Дала академигі
Менің бұрынғы бала, қазіргі дана көңілімде «Мақталы» Алматыдан да, Ташкент, Мәскеуден де үлкен, қасиетті, тек қиял қанатына ғана сиятын жұмбақ әлем. Бұл жер – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің жастық жалыны, жүрек жылуы, қолтаңбасы қалған жер. Бұл елді мекеннің әр көшесінде менің жалаң аяқ, жалаң бас жүгірген табанымның ізі жатыр. Жүрегім алып-ұшқан, боз-бала шағымның белгісіндей болған, велосипедімнің доңғалағының ізі қалған. Өйткені, бұл жер менің бала көңілімді тербеткен, шыңдаған, қалам ұстатып, үлкен, кәсіби журналистикаға қанат қақтырған құт мекен!
Жарық жұлдыз – темірқазығым
Қара жолды қақ жарып, ауылға асығамын. Асыққан сайын, туған жерге жақындаған сайын жүрегiм алып ұшады. Бұл атамекенге деген сағыныш па, әлде әке рухын аңсау ма? Кезінде, қадірін бірде біліп, кейде түсінбей жүргенімнің «әттеген-айы» ма? Білмеймін, әкеден айырылған соң асқар тау құлағандай болды. Ендігі жүрекке демеу болатыны – бақытты күндерді, әке қамқорлығын, ана жүрегінің жылуын еске алып, сағынған сайын, не жалғызсырағанда ауылға тарту. Еске алу, жүректе сақталып қалған зіл-өкінішті жеңілдету. Дәл осындай сәттердің бірінде, әке әруағына арнап ас берудің алдында ауылға келе жатқанмын. Қасиетті Қазығұрттан өткен соң өксігімді баса алмай ағыл-тегіл көзіме жас келмесі бар ма? Соңғы кезде әкем есіме түскен сайын, осы бір көрініс қайталана береді, қайталана береді…
Сонау сексен тоғыздың қазанында әкеден айырылып, Алматыға қайтып келе жатқанда дәл осылай күйде болғаным есімде. Ол кездегi жас асқар тау – әкеден айырылғандағы қимастық жасы болса, ал бүгiнгi көңiлiмнiң босауы әкеге деген сағыныш, аңсағандық шығар. Қайран әке, қадiрiңдi күн өткен сайын түсінгендеймін. Маған ғана белгілі жұмбақ әлемге енгендеймін. Басқа ұл-қыздары қандай күйде екенін білмеймін, бір білетінім, маған деген көңілі бөлек еді. Оны барлық бауырларым, анам да, әжем де білетін. Өзім ойлайтынмын, үнемі сыртта жүрдім, ағайыннан жырақта, қадірлі қонақ боп келіп, қонақ боп кететінмін. Қанша уақытқа келсем де, ең алдымен қара шаңырақтың қазығы да берекесі атама, одан соң нағашыма барып, сәлем беруімді тапсыратын. Қазір де елге барсам, сол дәстүр көңілімде сайрап тұрады. Соқпай кетпеймін. Бұл – заң!
Мен «әжемнiң баласы» болып өскенмін. Әкемдi «аға», анамды «жеңеше» дедiм. Әжем Хадишаның маған деген сағынышын, аналық махаббатын ойласам, осы күнге дейін таң қаламын. Ол кiсi тек менiң ғана емес, бүкiл әулеттiң алтын діңгегі еді. Әкем Жолдасбек пен көкем Мәуiздi, iнi-қарындастарымның барлығын мектепке жетектеп емес, арқалап алып барған да осы кiсi. 1935 жылы «Жартытөбе» колхозында мектеп табалдырығын аттағанын Жолдекең мақтаныш сезіммен еске алып отыратын. Ал 1939 жылы атамыз Оспан Сүлейменов Мырзашөл өңіріне, қазіргі Жетісай ауданына канал қазып, тың жерді игеруге, «ақ алтын» егуге аттаныпты. Ұлы Отан соғысы ауыл балаларын ерте есейтті. Тракторшылар дайындайтын курсты бітіріп, 1944 жылы, он алты жасында колхоздағы ең ескі трактордың руліне отырады. Одан соң агроном, аға агроном, комсомол-жастар бригадасының бригадирі, ал 1958 жылы жаңадан шаңырақ көтерген «Мақталы» совхозының №4 бөлімшесіне басқарушысы болып тағайындалды. Екі жылдан соң совхоз директоры болды.
Бұл әкем Жолдасбек Сүлейменовтің орда бұзған отыз бірінші көктемі еді…
***
…Мен өмірге келіп, қырқымнан шығар-шықпас күнімде әкем достарымен бірге келіп, әжемнен «көтерейінші» деп сұрап алыпты. Содан қуанышы қойнына сыймай, арғымағын қамшылай, алақандай «Ленинабад» ауылының шаңын аспанға көтере, бір айнала шауыпты. Әжем де «Құлынымды құлатып алмаса, жарар еді» деп артынан жүгіріп, колхозды бір айналып шығыпты…
Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің жастық, жалын күндерінің ең үлкен қуанышы еді!..
