Белгілі публицист, жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің «Сырлы әлем» атты кітабынан үзінді естеліктер жариялауды жалғастырамыз.
«СІЗ ҺӘМ ДЕМАЛЫҢЫЗ, СОВХОЗ ҺӘМ ДЕМАЛАДЫ»
Жолдекең, яки Жолдасбек Сүлейменов бір айлық еңбек демалысынан кейін жұмысқа шығады. Ең алдымен өзінің орнында директордың міндетін атқарып қалған бас зоотехникті шақырып, оңаша әңгімелеседі. Бұл кісі де кезінде Өзбекстанда ұзақ жылдар шаруашылық басқарған еді .
Бірақ қазір мына совхозда оның сөзіне ешкім құлақ аспайтын болса керек. Негізі, «Қоғалы» қаракөл-қой совхозы жаңадан ұйымдастырылған, көп салалы шаруашылық-тын. Мал жайылымдары да шалғай, жұмысшылары да жан-жақтан жиналған, қырық ру. Тек Жолдекеңнің қаталдығының арқасында ғана жұмыс ілгері жүріп, миллионер шаруашылық атанған.
– Халдарың қалай болып жатыр? – дейді совхоз директоры.
– Оның несін сұрайсыз, Жолдеке. Сіз һәм демалдыңыз, совхоз һәм демалды. Ең болмаса, бір үлкен портретіңізді орталық көшедегі бағаналардың біріне іліп те кетпепсіз, – депті бас зоотехник әбден күйіп кетіп.
Өзін совхозда ешкімнің тыңдай қоймағанын меңзегені ғой.
Бұл енді таза өзбекше мақам, өзбекше қыршаңқы, ащы юмор еді…
«БІЗ ДЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ ЕКЕНБІЗ…»
Бұл оқиға Өзбекстанның Қазақстанға көршілес «Ленинград» колхозында болған еді. Елді мекен дәмді тағамдарымен көпшілікке таныс жер-тін. Мақтаарал өңіріндегі әрбір атқамінер азамат осында келіп, түстеніп кетуді жөн көретін.
Соғыстан кейінгі жылдар. Халықтың тұрмысы төмен. Жоқшылық әбден қабырғаларын қайыстырған. Сондай бір қысыл-таяң кезеңде колхоздың төрағасы еңбек демалысына шығады да, орнына бас есепшіні қалдырып кетеді.
Әлгі бастық бір айдан соң ауылға оралып, жұмысына кіріспек болады. Сөйтсе, бас есепші: «Біз де істей алады екенбіз», деп орнын босатпайды. Оған әбден ызаланған бастық аудандық партия комитетіне шағымданады.
Колхоздың аты колхоз. Бастықты колхозшылардың жалпы жиналысында сайлайтын тәртіп бар. Сөйтіп, шаруашылықтың ашық жиналысы өтеді. Ауылдастары бір ауыздан бас есепшіні төраға етіп сайлайды. Сырт көзге ағайынгершілік басым болған сияқты көрінгенімен, негізінде, оның басты себебі, бұрынғы төраға демалысқа кеткенде, жаңа басшы колхозшылардың еңбекақысын көбейтіп, жағдайларының жақсара түсуіне ерекше көңіл бөліпті. Сыйлықты да аямай бергенге ұқсайды. Өз тапқандарын өздерінен аясын ба!
Колхозшылардың жаңа бастықты қолдағандары сондықтан екен.
«А-А, СІЗ ОТЫР ЕКЕНСІЗ ҒОЙ!»
Бастық кезекті еңбек демалысынан оралса, орынбасары оның орынтағында қонжиып отыр екен.
Басекең момындау кісі болса керек, әдеп сақтап тұра береді. Орынбасары ана жұмысты бір, мына мәселені бір қозғап, оларды қалай шешкенін мақтана айтып отыра береді. Орнынан қозғалмайды.
Бұл көрініс келесі күні тағы қайталанады…
Ертесіне тағы ерте келіп, есігін ашса, орнында орынбасары отыр екен.
– А, кіріңіз, кіріңіз, менде жұмысыңыз бар ма еді? – дейді бастығына.
Ол сипалақтап біраз тұрада да қайтып кетеді.
Төртінші күні дегенде таң сәріден жұмысқа келген бастық орнына жайғасады.
Сағат сегізден аса бере орынбасары есікті сәл ашып:
– А-а, сіз отыр екенсіз ғой, кешіріңіз, – деп, есікті сыртынан жапқан екен…