Қазақ спортының ғажайып фото шежірешісі
Дендербай Егізов! Қырық жыл бойы қазақ спортының фото шежіресін бір өзі жасап, бір өзі арқалап шыққан жанкешті фототілші. Біздің Бауыржан дос, қазір президенттің кеңесшісі, ғылым докторы Бауыржан Омарұлы ол кісі туралы очеркіне «Жалқы мерген» деп ат қойып еді. Сол жалқы мерген ағаның өмірге келгеніне де биыл сексен бір жыл толыпты.
Біз спорт материалдарын он жасымыздан құмартып оқи бастадық. Ол кезде партияның міндеттеуімен ауыл балалары да бір жапырақ спорт газетін жаздырып оқитынбыз. «Спорт» газеті мен «Лениншіл жастың» спорт жөнінде түсірілген фотоларының астында «Суретті түсірген Д. Егізов» деген жазу тұратын. «Спорт» газеті қазақ, орыс тілдерінде аптасына екі рет шығады. Тиражы сұмдық – екі газетті қосқанда, 280 мыңға жуық. Иә, 1970-2000 жылдары осы қос газеттің Дендербай ағаның суретінсіз шыққан нөмірі болмаған шығар.
Алланың жазуымен біз де спорт журналистикасының соқпағына түстік. Күндердің күнінде Дендербай Егізовпен таныстық. Бәкене бойлы, маңдайы жарқыраған көзілдірікті кісі екен. Адам жатырқамайтын, әзілге жүйрік, қарапайым қазақ. Бірте-бірте етіміз үйренісіп, әзілдесетін жағдайға жеттік. Бірден көзім жеткені, уәдеге берік. Межелі жерге бес минут ерте барсаң да, Дендербай аға «неге кешіктің?» дегендей, оң қолымен сағатын сыртынан жайымен қағып тұрады. Ал кешіксең, пәлеге қаласың. Сосын, қолы ашық. Жарыс, жиын-тойлардағы суреттерді бума-бумасымен алдыңа тастай салады. Ақша сұрамайды.
Егізовте жарысқа бармау деген ұғым мүлде болмаған сияқты. Қаңтардың шыңылтыр аязында пәлен жыл фотоаппарат асынған оң иығы сәл еңкіш тартып, Медеудің мұзында сағаттап тұрғанын талай рет көрдік. Сенбі, жексенбіде «Динамо» стадионына допты хоккейге барсақ, күміс көзілдірігі анадайдан жалтылдап Дәкең жүреді. Қар аралас жаңбырлы кеште «Қайраттың» қарсы жақ бетіндегі қақпаның ту сыртында фотоаппаратын кезеніп, Егізовтің отырғанын көресің. Араға уақыт салып, бокс дуына дедектеп жетсек, алдымыздан жайраңдап Дәкең шыға келеді. Күрес майданына жолың түсе қалса, Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айхановтармен күлімдесе, әңгіме шертіп тұрады. Қысқасы, Дендербай Егізовті таңертең нөмірге «досыл» (шұғыл мақала, шұғыл сурет) беретін кезде газет-журналдар шоғырланған «Дәуір» баспасынан, қалған уақытта жарыстан табушы едік. Ол кісі «Жигулиімен» жарыс қуып жүргенде, біздер, спорт журналистері, газетке беретін фотодан еш қысылып көрмеппіз.
