«Ұлымызбен мақтанамыз. Ол – өте мейірімді адам» деді Бишімбаевтың анасы (видео)
АСТАНА. 30 сәуір. Әйелі Салтанат Нүкенованың ұрып өлтірді деген айыппен сотталып жатқан Қуандық Бишімбаевтың анасы ұлын мақтан тұтатытын айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұрынғы министрдің анасы Альмира Балтабайқызы Нұрлыбекова ұлдары үшін әкесі екеуі мақтанатындарын айта келіп, оның «өте мейірімді, қамқор адам» екенін де ауызға алды.
Ол мұны өздері осы сот процесі үшін Мәскеуден арнайы шақыртып алған журналист Наталья Грейске берген сұхбатында айтты. Осы сөздің ыңғайында ұлын «ана ретінде қолынан келгенше қорғап жүргенін» сөз етіп, көзіне жас алды.
«Әрине, бұл – өте ауыр трагедия. Салтанаттың ата-анасын түсінемін. Үйімізде үлкен трагедия. Әлеуметтік желіде негативті материалдар көп. Бірақ жақсы адамдар да көп. Жағалауда жүрген кезімде шамамен 40 жастағы әйел келіп, «Апай, сіз Қуандық Бишімбаевтың анасысыз ғой? Бекем болыңыз, біз сізді түсінеміз, сізді қолдаймыз. Мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Бірақ мұндай нәрсені ешкімге тілемеймін» деді. Мен ұлымды өте қатты жақсы көремін, ұлымызбен мақтанамыз. Бірақ осындай жағдай болып қалды. Неге бұлай болғанын әкесі екеуіміз де түсіне алмадық. Ол қатал адам болған емес. Бала күнінен өзіне жауапкершілікті ала білетін. Үнемі бізге қамқор болатын. Үш жыл бұрын әкесі қатты ауырып қалған кезде дәрігер тауып, емдетті. Үнемі бізге алаңдап жүреді», – деді Альмира Нұрлыбекова.
Журналист арнайы түсірген хабарда Қуандықтың әкесі Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев та ұлының ісіне қатысты ойларын ортаға салған.
«Иә, ол кінәлі, ол жазалануы керек. Біз үшін бұл – үлкен трагедия. Себебі, Салтанат та біздің отбасымыздың мүшесі. Өз қызымыздай қарайтынбыз. Олар бақытты болғысы келді, бір-бірін жақсы көретін. Қуандықпен арасында сөзге келіспей қалатынбыз, бірақ ешқашан қол көтерген емеспін. Бұл – біздің отбасымызға жат дүние», – дейді Уәлихан Бишімбаев.
Ал Альмира Нұрлыбекова ұлының Салтанатты өлтіру ойында болмағанына куәлік етті.
«Ең біріншіден, Қуандықта Салтанатты әдейі өлтірудің себебі болған жоқ. Салтанатты жақсы көретін. Ол өте мейірімді, қамқор адам. Әдейі қаскөйлікпен өлтіруі мүмкін дегенге ана ретінде келіспеймін», – деді Альмира Нұрлыбекова.
Бұл жерде мынадай үзілді-кесілді уәжге «ана болудың» қаншалықты қажеті бар екенін видеоны көрген көрерменнің көпшілігі түсінбей қалды.