Қызылордада заманауи талапқа сай жаңа стадионның іргетасы қаланды
ҚЫЗЫЛОРДА. 1 мамыр. Бүгін Қызылордада жаңа стадионның іргетасын қалауға байланысты шара болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жаңа стадионның іргетасын қалау рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, қала тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күнімен және құрылыстың басталуымен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтаc ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» деген болатын. Бүгін – аймағымыз үшін айтулы күн, көптен күткен қуанышты сәтте бас қосудамыз. Мереке күні өздеріңізбен бірге халықаралық талаптарға сай келетін, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасын қалаймыз», – деді облыс әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаев өзінің сөзінде Тәуелсіздік жылдары елімізде заманауи екі стадион ғана салынғанын, оның бірі «Астана-Арена»болса, екіншісі «Түркістан-Арена» екенін атап өтті. Енді сондай тағы бір спорт кешені Сыр бойындағы бас қалада бой көтергелі тұр. Ол қаланың сол жағалауына орын тепті.
«Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның салынғанына 60 жылға жуықтады. Стадион УЕФА талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан біз сүйікті командамыз – «Қайсар» жанкүйерлерінің ұсынысымен жаңа стадион салуға шешім қабылдадық. Баршамызға құтты болғай!», – деді аймақ басшысы бұдан әрі.
Іс-шарада футболдан Қазақстан құрама командасының капитаны, бес дүркін ел чемпионы және екі дүркін Қазақстан Кубогының иегері Асхат Тағыберген жерлестерін жаңа спорт кешенінің іргетасы қалануымен құттықтады.
Жаңа стадионның іргетасын қалау сәтінде мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бата берді.
Айта кетейік, биыл Сыр өңірінде жағымды жаңалықтар мен жарқын жетістіктер жетерлік. Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Сырдария өзенінің сол жағалауынан физика-математика мектеп-интернаты, Оқушылар сарайы және музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көп салалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылы облыста 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табыс етілсе, биыл аудандарда 4,7 млрд. теңгеге 12 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жыл басынан бері Сыр елінің спортшылары әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, облыс қоржынына 6 медаль салса, республикалық чемпионаттар мен кубоктардан 140 жүлде иеленді. Басты жетістік – Қамшыбек Қоңқабаев бокстан, Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Париж Олимпиадасына, қос бірдей спортшы Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов отырып ойнау волейболынан Паралимпиадаға жолдама алды. Дзюдо, парадзюдодан да үміткерлер бар.