Дендербай аға жарысқа бармай, радио мен теледидардан мағлұмат жинайтын, немесе таң бозында басқа газеттердегі жаңалықтарға «жиендік» жасайтын тілшілерді жақтырмайтын. Ондай журналистерге ретін тауып шүйлігіп, сөзбен түйреп, шәт-шәлекейі шығып жүруші еді, жарықтықтың. Мұндай адам кімге жағушы еді. Жарысқа сирек баратын әріптестері Дәкеңнің сөзін кек тұтып, кейде сонау Медеуде түн қатып түсірген фотоларын нөмірге салмай, әбден күйдіретін. Сондағы қимайтындары, бір жағы – үш-төрт сом қаламақы шығар. Бейнелеп айтқанда, үш күндік «обедтің» ақшасы. Егізов Алматының ортасынан Медеуге барып келу үшін кемі қырық шақырым жол жүреді. Одан түн жарымына дейін көк мұздың үстінде бүрсең қағып жүріп, конкишілерді суретке түсіреді. Ал үйге жеткенше түн ортасы ауып кетеді. Содан құс ұйқылы Дәкең таң қараңғысында фотолабораторияға қарай құстай ұшады. Осынша бейнетпен кеше күндіз келіскен үш-төрт фотоны газеттің кетіп бара жатқан нөміріне ұсынбай ма, осы сәтте ішінде қыжылы бар журналистердің айтақтауымен басшылардың бірі тарыла қалады: «Дәке, аяқ астынан бермеуге болмайтын материал келіп қалды. Суретке орын жетпей тұрғаны…» Осы мезет Дендербай ағаның ащы даусы «Спорт» газетінің қабырғасын тіліп өтердей шаңқ ете қалады. Көзі қасқырдың көзіндей шатынап, соның уытынан көзілдірік байғұс бұлдырап сала береді. Осындайда емес пе, ескі дерттің сыр беретіні. Өкпесі сырылдап, кеудесі қысылып, әп-сәтте маңдайды суық тер басады. Шақар фотокор алдындағы журналисті сөзбен оңбай ірейді: «Қар жамылып, мұз жастанып мен жүремін. Жылы кабинетте рақаттана мақала жазып сен отырасың. Ұятың қайда?!.»
Дәкең керек кезінде мінезді, қиқар адам. Бірақ газеттің мүддесіне келгенде қоңыртөбел бесті ат тәрізді моп-момақан. Басылымның келесі нөмірі жоспарланар сәтте кешегі әңгімені тарс ұмытқан сыңайда алдағы жарыстардың қамына кіріседі. Содан оң иығына зілдей фотоаппаратын асып алып, алшаң басып не «Динамоға», не орталық стадионға, не қала сыртындағы аэродромға… кетіп бара жатады. Сыртынан қараған адамға генералдың бұйрығымен маңызды тапсырма орындауға аттанған қартаң солдат тәрізді. Ал Дәкеңнің «генералы» – сүйегіне біткен ар-ұяты, мыңнан бір адамға бұйыра бермейтін сұрапыл жауапкершілігі еді.
Сұрапыл жауапкершілік демекші, спорт сайыстарының басым көпшілігі сенбі, жексенбіде өтеді. Бес күндік қарбалас жұмыстан кейін қазақтың қонақ шақыруы мен тойлары дәл осы күндерге орайлас келетінін қайтерсің. Өзіміздің басымыздан талай өткен нәрсе. Дендер ағам жарыс қуған қырық жылда талай құдалыққа, сан мәрте қуанышты жиындарға Алмагүл тәтемді балалармен жіберіп, өзі дуы басылмайтын дүрмекті бәсекелердің бел ортасында жүретін. Үлгерсе, зайыбы мен балаларды алып қайту үшін тойдың тарқар тұсына барады, үлгермесе, жарыстан тура үйге тартады.
Алланың қалауы ғой, Дендербай Қажығалиұлы Қазақстандағы бар спорт түрін фотообьективіне сыйғызған жалғыз фототілші. Ол кісі көзі тірісінде туған халқы үшін тарихи ерлік жасағанын сезіне де қоймаған шығар. Иә, Дәкең жарысқа барғанды жұмысым, журналистік міндетім деп білді. Бірақ сол міндетін қырық жыл өте тиянақты, адал атқарғандығы себепті тұтас бір дәуірдің фототарихын түзіп шықты. Осы мақаланы жазу үстінде 1962-2002 жылдар аралығындағы ел спортының сүт бетіне шығар барлық спорт саңлақтарын суретке тартқан Дендербай ағаның қазақтың спорттық тарихын жасауда қаншалықты еңбегі сіңгенін тағы бір түйсінгендей болдық.
