Бишімбаевтың анасы сот жарыссөзінде ұлына аяушылық көрсетуді сұрады
АСТАНА. 3 мамыр. Астанада өтіп жатқан Қуандық Бишімбаевтың сотында сөз алған анасы Альмира Нұрлыбекова алқабилерден ұлына түсіністікпен қарауды өтінді. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі жалғасып жатыр. Онда прокурорлар да, жәбірленуші тарап та, айыпталушы жақ та сөз сөйлеуде. Солардың қатарында Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова да ойын ортаға салды.
Сотталушының анасы көзіне жас алып, ұлы үшін дұға жасайтынын жеткізді.
«Ана ретінде ұлыма дұға жасаймын. Ол трагедияға айналған әрекет жасады. Қуандық жазаға лайық, дегенмен ол істеген әрекетіне сәйкес қана жаза алу керек. Жәбірленуші тараптың адвокаты сөз сөйлеген кезде ұлымды жаман жағынан сипаттады. Бұл алқабилерге жасалған қысым деп есептеймін. Жәбірленуші тараптың адвокаты Қуандықты қоғамның паразиті, ескі Қазақстанның өкілі деп атады, менің ұлым елді 30 жылдан аса уақыт билеген шенеуніктер үшін жазалануы керек деп есептейтінін де айтты. Кешегі сот жарыссөзінде жәбірленуші тарап бұл процес оны қарап отырғандарға және Қазақстанның элитасына сабақ болсын деді. Тек бірнәрсе сұраймын: бүкіл қоғамның күнәсін бір адамға, менің ұлым Қуандыққа артып қоймасаңыздар екен деймін. Әділ болып, аяушылық танытуларыңыз сұраймын», – деді Нұрлыбекова.
Ол ұлы қай тұста кінәлі емес екенін де айтты.
«Ұлымды ақтап тұрған жоқпын, әрекетін де ақтамаймын. …Қол көтергені үшін, агрессия мен шыдамсыздық танытқаны үшін жазасын алсын, бірақ ол қасақана кісі өлтірген жоқ. Сондықтан әдейі адам өлтіру әрекеті бойынша жаза арқаламауы керек», – деді ол.
Бишімбаевтың анасы сөз арасында қазақстандықтардан кешірім сұрады.
«Барлық аналардан, барлық қыздар мен арулардан ұлым Қуандық үшін кешірім сұраймын. Мені де кешіріңіздер. Маған өте ауыр. Салтанат қаза тапқан күннен бері маған да оңай болып тұрған жоқ. Ең алдымен Салтанаттың анасы мен әкесінен, жақындарынан кешірім сұраймын», – деді Альмира Нұрлыбекова.
Айта кетейік, Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Жоғарғы соттың YouTube-тегі арнасы процесс барысын онлайн форматында тікелей эфир арқылы көрсетіп келеді. Оны Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Алмания, Ұлыбритания, БАӘ, Түркия, Корея, Ресей, Сакартвело, Молдова, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан мемлекеттерінің тұрғындары да көріп отыр.
Әйелін өлтірді деген айыппен сотталып жатқан Қуандық Бишімбаевты сотта адвокаттар Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжанов қорғауда. Ал марқұм Салтанат Нүкенованың мүддесі үшін адвокаттар Жанна Оразбақова, Әлия Омарова, Игорь Вранчев және Дамир Ишмаметов күресуде.
Айыпталушы жақтың адвокаттары өз беттерінше Мәскеу қаласындағы Н.И. Пирогов атындағы ұлттық зерттеу медициналық университетте бұрын істеп кеткен сарапшылар Евгений Кильдюшев мен Эдуард Тумановқа сот-медициналық сараптама жасатыпты. Шамасы, Мәскеудің аты естілсе болды, мұндағылардың бәрі шеттерінен құлай жығыла береді деп есептесе керек. Бірақ судья Айжан Құлбаева оны іске тікпеу жөнінде кесімді шешім қабылдады. Ол мұны «мамандар Нүкенованың мәйітін зерттемей, сот-медициналық сараптаманың сканерленген қорытындысын зерделеу негізінде оның өлімінің себебін іс жүзінде өз бетінше анықтады, бұған рұқсат етілмейді» деп түсіндірді.
Енді сараптама жасап бергендердің өздеріне келсек, Ресейдің «Компромат.Ру» сайты Евгений Кильдюшовтың РФ астанасындағы жерлеу бизнесінің «Өкіл әкесі» болғанын, оның мәйіттерді беру үшін ақша талап етуі арқылы көзге түскенін, сот-медициналық сараптамасынан мемлекет қаржысын қолды еткені үшін қуылып кеткенін жазды. Ал Эдуард Туманов РФ-ның басқыншы армиясының украинның Буча қаласында жасаған зұлымдық әрекеттеріне суреттерге қарай отырып, қорытынды шығарып, оккупанттарды ақтап алмақ болғаны үшін күллі әлемнің алдында қарабет атанып еді. Міне, адалдықтары мен адами қасиеттері дүдәмал осындай оспадар адамдар біздің сотқа алыста жатып айбар көрсетіп, оның ісіне бірнеше суреттер бойынша араласпақшы болған екен…
Бишімбаевтар тарапы мұнымен де тыншымады, Олар бұдан кейін Мәскеуден аты белгісіздеу Наталья Грейс есімді блогерді шақырды. Бұлардың бұған қатысты бар бітірген тірліктері сол журналиске ерлі-зайыпты Бишімбаев пен Нұрлыбекованың қосамжарлана сұхбат берулері болып шықты.
Сөз орайында Салтанат Нүкенова реттік саны бойынша Қуандықтың үшінші әйелі екенін айтып қояйық. Яғни бұған дейін сотталушы екі рет үйленген. Мұны бұдан алдын әлеуметтік желіде жазған жазбасында осының алдындағы әйелі Назым Қаһарман атап өткен болатын.
Тағы бір айта кететін жайт, осы процестің барысында Қуандық Бишімбаевтың анасы – Альмира Балтабайқызы Нұрлыбекованың атына тіркелген 6 компания бар екені белгілі болды. Қылмыс орын алған BAU рестораны құрамына кіретін Ezy Park ЖШС-ның акциясы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі екен.
Ал әкесі Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев – белгілі ұстаз, ғалым. Бірнеше жыл әртүрлі жоғары оқу орнында ректор, Парламент Мәжілісінің депутаты болған.
27 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сотта алқабилер таңдалды. Алқаға 12 адам іріктелді. Содан кейін ашық сот отырысы басталды.
Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.
Қылмысты оқиға 2023 жылы 9 қарашада орын алды.
Осыдан кейін Қуандық Бишімбаевқа мынадай екі бап бойынша айып тағылды:
- аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Сот отырысындағы сот тергеуі 24 сәуірде аяқталды. Ал 29 сәуірде сот жарыссөзі басталды. Енді таяу күндері үкім де шығарылады.