Әжем менi бірінші сыныпқа арқалап апарғаны әлі есімде. Оған бүкіл ауыл куә. Тентектігім үшін әкемнiң жауырыныма бағыттаған қамшысына әжемнiң алақаны тосқауыл тұратын. «Сенiң-ақ бiр қағарың бар екен» деп, әкем одан соң маған шапалағын да, қамшысын да «сыйламайтын» болды. Алақандай ғана ауылда менен асқан ерке, тентек бала жоқ еді. Тепсе темір үзер, өжеттігі өр, қайсарлығы жау тізесін дірілдетер, рухын шайқалтар күштің иесі, біздің ауылдың жігіттеріне тән еді. Бұл қасиет соғыстан кейінгі барлық жастардың бойына біткен асыл да ардақты қасиет еді. Бұл шыным.
Әкем өте қатал, сонымен қатар шексiз мейiрiмдi, әзіл-қалжыңы қатар жүретін кiсi-тін. Қатал дейтiнiм, бiздiң жалқаулыққа бой ұрып, жат қылықтармен әуестенуiмiзге мүлдем жол бермедi. Жағдай болса да, үлдемен-бүлдеге бөлеп, сайрандатып қойған жоқ. Күніге жұмысқа кетерінде барлығымызға тапсырма берiп, кешкiсiн оның орындалғанын тексеретiн. Бiздiң үйдiң маңында көлденең бiр талшық шөп жатпайтыны да, бақшамызда неше түрлі жемiс-жидектердің самсап тұратыны да сондықтан едi.
Менiң журналист мамандығын қалағанымда әкем алғашқыда қарсы болды. Бiрақ «жоқ» деп бетiмнен қақпады. Кәсiби жолдамамды Жезқазған облыстық газетiне алғанымда, «Барып қайт, нағашыларыңның елi ғой», – деп шығарып салды. Жат жерде жүріп, үлкен өмiр мектебiнен өттiм. Ал Киров аудандық газетiндегi бiр жарым жылдық өмiрiм әкемнiң көз алдында өрбiдi. Алғашқы күннен бастап фельетон, сын мақалаларым жарияланды. Бiраз ағайындар үйге келiп, ризашылықтарын бiлдiрдi. Кейбір шаруашылық, мекеме басшылары аудандық партия комитетiне шағым жасап, менiң сын мақала жазбауыма тыйым да салдырмақшы болыпты.
– Балам, менi райкомға шақырды. Екінші хатшы сенiң жазған сын мақалаларың туралы айтты. Бюро мүшелерінің кейбiрi солардың сөзiн сөйлеп, ауыздары қисайып қалыпты.
– Сiз не дедiңiз? – дедiм мен.
– Баламның жұмысына араласпаймын деп жауап бердiм, – дедi әкем. – Жаз, тек шындықты жаз, дұрыстап жұмыс iстесiн!
Әкемнiң бұл сөзiне iштей қуанып қалдым.
Аудандық газетке «жарамаған» кейбiр сын мақалаларым облыстық, республикалық басылымдардан пана тапты.
Ал, мен Алматыға жұмысқа ауысқанда, кейбiр басшылар қуанғаннан той жасапты.
«Мақталы» – алтын бесігім
Әкемнiң бүкiл жастық шағы, ал менiң балалық, бал дәурен – гүл дәурен күндерiм «Мақталы» кеңшарымен тікелей байланысты. Менiң санамда «Мақталы» – үлкен бiр әлем. Оның мақталы алқаптары ұшан-теңiз, қоршаған саябақ ағаштары ит тұмсығы өтпейтiн Американың Жунгли – ну ормандарынан, көгiлдiр көктемнен бастап, қоңыр күздiң соңғы күндерiне дейiн шомылатын каналы Амазонкадан, Тынық не Атлант мұхиттарынан бiрде-бiр кем емес-тi. Ал, қазiр сол естелiктерiмнiң барлығы «Мақталы» тарихының бiр тамшысы – менiң өмiрбаяным. Әкей өмірден өтті. Оның көзін көргендер де азайып қалды. Бірақ сол кісінің ұлы екенімді естігендер ерекше ілтипатпен, мейірім шуағымен қарайды. Елге танымал журналист, жазушы болсам да, «Жолдекеңнің баласы» деп қабылдайды. Бұған әрине, мақтанамын. Жас балаша шаттанамын, марқаямын. Бәз-баяғы үй-көшелерді көргенде балалық шағым есіме түсіп, тағы да қуанамын. Бұл – әкемнің қолтаңбасы, қалдырған жүрек жылуы.
