Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

АСТАНА. 21 маусым. Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміз бойынша жексенбі, 21 мамыр күні басталды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.

Тестілеу 5 шілдеге дейін созылады. Оның алғашқы күні 61 бекеттің 51-і ғана істеді, бұлардың 44-і ауылдық жерлерге орналасқан.

Бүгін 6 521 талапкер емтихан тапсырды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университет базасында орналасқан ҰБТ өткізу бекетінде болды. Ведомство басшысы талапкерлерді аудиторияларға кіргізу процесін бақылап, оларға сәттілік тіледі.

«Балалардың көңіл-күйі өте жақсы. Менің ойымша, атқарылған барлық шаралар – тестілеу тапсыру уақытын ұзарту, калькуляторларды пайдалануға рұқсат ету, мектептегі қорытынды емтихандардан босату және көптеген тегін байқау сынақтары айтарлықтай септігін тигізді. Аталған пунктте ата-аналар барынша тәртіпті сақтап, балаларын тестілеу пунктіне әкелген соң бірден кетіп отырды. Бұл өте маңызды болып табылады. Еліміз бойынша таңғы сағат 8-де барлық балалар аудиторияларға кіргізілді, өйткені балаларды көшеде ұстамай, ҰБТ-ны уақытында бастау маңызды. Аудиторияларда да балалар әдеттегіден әлдеқайда аз және балалардың қауіпсіздігі үшін тестілеу тапсырылатын лектердің жалпы саны 5-тен 15-ке дейін ұзартылды. Санитарлық талаптар да толығымен сақталуда», – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық нормаларға сәйкес барлық тестіленушілер дезинфекциялаудың 5 кезеңінен өтті: дезинфекциялық тоннельден өту, арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру, дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу, медициналық маскалар беру. Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тестіленушілер арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етілді. Әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңмен желдетіліп, өңделетін болады. Аудиториялар тек 35 пайызға дейін толтырылған, әрқайсысында 10-18 адамнан. Өткен жылы бір аудиторияда орташа есеппен 50 талапкерден болған.

Биыл еліміз бойынша 131 755 адам ҰБТ тапсыруға ниет білдірген, оның 111 109-ы немесе 82 пайызы осы оқу жылының мектеп түлектері. Жалпы, карантинге қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда, ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектердің саны 12 пайызға артып отыр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button