Адвокаттар Бишімбаевтың Нүкенованы қалай азаптағанын айтып берді
АСТАНА. 2 мамыр. Астанада өтіп жатқан Бишімбаев сотының жарыссөзінде адвокаттар марқұм Салтанаттың қалай азапталғанын егжей-тегжейлі баяндады. Бұл туралы inbusiness.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Адвокат Әлия Омарова өз сөзінде Салтанат Нүкенованың күйеуі Қуандық Бишімбаевтың тарапынан қалай қорлық көріп, қалай азапталғанына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қылмыскер Бишімбаев өлтірілер алдында әйелінің барлық әурет жерін видеоға түсірмек болған.
«Бейнежазбалардың бірінде Бишімбаев Нүкенованы қорлау мақсатында барлық әурет жерін видеоға түсіруге тырысып жатқанын көруге болады. Алайда Салтанат жалаңаш кеудесін жауып, аяғын қысады. Оның көзінде қорқыныш пен дәрменсіздік бар. Мұның бәрі қорлау сөздерімен қатар соққылармен бірге болған әрекет», – деді қорғаушы.
Оның сөзінше, қараша айында далаға жалғыз күртешемен шыққан Салтанаттың тоңғаны соншалық, көлікке отыруға рұқсат сұраған. Бірақ Бишімбаев бұл өтінішке еш пысқырмайды. Қайта «Ұялып тұрсың ба?» деп, мазақ еткен.
Әлия Омарова 8.24-те түсірілген видео жайында да сөз қозғады.
«Салтанат толықтай жалаңаштанған, Бишімбаев оған 20 минут бойы не істегені белгісіз. Әйелін мұқатуды көздеген ол оны одан сайын қорлаған, оны еденде тыр жалаңаш еңбектеп, бірдеңе іздеуге мәжбүрлеген, бірнеше рет тіл тигізген», – деді ол.
Ал адвокат Игорь Вранчев егер Бишімбаев жауапкершіліктен құтылып кетсе, онда елде болашақ жоқ екенін ашынып айтты. Ол егер сотта әділ шешім шығарылмаса, мұндай елде қалудың еш себебі жоқ екенін сөз етті.
«Бір ғана дұрыс шешім қабылдап, Бишімбаевты кінәлі деп тану арқылы сіз елді элитарлық және тоталитарлық паразиттерден тазартасыз. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты, бірақ ілгерілеу жоқ. Қоғамның осы бір паразиттік қабатын түрмеге отырғызу арқылы оның бостандыққа шыға ма, жоқ па деп күтіп отырған басқа Бишімбаевтардың бәріне үлкен сабақ бересіз. Ал егер ол ақталып шықса, онда біз осы іспеттес адамдардың бәріне тағы бір мүмкіндік береміз», – деп қорытты Вранчев.
Зардап шеккен тараптың адвокаты Дамир Ишмаметов сотталушы Қуандық Бишімбаевтың өзіне керек жауабын ала алмаған соң марқұм Салтанат Нүкеноваға соққы жасай бергеніне назар аударды. Адвокат алқабилер мен судьядан Бишімбаевтың телефонындағы видеоларға назар аударуын сұрады.
«Барлық видеода ол Нүкенованың некеде тұрған ер адаммен жыныстық қатынаста болғанын мойындауға мәжбүрлеген. 8-9 қарашадағы қылмысты дәлелдейтін бірқатар дәлелдер келтірілді. Бишімбаев 20 минуттан астам уақытта 175 рет «Сен Баталовпен жыныстық қарым-қатынасқа түстің бе, мойында» деген. Осы сөзді 175 рет бір сарында сұрай береді», – деді қорғаушы.