ҰБТ-дан 1 балл жинаған түлек шетелде білім алмақшы болып отыр
АЛМАТЫ. 12 шілде. ҰБТ-дан 1 балл алуымен бүкіл елге танымал болған Алматы облысы орта мектептері бірінің түлегі Ерасыл Уәлиев білім алуды шетелде жалғастырмақшы. Бұл туралы inbusiness.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ерасыл Уәлиев биылғы оқу жылында Алматы облысы Іле ауданының «Байсерке» ауылындаға №12 мектепті бітірді.
Ол 9-сыныпқа дейін үздік оқушылардың қатарында болған. Биыл екі рет ҰБТ тестілеуін тапсырған. Мұның 12 маусымда өткен біріншісінде 93 балл жинаса, 30 маусымда өткен екіншісінде әдейілеп 1 балл алған. Қаңтар, наурыз айларында өткен алғашқы дайындық сынақтарына қатыспаса да, бірінші тестілеуден-ақ 93 балл жинаған шәкірт өзі қалаған «Мейрамхана бизнесі» мамандығына грантқа түсіп тұрған. Екінші тестілеуге қатыспауына да болатынын біле тұра, әдейі барып, 1 балл алып шыққысы келгенін жасырмай айтқан. Бұлай жасауының себебін, ҰБТ тапсырып, өмірден түңіліп, төмен балл жинаса, өміріне балта шабылды деп қайғыратын жас түлектерге осымен өмір тоқтап қалмайтынын көрсеткісі келген екен.
Осы арқылы көптің назарын өзіне аударып, ҰБТ өмірдің соңы еместігін айғақтап берді. Бұл ісін ұстаздары мен ата-анасы қалыпты қабылдаған. Десе де, Ерасыл ұстаздарына зиян тиіп, мектептің дәрежесі түсіп кете ме деп алаңдаған.
Қазір кезде Ерасыл Уәлиев Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирель атындағы университеттен арнайы шақырту алып отыр.