Солтүстік Қазақстанда әскерге бара жатқан екі жігіт жолда қашып кетті
ҚЫЗЫЛЖАР. 2 мамыр. Солтүстік Қазақстан облысында әскерге шақырылғандар арасында екі жігіт әскери бөлімге бара жатқан жолда пойыздан түсіп қашып кеткен. Бұл туралы El.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқыс оқиға 27 сәуір күні кешқұрым орын алған.
Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті Қарағанды облысының 85510 әскери бөліміне қызмет өткеру үшін жаңадан шақырылған 2003 және 2004 жылы туған екі мерзімді әскери қызметшінің Қызылжар қаласы станциясында «Самара-Қарағанды» пойызына отырып, сағат 19:39-да вагоннан рұқсатсыз, белгісіз уақытта шығып кеткенін мәлімдеді.
Сөз етіліп отырған Құсайынов пен Коваленко Солтүстік Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының 2024 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығына сәйкес «жеке» шенімен міндетті әскери қызметке шақырылған.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 2024 жылғы 29 сәуірде тіркелді.
Қатардағы жауынгерлер Құсайынов пен Коваленкоға іздеу жарияланды.