Белгілі футболшы, жаттықтырушы Бақтияр Байсейітов іздестіріліп жатыр
АСТАНА. 30 сәуір. Қазақстандық белгілі футболшы, жаттықтырушы Бақтияр Байсейітов 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүр. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұрынғы футболшы және жаттықтырушы Бақтияр Байсейітовке Түркістан облысындағы «Қаратау» уран кенішін жаңғырту кезінде ақша жымқырды деген күдік таңылды. Оған осы күдік бойынша 2022 жылы халықаралық іздеу жарияланған.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қаратау» ЖШС бұрынғы басшылығына («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ еншілес ұйымы), «Iri building» ЖШС мердігерлік ұйымының директорына, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтағанын хабарлаған болатын. Оның қорытындысы бойынша мердігерге 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы «Қаратау» кенішінде уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 миллион теңгені жымқырды деген күдік таңылды.
Антикор мәліметінше, «Iri building» ЖШС Қайрат Сатыбалдыұлыға жақындығы бар Бақтияр Байсейітовтің бақылауындағы компания болып шықты.
Бақтияр Байсейітов 2022 жылдан бері Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру» бойынша халықаралық іздеуде болған. Сондай-ақ, Антикор оның қайда екені туралы ақпарат үшін сыйақы жариялаған.
Айта кетейік, Бақтияр Даниярұлы Байсейітов 1952 жылы 27 тамызда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» совхозында туған. Орта мектепті «Мамаевка» ауылында бітірген. Бала жасынан футболмен шұғылданған. Ол 1970 жылы Шымкенттің «Металлург» командасы құрамына қабылданды. Ал 1980-1982, 1984-1985 жылдары КСРО чемпионатының екінші лигасында Шымкенттің «Мелоратор» командасы сапында 98 ойын өткізіп, 52 гол соқты. Футболшылық мансабын аяқтағасын, 1990 жылы Мәскеудегі жаттықтырушылар мектебін бітіріп келді. Бірқатар жылдар Шымкенттің «Ордабасы», Алматының «Қайрат» командаларын жаттықтырды. Қазақстан құрамасын басқарды.
Еске сала кетейік, Бақтияр Байсейітов – бұрынғы президенттің баласы, яғни інісінің ұлы Қайрат Сатыбалдының төрт әйелінің бірінің әкесі, яки қайын атасы. Оның уран кәсіпшілігіне араласып жүргені де Қайраттың арқасы болса керек. Сондықтан қазақстандық сайттардың бәрі Бақтияр Байсейітовті «Қайрат Сатыбалдының туысы» деп атап жазып жатыр. Шын мәнінде олар бір-бірімен ешқандай да туыс емес, мұны қазақ жекжат дейді бар болғаны. Қазақ «туыс» деп тек рулас, соның ішінде де аталас ағайынын ғана айтады.