Әлі есімде, менiң алғашқы мақалам аудандық «Коммунистiк еңбек» газетiне 8-сыныпта оқып жүргенiмде жарық көрдi. Ренжіп жүрмесін деп, бiрге оқитын қыз-жiгiттердiң аты-жөнiн түгел тiздім. Жақсылық Сырбеков, Сапархан Мұратов, Тұрысбек Мүтәлиев, Сапаралы Құттыгүл Сабырова, Рожа Қабыланова… Күнiне 70-80 келiден мақта теретiнiмiздi мақтана жаздым. Ертеңiне мектеп директоры барлық сыныптастарымды қатар тұрғызып, атқарған жұмыстарымызды талдай бастады. Орташа есеппен әрқайсымыз күнiне 30 келiден мақта терiппiз. Кейбiр достарым айына оншақты күндеп жұмысқа келмеген. Сондағы ұялғаным-ай!
Ойламаған жерден совхоз директоры Жолдасбек Сүлейменов келе қалмасы бар ма?
– Бұл батырлар не қылып тұр, мақта термей? – дедi әкем.
–Жолдеке, Бейсенбайдың аудандық газетке мақаласы шығыпты, соны талқылап жатырмыз, – дедi мектеп директоры әзілдеп.
– Сонда не дейдi?
– Күнiне 110-120 келiден мақта теремiз деп уәде беріпті, Жолдеке.
– А… онда оншақты күнде жоспарды орындайды екенбiз ғой, – дедi әкем.
Мен кiрерге тесiк таппадым. «Мақала жазып нем бар едi». Достарымда үн жоқ. Тiс жарып, ешқайсысы ренiш бiлдiрмедi. Бiрақ, бiр бiлетiнiм, сол күннен бастап, бiздiң сыныптың оқушылары еңбек етуден алдына жан салмады.
Тоғызыншы сыныпты бітірісімен әкем мені: «Ақыры баратын жерің ғой, ертерек таныса бер. Сиқымбай көкеңмен Алматыға жолға дайындал», – деді. Астанада профессор Әбді Тұрсынбаевтың үйіне тоқтадық. Әбекең КазГУ-де КПСС тарих кафедрасының меңгерушісі, үлкен ғалым еді. Мәриям жеңгеміз өте бауырмашыл, қолы ашық, анамыздай мейірімді жан болып шықты. Дастархандарынан қонақ үзілмейтін. Ал 1968 жылдың жазында мектеп бітіріп, Алматыға оқуға келдім. Таныс қала. Ой-шұқыры көзіме оттай басылды. Өмірге ерте икемдегені үшін әрине, әкеме рахмет!
Құжаттарымды журналистика факультетіне тапсырып қойғанмын. Емтиханға үш күн қалғанда ауылдан әкем келіп: «Балам, талантың болса, жерде қалмассың. Малдәрігерлік институтты бітіріп-ақ Шыңғыс Айтматов қандай жазушы-журналист. Олжас Сүлейменов те тау-кен институтын бітірген. Ал жырақта, Дон жағалауында жатып-ақ Михаил Шолохов әлемді аузына қаратқан жоқ па? Қарапайым журналист болсаң, қарның ашып қалады. Менің ақылымды тыңдасаң, тарих факультетіне түс. Ең болмаса, партия қызметінде жүрерсің» деді. Төбемнен жай түскендей. Әкеге қарсы келу қайда! Сөйтіп, құжаттарымды қайтарып алдым. Бұл әңгімені ешкімге айтқан жоқпын. Мазасыз күндер басталды…
Әкем ауылға қайтысымен құжаттарымды қайтадан журналистика факультетіне тапсырдым. Оны үй-ішіне білдірмедім.
Алғашқы емтихан күнгі әбігерге түскенім әлі есімде. Балалық та шығар, асығып жүріп төлқұжатымды пәтерде ұмытып кетіппін. Емтиханға кіргізбеді. Үйге барып, төлқұжатты алып келуге туа келді. Жүгіріп, сыртқа шықтым. Көлік тоқтай қойсайшы. Жұрттың бәрі таңертеңгі жұмысына асығып барады. Оның үстіне көлік дегенің де бірен саран. Менің шыдамым жетпей жолдың арғы бетіне өттім. Бір кезде үш доңғалақты мотоцикл келіп, бағдаршамға тоқтады. Жүгіріп барып, артқы орындығына отырып алдым.
– Ағатай, құжаттарымды үйде қалдырып кетіппін. Емтиханға кіргізбей жатыр. Кешігіп барам. Көмектесіңізші? – деймін орысшалап. Мотоцикл жүргізуші де жұмысқа асығып бара жатқанын айтып, көнбейді. «Түс, түс!». Екеуміз кері бағытқа қарай зулап барамыз. «Бітті, енді келер жылға қалдым. Әкеме не деймін. Ауылдағылардан да ұят» деген ой келді. Тіпті ұзап кеттік. Болар іс болды, мен де қайтпадым. Бір кезде жүргізуші аяп кетті ме, оңға бұрылып, мен айтқан мекен-жайға қарай тартты. Пәтерге кіріп, төлқұжатымды алып шықтым. Мейірімді ағатай университет маңына әкеліп түсірді. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Жақсы адам екен. Ақшамды да алған жоқ. Кетерінде бұрылып: «Мықты журналист бол!» деді. Мен уәде бердім.
