Тірілей көмілген ер кісі зираттан өзі шыға алды
НЬЮ-ДЕЛИ. 4 маусым. Үндістанның Гуджарат штатындағы Гондал қаласында молаға тірілей көмілген ер кісі өзі бостандыққа шықты. Бұл туралы «The Times of India» хабарлады.
Оны дұшпандары ұстап алып, молаға тірілей көмген екен.
Басылым жазғандай, зардап шегуші Капил Маракана алты жыл май қайнататын жерде жұмыс істепті. Жақында өндірістің меншік иесі өзгереді. Кәсіпорынның бұрынғы қожайыны өз шығындарының бәріне Маракананы кінәлі деп тауыпты. Сондықтан сыбайластарымен бірге бұл кісіні ұрлап әкетіп, соққыға жығады. Соңынан қаскөйлер оны құмға көміп, қимылсыз қалған кезін күтіп тұрады. Зардап шегуші тым-тырыс болып қалған кезде олар сол маңдағы лашыққа барып, сәтті істерін жууға кіріседі.
«Олар лашықта отырған кезде Маракана жанталасып, құмның астынан алдымен бір аяғын шығарып алады, – деп баяндады полициядағылар. – Содан кейін жерленген жігіттің құм астынан шығуына жол ашылады. Ол шыға сала қашады, мұны байқап қалған үшеу соңынан қуады».
Маракана жақын маңдағы түрмеге дейін жүгіріп жетіп, сондағы полицейден көмек сұрайды. Оны қуушылар қашып кетуге әрекет етеді, бірақ тәртіп сақшылары оларды қуып жетіп, қамауға алады.