Бердібек Сапарбаев: Тараздың өз бренді болуы керек
ТАРАЗ. 4 маусым. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласының өз бренді болуы керек екенін айтты. Бұл туралы облыстық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында туризм саласында кадрлар тапшылығы, автожолдар сапасының нашарлығы, жол бойындағы сервис деңгейінің төмендігі секілді туризмнің дамуына кедергі келтіретін мәселелер жан-жақты сөз болды
Тарихы бай, ерекше мәдени-тарихи орындар мен табиғи ресурстарға ие бола тұра, ежелгі Әулиеата жері әлі күнге дейін туризмді дамытуда бірқатар кедергілерге тап келіп отыр. Өткен тарихы терең өңір алдында барша қазақстандықтар мен шетелдіктерді тартуға қабілетті қазіргі заманға лайық туризм индустриясын құру мәселесі тұр.
Аймақ басшысы осылар жайында саралай айта келіп, алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Туризм басқармасы осы орайдағы мәселелерді шешу үшін туризм саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын әзірлеуде.
Басқарма басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, бұл бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бес тілде аудио және бейнегидтері бар «Taraz tour» мобильдік қосымшасындағы туристік нысандар санын 200-ге дейін арттыру көзделуде. Қазіргі таңда қосымшадан тек 37 нысанды табуға болады. Сондай-ақ жақында «Әулиеата» әуежайына Тараз туралы толық ақпар беретін smart-дүңгіршектер орнатылады.
Басқарма сонымен қатар аудио және видео нұсқаулығы бар екі қабатты автобус шығаруды жоспарлап отыр. Тараз әйгілі «2GIS» мобильді қосымшасына (сандық карта) қосылады. Мұның өзі туристерге басқалардың көмегінсіз өздеріне керек жерлерді тауып, дұрыс бағыттағы автобусқа отыруға көмектеседі. 200 туристік нысанда QR-кодтары орнатылады.
Биыл Айша бибі, Қарахан, Бабажа-Хатун кесенелері, Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас және Тектұрмас этнотарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысандарда қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Этноауылдар салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілетін болады.
Бүгінде облыс бойынша тек жеті гид ресми тіркелсе, салалық басқарма жыл соңына дейін олардың санын 50-ге жеткізбекші.
М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков ЖОО-мен бірлесе жұмыс істеуді және «Туризм және сервис» кафедрасының түлектерін тартуды ұсынды.
Ал Ғани Майлыбаев Әулиеата өңірі туралы түрлі аңыздарды зерттеп, сол арқылы саяхатшыларды қызықтыруға ниетті екенін жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы өз ойын ортаға салды.
«Бұл бағыттағы зерттеулердің маңызы зор. Тараздың басқа қалалардан өзіндік ерекшелігін айқындау керек. Мәселен, біз Сарыағашқа емделу үшін, Түркістанға ұлы бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін барамыз. Сол секілді Тараздың да өз ерекшелігі болуы керек», – деді ол.
Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының мыңжылдықтар тоғысындағы шаһар екенін көрсететін өзіндік бренді керек екенін атап өтті.
«Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер бұл ішкі туризмнің дамуына септігін тигізеді деп санайды. Тараздың екі мың жылдық тарихы туралы барлық қазақстандықтар біле бермейді.
Ол көрші қалалар, соның ішінде ең алдымен Алматы арасында әуе рейстер ашуды ұсынды. Сонымен қатар балалар туризмі назардан тыс қалып отырғандығын алға тартқан Альбина Веймер жамбылдық оқушыларды тарихи орындарға апарып, таныстыруға ешкім аса ден қойып отырмағандығын айтты.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев білім басқармасына арнайы кесте түзіп, ауыл оқушылары үшін Тараз қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ мейрамханалар мен қонақ үйлер ассоциациясының төрайымы Айгүл Ақшалова өз ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, егер жергілікті қызмет көрсету саласы сын көтермесе, туристерді дәмді тағамдардың food-фестивальдеріне тартуға болады.
Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев тиісті мемлекеттік органдар, туристік компаниялар мен қауымдастықтар бірлесіп туризм индустриясының әлеуетін арттыру үшін жүйелі негізде жұмыс жүргізуі қажеттігін атап өтті.
– Өкінішке қарай мейрамханалар мен кафелерде қызмет көрсету деңгейі төмен, бұл келушілердің сенімсіздігін тудырады. Жол бойындағы сервис те көңіл көншітпейді. Жоспарланған тоғыз сервистік кешеннің біреуі ғана Байзақ ауданында салынды. Қалған аудан әкімдері олардың құрылысын тезірек аяқтауды назарға алуы тиіс.
Облысымыздың қолайлы аймақта орналасқандығын ұтымды пайдаланбаймыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі біздің өңір арқылы өтеді. Ол жолмен күн сайын мыңдаған көлік қатынайды. Отардан Жуалыға дейін Әулиеатаның қасиетті орындары туралы ақпараттар жазылған билбордтар орнату керек. Коронавирустық пандемия ішкі туризмнің дамуына үлкен мүмкіндіктер береді. Бұған дейін танымал болып келген шетелдік курорттар бұрынғыдай аса қызығушылық тудырмайды. Мұны ішкі туризмнің дамуына серпін сыйлау үшін тиімді пайдалана білген абзал, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.