***
…Оңтүстіктегі үш ауданды Өзбекстанға өткізіп жіберген кез. «Мақталы» совхозы Сырдария облысындағы ең озат шаруашылықтардың бірі. Әкемнің дүркіреп тұрған кезі. Жақында ғана Ленин орденімен марапатталған. Совхоздың жұмыстарымен танысуға Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидов келмекші екен. Аудан басшылары шала бүлінуде. Қадірлі қонақ біздің үйден түстенетін болыпты. Бірақ аяқ астынан дайындалған ас қазан-ошағымен дала қосына әкетілді. Үйде тіске басатын бауырсақ та қалдырған жоқ. Біраздан соң сау етіп, мемлекет басшысының қара «Чайкасы» нөкерлерімен есіктің алдына келіп тоқтады. Мен далаға жүгіріп шықтым. Сөйтсем, өзім күнде теледидардан көретін Шараф Рашидов ака көлігінен түсіп тұр. Айналасы тола адамдар. Қастарына келіп амандастым. Барлығы аң-таң. Үйдің алдында менен басқа ешкім жоқ. Үлкен қонақ менің қолымды ұстап тұрып, атымды сұрады. Даусы да жұмсақ, жүзі де мейрімді көрінді. Мен әкемнің үлкен тас жолдан оңға, үшінші бөлімшеге бұрылатын дала қосында күтіп жатқанын айттым. Олар көліктеріне мініп, солай қарай кетті. Кездесетін жер табан астынан өзгертілгендіктен жол бастаушы түсінбей қалыпты.
Әкем мені Ташкент, Алматы, Шымкент қалаларына жиі алып баратын. Онысы ел араласын, жер көрсін дегені болса керек. Сондай кездердің бірінде, әкем демалыстан оралып, оны «Мәскеу – Ташкент» поезінен күтіп алуға бардық. Поезд 12 сағатқа кешікті. Темір жол вокзалында алаңдаумен жүрдік. Бір кезде поезд келді-ау. Әкеммен бірге екі өзбек әйелі түсті. Оларды ешкім күтіп алған жоқ. Әлгі екеуі мазасыздана бастады. Сол кезде әкем оларды өз көлігімен жеткізіп тастайтынын айтты. Екі апайды мінгізіп, ескі Ташкенттің көшелерімен ұзақ жүрдік. Жүргізуші көкем де сасқалақтап, жол ережесін бұзғаны сол еді ГАИ тоқтатпасы бар ма? Әлгі әйелдің біреуінің сыртқа шыққаны сол еді, гаишник сәлемдесіп, кешірім сұрады. Біз екі қонақты үлкен қорғанның алдына апарып түсірдік. Олар есіктің алдында паранже жамылған екі кемпірмен көрісіп, мәре-сәре болды. «Адасып кетпейсіңдер ме?» деді бізге. «Жоқ, қайтар жолды табамыз» деді жүргізуші. Сөйтсек, әлгі апай Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрайымы Ядгар Садыққызы Насриддинова ханым екен.
1966 жылдың 26 сәуірде Ташкентте, таңертеңгі сағат 5-тен 22 минут өткенде, күші 8 баллдық қатты жер сілкінісі болды. Неге екенін білмеймін, әкем мені сол күні Өзбекстанның астанасына алып барды. Қираған үйлер. Зілзала теңселткен халық. Тас көшелердің қақ ортасына тігілген палаткалар… Осы бір қайғылы көрініс есіме түскен сайын, әлі күнге дейін төбе шашым тік тұрады.
Бірақ зілзала түскен жеріне ауыр болғанымен, алып империя – Кеңес Одағы тауқыметті көтеріп алды. Әрбір одақтас республика жабыла жұмылып, екі жылда жаңа қала салып берді. Соның айғағы зәулім үйлер бой түзеген Қазақстан проспектісі әлі күнге дейін мен мұндалап тұрады…
Мұндай сәтті кездесулер, жүрек тебірентерлік көріністер қаншама десеңізші! Мені ерте есейткен де, ең негізгісі үлкен журналистикаға жетелеген, жазушылыққа итермелеген де осы оқиғалар шығар! Оның ең басты себепкері, әрине, асыл да ардақты әкем болса керек.
