Ақтөбеде ер кісі балалары ұйықтап жатқанда бұрынғы әйелін өлтірген
АҚТӨБЕ. 2 мамыр. Ақтөбе облысында ер кісі үш баласы ұйықтап жатқанда бұрынғы әйелін тұншықтырып өлтіріп кеткен. Бұл туралы «Мой город» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
#НеМолчиKZ қоғамдық қорының белсенділері кезекті айуандық әрекет жайлы елді құлақтандырды. Жантүршігерлік қанды оқиға бұл жолы Ақтөбе облысында орын алған. Құқық қорғаушылардың айтуларынша, ер кісі бұрынғы әйелін өзіне шай қоймақ болып бұрылып жатқанында арт жағынан келіп, буындырып өлтірген. Қылмысты оқиға биылғы жылдың 1 ақпаны күні түнде жасалған. Бұл уақытта екеуінен туған үш бала үйде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан. Болған оқиға жайында марқұмның туыстары қоғам белсенділеріне хабарлаған.
«Айбану мен күйеуі 2022 жылы ажырасып кеткен. Басқа қызбен жеке тұрмысын құрып кеткен күйеуі содан бері балаларына алимент төлемеген, балаларымен араласпаған. Бірақ арада екі жыл өткеннен кейін ол қайтып оралған. Айбану оны қабылдаған, себебі, балалары әлі кішкентай еді. Ал қылмыстық ниетпен үйге келген бұрынғы күйеуі өзіне шай қойып бермек болып жатқан әйелін арт жағынан келіп, буындырып өлтірген. Бұл кезде балалары ұйықтап жатқан. Айбану Ақтөбе облысының «Саркөл» ауылындла тұратын еді. Жақындарының айтуларынша, жігіт сол күні Ақтөбелден таксимен келіпті. Келгесін таксишіне өзін ауылдың сыртында күтіп тұруды тапсырыпты», – дейді қоғамдық қорғаушылар.
Қоғам белсенділері қылмыстың алдын ала ойластырылып жасалғанына ешбір күдіктенбейді. Ал кісі өліміне Айбану мен күйеуіне ортақ пәтер себеп болған сияқты.
«Айбану қаржылық жағдайы ауыр болғасын, қалада тұра алмай, ауылға келді. Бұлардың қалада ортақ пәтерлері бар еді. Айбану балаларына тұратын жер керек болғандықтан, соны бөлісуді қайта-қайта сұрап жүрген. Қылмысын жасап болғаннан кейін ер кісі түк болмағандай, ауыл сыртында өзін күтіп тұрған таксиге мініп, Ақтөбеге қайтып кеткен. Үйде өлі аналарының жанында кішкентай үш баласы қалды. Олар таңертең аналарының ас үйде сұлап жатқанын көріп, оны оянбағанына жылаған», – деп атап өтті қордағылар.
Анасыз жетім қалған үш баланы қазір марқұм Айбанудың әпкесі бағып отыр.
Күдікті көп кешікпей қамауға алынды.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған қылмыстық іс бойынша тергеудің аяқталып, сотқа жіберілгенін баяндады. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Кісі өлтіру») бойынша қозғалған.
Rast айтамыз: мынадай жағдайдан кейін ату жазасын қалпына келтіруге қарсы болатындар әлі бар ма?!