Енді Дендербай аға өміріндегі өзіміз куә болған кейбір сәттерге тоқталайық.1994 жылы күзде Қазақстан ұлттық құрамасы тарихта алғаш рет жазғы Азия ойындарында бақ сынауға тас-түйін дайын тұрды. Сол бәсекеге спорт басшыларының Егізовті апаратынына еш күмәніміз болған жоқ. Содан сапында бірнеше спорт журналисі бар қазақстандық делегация Хиросимаға ұшты. Бір қызығы, олардың қатарында Дендербай Егізов жоқ еді. Мұндайды күтпеген біздер аң-таңбыз. Ұзынқұлақтан жеткен хабардан туризм және спорт министрі Бірғаным Әйтімованың кейінірек ұшатынын білдік. Енді кідіруге болмайтынын ұғып, «Жас Алаш» газетіне «Егізовті қалдырып кетті» деген сын мақаланы жарқ еткіздік. Мақала шыққан бойда Дендербай ағаны шұғыл шақыртып, ол кісі министрмен бірге Токио арқылы Хиросимаға ұшатын болды. Хош, ағамыз ұшаққа мінді, біз елде қалдық. Қызық Токиода болыпты. Ағамыз министр түскен қымбат қонақ үйдің теледидарынан қалаған киносын, тілін түсінбесе де, ұнатқан хабарын көзіне ұйқы тығылғанша армансыз көреді емес пе. Ойында ештеңе жоқ, таңертең жолға жинала бастағанда төмендегі кезекші: «Мистер Егізов, сіз түні бойы ақылы каналды қосқан екенсіз. Осынша ақша төлейсіз», деп қолына пәленбай доллардың шотын ұстатады. Дәкеңнің есі шығады. Төлей қояйын десе, қарапайым фотокорда қайдағы доллар. Содан хабар министрге жетіп, қазақтың қазынасынан шыққан ақшадан Егізовтің қарызы төленген екен.
Біздің жөн білмейтін жастар Хиросиманың баспасөз орталығының жанына жалғыз тастап кеткен Дендербай ағаға күтпеген жерден Бауыржан Омарұлы жолығып, үйірге зорға қосылғаны өз алдына бір хикая.
1994 жылдың жазында Бауыржан Омарұлы екеуміз Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрында Дендербай Егізовтің 55 жылдық мерейтойына орай бенефис ұйымдастырдық. Сол қуаныш үстінде қазақ боксының серкесі Серік Қонақбаев пен белгілі былғары қолғап шебері Болат Манкенов Дәкеңе су жаңа «Жигули» мінгізсе, атақты балуан Дәулет Тұрлықанов кешке жиналған қонақтарға ақ дастарханын жайып тастады. Дендер ағаның қадіріне жеткен бауырларға мың да бір рахмет! Ал шынтуайтына келгенде осылай болатын жөні бар еді. 1979-1984 жылдары Серік Қонақбаев бокс дүниесін дүркіреткен тұста оның суреттерін қазақ баспасөзіне кеңінен таратқан негізінен Дәкең болатын. Бір ғана Мәскеу Олимпиадасынан түсірген Серіктің суреттері сол тұста және кейін талай газеттің, талай кітаптың қажетіне жарағаны анық.
Ал Дендербай аға мен Дәулет балуан бір туған жандардай сыйласты. Егізов Тұрлықановтың Сеул, Барселона және Атланта Олимпиадалары мен 1993 жылғы әлем чемпионатындағы, басқа да бәсекелердегі белдесулерін фототаспаға тартып алды. Түсінген адамға бұл үлкен еңбек. Дәулет батыр ағасының бұл сыйын еселеп қайтарды.
1999 жылы жазда Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Дәулет Тұрлықанов Астанадағы президент мұражайында Дендербай Егізовтің тамаша фотокөрмесін ұйымдастырып, одан соң Алматыда тілеулес ағасының 60 жылдық тойын дүркіретіп өткізіп берді. Дәулет мұнымен де шектелмей, дастархан үстінде Егізовке әлі майы кеппеген машинаның кілтін ұстатты. Басқа спорт саңлақтары да қарап қалған жоқ. Дәкеңнің туған топырағы сонау Атыраудан бастап, Алтайға дейінгі аралықтағы сыйлас азаматтар адал еңбегімен абыройы асқан ардагерді алақанына салып, сыйлады. Сол, жиырма жыл бұрынғы Дендербай ағаның арқа-жарқа көңілі, нұрлана жымиған сәттері көз ұшында әлі елес беріп тұр.
Осыдан жиырма, отыз жыл бұрын алаштың кез келген чемпионының суреті қажет болса, Дендербай Егізовтен табушы едік. Ал қазір ағамыз ортамызда жоқ, сондықтан әуелі интернеттен іздейтін болдық. Иә, Егізовтен кейін спорт фотокоры қызметін дәл сол кісідей жанын сала, құлашты кең сермеп, махаббатпен атқарған адамды қазақтан әлі кездестіре қойған жоқпыз.
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