…Ал мына оқиғаның мен үшін шоқтығы биік. Өзбекстанға өткен, өзбек теледидарын көрген, күндіз-түні өзбек әуенін тыңдаған кезең. Сол жылы Сырдария облысы мемлекетке «ақ алтын» тапсыру жоспарын орындай алмай, 31 желтоқсанға дейін мақта тергеніміз әлі есімде. Қардың астында қалған-құтқан, шашылған «ақ алтынды» жинап, әбігерге түстік. «Мақталы» совхозы облыста алғашқылардың бірі болып, жоспарын 161 пайызға орындаған. Халықтың әбден қалжырағанын түсінген әкем мақталық алқаптың жерін айдатып жібереді. Оны білген облыс, аудан басшылары комиссия жібертіп, тексерумен болады. «Жоспар артығымен орындалды. Алқапта теретін мақта қалған жоқ. Ендігі жылғы науқанға дайындалып жатырмыз» – деп әкем ақталумен әлек. Тиісетін себептері де жоқ. Жоспар артығымен орындалған. Сонда да болса, комиссия мүшелері айдалған жерді қайта қазып, астында қалған қозапаяларды тексерумен болды. Ешқандай айғақ жоқ. Бірақ жоғары жақтың тапсырмасы сол, тіміскілеу керек. Әкем олардың бұл әрекетіне ерегісіп, егістік алқаптарды суарып жібереді. Сол кездерде Мырзашөл өңірінде халық билікке наразы болып, Қазақстанға қайта өту мәселесі қозғалып жатқан кез еді. Кейбір жандайшап-намыссыздар халық арасында іріткі салып, «Өзбекстанда қаламыз. Жағдайымыз жақсы» деген арыз-шағымдар ұйымдастырып жүрді. Ол «науқанның» басы-қасындағылар облыс, кейбір аудан басшыларының өздері еді. Олардың құйтырқы әрекеттерін әкем жақсы білетін. Күн ара облыстық партия комитетінде жиналыс. Қайткен де жоспарды орындау, халықты жұмылдыру керек. Сондай күндердің бірінде, облыстағы жиналысқа әкем бармай, орнына совхоз партия ұйымының хатшысын жібереді. Жандайшаптар облыстың бірінші басшысына шағым түсіреді. «Біз міндеттемені орындай алмай жатқанда, кейбір совхоз директорлары жоспарларын бітіргенін тойлап жатыр. Ол Жолдасбек Сүлейменов» дейді. Облыстың бірінші хатшысы ашуға басады. Оны естіген әкем: «Олай болса, қызметтеріңді ала қойыңдар. Мен Қазақстанға көшемін!» деп өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазып береді. Облыс басшылары екіге бөлініп, жұмыстан босатқанымен, көшуге рұқсат бермейді. Билік онсыз да дүрліккен халықтың Қазақстанға көшуінен қорқып, әкемді жібермейді. Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің «қызыл империяның» сұрқия саясатына, ала тақиялы ағайындардың астыртын отарлау саясатына ашық наразылығы, көрсеткен азаматтық мінезі еді…
Осыдан бір жыл бұрын әкем демалыста жүргенде, үйге суық киінген екі кісі келді, Түнімен қағаздарын ақтарды. Суреттерін іздеді. «Ертең әкеңмен хабарлас, бізге жалғыз түскен, документтік суреті керек» деді. Менің «не үшін?» деген сұрағыма: «Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа ұсынамыз» деп жауап берді. Сол кездерде әкемнің үйде суреті де жоқ екен. Екі-үш күннен соң Кисловодскден әкем хабарласты. Жаңағы әңгімені айттым. «Жоқ! Керегі жоқ» деді қысқа қайырып. Мен әлі күнге дейін олардың «үш» әріптің бе, әлде екі әріп «ЦК» адамдары ма екенін түсінбедім. Кейін, жылдар өте ойлап қарасам, оларға Өзбекстанның сөзін сөйлейтін, жергілікті тұрғындарды тыныштандыратын сенімді адам керек екен ғой! Иә, әңгіменің төркіні қайда жатыр…
Бұл оқиғаны әкемнің қызметтес достары кейінге дейін: «Өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кеткен бірінші директор» деп әзілдеп жүрді…
Әкем жұмысты қайтадан, төменнен бастады. Алты ай «Мақталы» кәсіптік-техникалық училишенің директоры, одан соң жаңадан ұйымдасқан «Узсельхозтехника» бірлестігінің басқарушысы болды. Табандай жеті жыл аудан шаруашылықтарын техникамен қамтамассыз етті. Одан соң жаңадан шаңырақ көтерген «Қоғалы» қаракөл-қой совхозына директор болып тағайындалды.
Бұл – әкем Жолдасбек Сүлейменовтің қамал алған төртінші мүшел жасы еді…
«Қызылқұм қазынасы» осылай жазылды
Жолдекеңнiң «Қызылқұм қазынасы» кiтабының жазылуына себепшi болған Жаппар Әбдәзiмов. Ауылға келген сайын бiр топ журналист жолдастармен ауданға, райкомға соқпай, бiрден «Қоғалы» қаракөл-қой совхозына өтiп кететiнбiз. Ол кезде газеттiң беделi, құдайға шүкiр, ханның өзi iздеп келiп сәлем беретiндей еді ғой.
