мен мұндай ####### [сұмдықты] еш жерде, ауладағы ойында да ЛФЛ-да да көрген емеспін».
Сол күннен бері әлеуметтік желіде футбол мамандары мен фанаттары осы оқиғаны қызу талқылап жатыр. Ол «Бірінші каналдағы» топ-шоуда да кеңінен сөз болды. Оларға қатысушылардың барлығы Роман Широковтың бұзықтығы мен дөрекілігін қатты сынға алды. Мәселен, белгілі спорт комментаторы Дмитрий Губерниев «Матч ТВ» телеарнасымен барлық байланысты үзіп, оның командасын таратып жіберуді ұсынды.
Турнирді ұйымдастырушы Герман Попов: «Бұл – ақылға сыйымсыз нәрсе, бұл – сұмдық, өте таңғаларлық қылық. Тікелей эфирден қаншама адам көріп отырды, осының бәрі миллион ракурспен көрсетілді. Бұдан жұрт не өнеге алады?», – деді.
Әлеуметтік желідегілер бұлардан да асып түсті. Олардың бірқатары енді Широковқа алаң көрсетпеу керек екенін жазсы, енді бәрі оның әкімшілік жазасымен құтылып кетпеуін талап етті, енді бірі футболшыны «көгілдір» деп қорлады.
Ал судья жарақат алған бойда ауруханаға жеткізіліп, жарылған қабағын тіктірді. Қажетті емін алып болғаннан кейін дәрігерлер берген анықтамамен бірге сотқа арыз өткізді. Мәскеу Футбол федерациясы Данченковтың әрекетін қолдап отыр.