ҚАЗАҚТАН АСҚАН ҚАЙЫРЫМДЫ ХАЛЫҚ ЖОҚ
Жексенбі күні достармен моншаға барамыз. Будан шығып келсем, мен жайғасқан орында бір қария отыр. Еті қашқан, сіңірлілеу. Ұлы ысқышпен сабындап, бүкіл денесін жуып шықты. Аяғына ойысқанда, сырт жағынан екінші ұлы келді. Қолында ұстара. Шашының мойын жағып қырып жатыр. Мұндай балалардан айналып кетпейсің бе?!
Біздің Шымкентте амандықтан кейінгі сөз «не елсізбен» басталады ғой.
Сіргелі тайпасынан екен. Алпыстың бел ортасына келген қария сырқат. Өздігінен жуына алмайды.
– Мен сізді жақсы танимын, – деді екіншісі. – Бұрын облыстық мәдениет басқармасында жұмыс істегенмін. Қазір, оншақты жыл болды, Астанадамын. Әкемізді бауырларым осында апта сайын әкеледі.
Риза болдым. Күнделікті көріп жүрген көріністеріңіз шығар, бірақ мына жігіттерге рахмет айтпау мүмкін емес. Кейінгі жылдары ұсақталып кеттік қой.
Тик-токқа шешесінің аяғын жуып, табанын сүйіп отырғандарды көп көрдік. Шылапшындағы суды ішкенін де көрдік.
Жасанды. Құдая, күнде жусаң Алланың рахметі жаусын. Бірақ әлеуметтік желіге салу, сүйінші сұрағандай тарату жасандылық.
Қазақ-тумысынан мықты ұлт деген ұғымға әбден лайық халық. Кеңес үкіметі бізге жаманатты қылған қарны кебеждей байлар шын мәнінде бір ауылдың бас иесі, панасы екенін кейін ұқтық қой. Былайша айтсаң, бір совхоздың директоры. Бәріне жұмыс беріп отыр.
Жетімін жылатпады. Жесірін қанғыртпады. Ауылын ашқұрсақ қылмады. Сол заман үшін бұдан артық не керек.
Бұны неге жазып отырмыз?!
Өткенде көкөніс өнімдерін сататын жас жігіт әлеуметтік желіде өрікпіп отырып бар жағдайды айтты.
Капказ нәсілді жұп. Аптасына келер екен. Үлкен сомаға сауда жасайды. Алғанын жұп-жұптап жәшікке салдырады. Бауырларының үйіне таратады екен.
«Біз неге сүйтпейміз» дейді ғой ана жазған.
Оның қисынына қарасаң, қазақ қатыгездеу, қайырымсыздау халық сияқты.
Сіз сеңбейсіз, ол сеңбейді. Бірақ қазақтың қадыр-қасиетін біле бермейтін жастар сеніп қалады ғой.
Сүйте, сүйте өз халқын қор санамалына кім кепіл?!
Өзгелер үйренгісі келсе қайырылымдықты, обал-сауапты қазақтан үйренсін.
Әлеуметтік желіден бір сюжет көрдік. Әлгі жігіт мақтаған қапқаздың ақсақал егіліп тұр.
Сталиндік репрессия кезінде Қиыр Шығыс пен Қап тауынан мыңдаған тұрғындар Қазақстанға жер аударылғаны белгілі. Соның бірі, ата-анасынан ажырап қалған түрік азаматы қазақ үйіне тап болады. Түнде тұрған отағасы жетім түрік баласының жалаңаш жатқанын көріп, өз баласының үстіндегі көрпені алып әлгі балаға жабады. Әйелі «отағасы не істеп жатырсыз. Өз балаңыз тоңып қалады ғой» дегенде әлгі азамат «Менде бала саны баршылық. Мына бала тұл жетім. Ертең суық өтіп ұрпақсыз қалуы да мүмкін. Сонда мен Алланың алдында күнәһар боламын ғой» деген екен.
Әлгі ақсақал солқылдап тұрып, «Сол көрпе жапқан бала мен едім. Құдайға шүкір, үлкен әулеттің иесімін. Сол қазақ ақсақалдың мейірімі болмаса өліп кетуім де мүмкін еді» дейді.
Сол қайырымды қазақ әлі өзгерген жоқ. Менің қазақ спорт журналистикасының бүгінгі көшбасшысы Қыдырбек Рысбекұлы деген досым бар. Әкесі тоқсанға жақындады.
Апта сайын моншаға апарып, қырындырып жуындырады. Ешкімге айтқан емес. Өз көзіммен көркен соң айтып отырмын. Бар жағдайын жасайды сол Қыдырбек.
Айтпағым не? Біреудің қақсығын таңсық қылмай қайырымдылық мысалын өзіміздің халқымыздың дана қасиетінен іздейікші.
Мына орыс деген тастауырлау жұрт. Алматыда студент болдық. Талай пәтер жалдап тұрдық. Жалқы кемпір, шал. Үйін жалға береді. Балалары жоқ емес, бар. Мақтанып отырады. Сол мақтаған балалары кемпір-шал өлгенде үйін сатуға ғана келер еді. Бәрі болмаса да біз көрген кеп осы.
Көп қазақ ата-аналар ұлы тіл көріп, балаларын орыс балабақша, мектебіне берді. Әлі де беріп келеді. Өзге тілмен өскен ұрпақ сол ұлтқа қызмет етеді. Тасбауыр қазақтар көбейсе, себебін осыдан іздесін. Салт-дәстүр, мәдениетімізден ажырамасақ бұ қазақ ұшпаққа шығады.
Осы еді айтпағым.
Бақтияр ТАЙЖАН,
журналист
ШЫМКЕНТ
Рәсім Egemen.kz сайтынан алынды