Мен республикалық «Қазақстан пионерi» («Ұлан») газетiнiң бас редакторымын. Ал көкем академик, мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанов ол кезде «Жас алаш» («Лениншiл жас») газетiнiң бас редакторы-тын. Ауылға барғанда қасымызда республикалық газеттердiң Оңтүстiк өңiрiндегi меншiктi тiлшiлерi, сондай-ақ атақты фототiлшi Рахымбай Ханалы жүретін. Мұндай кезде әкем бір жасап қалады. «Қоғалы» совхозының шаруашылығын аралаймыз. «Ақ түйенің қарны жарылған» мереке басталады. Ал Алматыға келген соң, Рахымбай Ханалының фоторепортаждары бүкіл республикалық басылымдардың беттерінен орын алады. Қазақ радиосынан шопандар жайлы очерктер айлап үзбей беріледі. Сондағы шопандардың қуанышын айтсаңызшы! Олар жоспарларын қайта қарап, міндеттемелерін еселей түседі. Құмды ауылда ұлан-ғайыр той-думан басталады. Бұл кез әкем Жолдасбек Сүлейменовтың бақ қонған, жұлдызды күндері екен. Бұл – алтын ғасырдың – алтын дәурені еді!
1986 жылдың көктемiнде кiтап жазу мақсатымен ауылға баспагер-жазушы Әбіғұл Ибрагимов пен досым, журналист Болат Оңғарбайды ертіп келдiм. Совхоз директоры қасымызға селолық кеңестiң төрағасын қосып бердi. Әңгiменi қай шопаннан бастайтынымызды, кiмнiң үйiнде түстенiп, қонатын жерiмiзге дейiн түсiндiрдi. Бiз шаруашылық басшысының сары «Уазигiмен» Қызылқұмның жұмбақ соқпақтарын шопандардан да жақсы бiлетiн грек жiгiтi Абрааммен жолға тарттық. Селолық кеңестiң төрағасы иығына екi кiсi мiнгендей, әңгiмешiл, қойлы ауылдың шежіресін жақсы білетін жiгiт екен. Зеріктірген жоқ.
Шiркiн, Қызылқұмның шопандары-ай! Ол кезде жағдай солай болды ма, әр шопан көптен күткен құдасындай қарсы алып жатты. Көп сөйлесуге уақытымыз аз. Тез жұмысқа кiрiсемiз. Рахымбай суретке түсiредi, ал Болат болса, оны-мұны сұрап, сұхбат алып, қойын дәптерiне жазумен әлек. Ал аға шопан болса, еш сөзге келмей үлкен тоқтысын жерге алып ұрады. Бауыздап, бiр қабырғасын өкпе-бауырымен қоса сылып алып, әйелiнiң қолына ұстатады. Жарты сағаттың iшiнде бiз де әңгiмемiздi бiтiремiз, қуырдақ та дайын.
Түн жарымы ауғанда, жетiп жығылатын Ахмет Жұмабаевтың үйiне бет алдық. Қызылқұмның ой-шұңқырлы, беймәлім жолдарымен жүйткіп келе жатып, бағытымыздан адасып қалдық. Қол созым жерде шопан үйiнiң жарығы көрiнедi.
– Абраам-ау, мына үйге бұрыл, жол сұрайық, – дейдi селолық кеңестiң төрағасы.
– Жоқ. Жолдекеңнiң жүргiзушiсi адасып қалыпты деген жұрттың әңгiмесiне қалатын жайым жоқ.
Абраам көнбей қойды. Шамамен жиырма минуттай әбiгерге түстiк. Ақыры жүргiзушi бағытты тапты. Сөйтсек, бiр «К-700» тракторы жолды бұзып кетiптi.
Абраам Тепетов Жолдекең зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн ағайындарымен бірге Грекияның Салоники қаласына көшiп кеттi. Әкем оған су жаңа машина алып берді. Бауырымдай болған азамат хабарласып тұрды. Әкемiздiң өмірден өткенін естiп, ауылға арнайы келгенi бар. Сондағы Абраамның өксiгiн баса алмай жылағанын көрген анамыз көпке дейін: «Балалары бұлай жылаған жоқ еді», – деп әзілдеп жүрді.
Абраам әкемнің туған баласындай болып кеткен азамат еді…
Әкем адамдарды руына, ұлтына қарап бөлмейтін. Кім жұмысты жақсы істесе, сол дос-бауырындай. Жалқауларды бір түнде келген жағына көшіртіп жіберетін. Ал, озат шопандарды құрдасындай еркелетіп, жағдайларын жасап отыратын. Сондықтан болса керек, совхоз барлық көрсеткіштер бойынша аудан, облыста ең алдыңғы қатарда болды.
…Алыстан Ахметтiң үйi көрiндi. Айналасы күндiзгiдей жап-жарық. Мал кiрмесiн деп сым тормен қоршап қойған. Есiгі айқара ашық. Ақаң бала-шағасымен көгiлдiр экраннан көркем фильм көрiп жатыр екен.
Ахмет шынында да, керемет жiгiт болып шықты. Маған бiр көргеннен ұнады. Жiгiттердiң шай iшуге шамасы келмей, бiр-екi кесе айран iштi де, дем алуға кiрiстi. Үлпілдеген құс жастық, аппақ төсек. Байқап қарасам, дүкеннен жаңа алғандай. Бағасы жазылған қағазы жапсырулы тұр.
Екеумiз мотоциклге мiнiп, қоян аттық. Әйтеуiр, сол түнi Ақаң көз iлген жоқ. Қой сойды, малдарына қарады. Ал, таңертеңгi көрiнiс мүлдем басқаша едi. 4-5 бөлмелi ақшаңқан екi үй қатар орналасқан. Айналасы сым тормен қоршалыпты. Көлденең жатқан шөп көрмейсiң, тап-таза. Есiктiң алдында екi жеңiл машина. Құдықтың қасында шағын, айналасы қоршалған көкөнiс алқабы. Қияр, қызанақ самсап тұр. Ахметтiң мына тазалығына, ұқыптылығы мен iскерлiгiне, ең негiзгiсi, бауырмашылдығына, бiз мақтайтын немiс ағайындарың шаңына да ілесе алмайды.
Ойлап отырсам, бұл жiгiттi Жолдекеңнiң мақтайтынындай бар. Аудан, облыстан келген қадірлі қонақтар Ахметтiң дастарханынан дәм татпай кетпейтiндiгi сондықтан екен.
Әкем көктем келісімен орталықтағы әрбір үйдің ауласын аралап, тазалығын, көгалдануын, жеміс-жидек өсіруін қатаң талап ететін. Оның орындалуын өзі тексеріп отыраты…
Маған қымбат осы бір асыл адамның тағы бір ерекшелігі ағайын-туыспен, жаны жайсаң жақсы жандардармен таныстырып, табыстырып жүретіні еді. Соның арқасында Оңтүстік өңірге еңбегі сіңген, халық игілігіне бөленген қаншама адам маған да көке атанды. Олар Социалистік Еңбек Ері, сол кездердегі ОҚО темір жолының бастығы Әуезхан Салықбаев, жазушы Садықбек Адамбеков, профессор Әбді Тұрсынбаев көкелерім еді. Әкем оларға арнайы ертіп барып, шегелей таныстырғаны да әлі есімде. Солардың арасынан Оңтүстіктің алтын діңгегі атанған Әуезхан Салықбаевты көрген сайын қуанып қалам. Ол кісі де әкемнің жақсылығын айтып, көңлімді көкке жеткізіп тастайды. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген осы да.
* * *
Асыл әкемнiң дүниеден өткенiне отыз жылдай уақыт өтіпті. Жер басып жүрген адамға аз мезгіл емес. Мен әкемдi үнемi қасымда жүргендей, жеңiсiме қуанып, қолдап, демеп жүретіндей сезiнемiн. Өйткенi, ауылға барсам, әкемнiң көзiн көрген, тұз-дәмдес болған, үзеңгiлес жүрген жандарды көремiн. Олар да маған ерекше мейiрiм шуағымен қарайды, бауыр тартады. Ең бiр жақын туысындай, ерке ұлындай қарсы алады. «Жақсы әке нашар ұлға қырық жыл азық болады» деген осы шығар.
Өмiр жалғаса бередi. Әке өсиетiн тiршiлiкке арқау етiп, бiз келемiз. Жұмыр жердiң қай түпкiрiнде жүрсем де, қараңғыда жол сiлтеген жарық жұлдыз – Темiрқазықтай қарсы алдымда сәуле шашып, әке бейнесi тұрады…
Қазір ойлап отырсам, әкемнің маған деген көңілі өзгеше, телегей теңіздей екен. Кезінде аңғармаппын. Олай дейтінім, көбінесе сырт жерде жүрдім. Алматы, одан соң Жезқазған облыстық газетінде. Ал 1975 жылы ауылға келіп, біржарым жылдай аудандық газетте қызмет жасадым. Менің елге сыймай жүргенімді сезген әкем үйленіп, партия қатарына өткен соң қайтадан Алматыға баруыма рұқсатын берді. Өзі жаңадан шаңырақ көтерген «Қоғалы» қаракөл-қой совхозына директор болып тағайындалды. Мен аудандық газетке су жаңа басшыдан, әкемнен алғаш рет сұхбат алдым.
Жолдекең өнер адамдарын, оның ішінде журналист, жазушыларды өте жақсы көретін. Ауданға келген журналистер әкейдің совхозына соқпай кетпейтін. Менің әріптестерімнің біріне өкіл аға, енді біріне өкіл әке болды. Оларды өз бауырындай еркелетті, мендей жақсы көрді.
Ойлап отырсам, әкем қай салада еңбек етсе де, дос-шәкірттері айтқандай сол саланың білгір-данышпанындай, даланың академигіндей еді. Бір танысқан адамын, естіп, оқыған дерегін ұмытпайтын. Баяндаманы қағазсыз жасап, барлық мәліметтерді ойында сақтайтын. Әттең, тиіп-қашып оқығаны болмаса… ғалымның шыңына жететін, алар асуы, бағындырмас белесі болмайтын шығар деп ойлаймын…
***
Әкем Мәскеуден телефон соғады. Алып шаһардың маңындағы демалыс орындарының бірінде дем алып жатқанын айтады. Ертеңіне қайта хабарласып, толассыз жауған жаңбырдың зеріктіріп жібергенін сылтауратып, үш-төрт күннен кейін Алматыға келетінін, қалаға жақын маңдағы шипажайлардың бірінен орын дайындап қоюымды сұрайды. Мен республикалық «Ұлан» газетінде бас редактормын. Жанталаса телефон шалып, мықты деген шипажайдың бірінен орын әзірлеймін. Әкем келеді. Күтіп алайын десем: «Жұмысыңнан қалма, жүргізушіңді жіберсең болғаны», – деп қысқа қайырады. Алматыдағы қонақ үйлердің біріне орналасқан соң, жұмысыма соғады. Жігіттердің барлығын таниды. Олар өз әкелері келгендей қуанады. Ұлы журналист болғандықтан шығар, шығармашылық, өнер адамдарына бүйрегі бұрып тұратын-ды.
Екі-үш күн демалып, таныстарына жолығады. Немерелерін көріп, мауқын басады. Одан соң ақын қарындасы Фариза Оңғарсыноваға, «Қазақ Энциклопедиясының» Бас редакторы, академик Рымғали Нұрғалиевке, журналист-жазушы, «Жас алаш» газетінің бас редакторы Уалихан Қалижановқа жолығады. Таныс та, бауыр да жетеді. Олар ауылдың сағынышын арқалай келген ағаларына мәз.
– Достарыңды жина. Шәй ішейік. Оңашалау жерге тапсырыс бер. Шымкентке билет алып қойдық. Сол жерде де, дем алатын жақсы шипажайлар бар ғой. Сонда барып, оншақты күн тынығармыз, – дейді әкем асығыс.
Кешке қарай, мейрамханалардың бірінде бас қосамыз. Жолдастарыммен шүйіркелесіп, біраз әңгіменің басын қайырады. Арнайы тост көтеріп, хош айтысып, жолға шығып кетеді.
Ойлап отырсам, осы бір шуақты кездесулер жыл сайын қайталанатын. Кисловодск, Мәскеу, Алматы, Шымкент… Сөйтсем, әкем мені арнайы іздеп келеді екен. Бір жағынан сағынатын да болар, үлкен ұлының жетістіктеріне қуанатын да шығар. Бір байқағаным, еркелетіп маңдайымнан сипамаса да, мақтап арқамнан қақпаса да, көзге көрінбейтін, тек жүрекпен ғана сезетін сағыныш тұратын-ды.
«Әке – балаға сыншы» дейді халық даналығы. Өз қолымен тұғырын қалап, республикаға белгілі іргелі шаруашылықты жасаған еңбегін баянды етуге күш салғанымды, «Қоғалыдағы» орта мектептің қақпасына есімін мәрмар тастан қашатып жаздыратынымды, мәңгі тірі асыл бейнесі – бюстін орнататынымды сол кезде білмеген де шығар. Ең кереметі, оқушылардың күміс күлкісінің куәгері болып, жүзі шуақ шашып, мектептің қақ төрінде тұрғаны бір ғанибет емес пе?.. Әке бейнесінің асқақтай түскені ұлының, перзенттік парызының орындалғаны шығар!
Білмеймін, әке аманатын ақтадым ба, жоқ па. Бірақ бір білетінім, журналистикаға адал болдым. Қарапайым тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолды бағындырдым. Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан ең алғашқы республикалық газеттің бас редакторы атандым. Қазақ журналистері арасынан Оңтүстік Американы, әрбір қазақ баласы армандаған Жунгли, Амазонканы зерттедім. Туысқан халық – үндістер жайлы үш кітап жаздым. Одан соң Африка құрлығы, қысқасы бір адамның өміріне, арманына жетерлік тіршіліктің басын қайырдым. Оны әкем көріп те, қуанып та жүрді. Ал журналистер үшін арман – Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанғанымды Жолдекең көрмей кетті. Әттең…
Бұл – дала академигі атанған, Атамекенін сағынып өткен Жолдасбек Сүлейменовтің жұмбақ әлемі. Енді менің де әлемім…
Бейсенбай СҰЛЕЙМЕНОВ,
публицист, жазушы.