Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов туған жеріне емес, Кеңсайға қойылады
АЛМАТЫ. 6 ақпан. Кеше дүние салған қазақтың көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов Алматыдағы «Кеңсай-2» зиатына жерленетін болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовті жерлеу жөніндегі комиссияның осындай шешім қабылдағаны белгілі болды. Осы шешімге сай, бүгін кешкі сағат 19:00-де Алматыдағы «Жалын» ресторанында қонақасы беріледі. Оған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қатысады. Шараны жазушы Смағұл Елубай жүргізеді.
Ертең, 7 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында қаралы жиыны өтеді. Оған Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, жазушы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік, жазушы Дулат Исабеков қатысады.
Жиынды мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов жүргізеді.
Бұдан кейін жазушы жерленетін «Кеңсай-2» зиратында жаназа намазы болады.
Бірақ көзі қарақты ағайынның бәрі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көзі тірісінде өзін қайтыс болғаннан кейін Арал теңізінің оңтүстік батысындағы Құланды аумағында, «Ақбасты» ауылына жақын, үш облыстың шекарасы түйісетін «Беларан» деген жердегі ата-бабалары, әке-шешесі мәңгілікке дамылдап жатқан зиратқа қоюды өсиет еткенін жақсы біледі. Осы мақсатта ол сол маңға өзіне арналған зират та салдырып қойып еді. Оны тұрғызуға Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының әкімдері атсалысқан болатын.
Сондықтан кеше ақын Қасымхан Бегманов әлеуметтік желіде Әбекеңнің денесі «Барсекелмеске» кетіп бара жатқанын айтып жазып еді.
Алайда, жағдай аяқ астынан өзгеріп кетіпті. Сөйтіп, жазушының аманаты, өсиеті даладай қалғандай болып тұр. Қазақ марқұм болған адамның соңғы сөзін қай уақытта да орындаушы еді…
Бұған белгілі өнертанушы ғалым Берік Жүсіпов өзінің ашу-ызасын білдірді.
«Бұл қалай? Мынау жақсы ырым емес! Әбе Кеңсайға жерленетін болыпты. Сонда Беларандағы қазулы тұрған моласы кім үшін? Бұл көз жұмған күні құтыла салатын тегін қазақ емес еді ғой. Үкімет, жерлеуге жауапты адамдар қайда қарап отыр? Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова неге сүйегіңе иелік етпейсің? Өлген адамның өсиетін орындамағанды қай ата-бабадан көрдің, қазақия? Көзі тірісінде қасында жүрген Қырымбек, Иманғалиларға айтқан Аманат қайда? Әлде бұл есілдің тізгінұстары болмаған соң басыну ма? Егер абызыңның соңғы аманаты мен өсиетін орындай алмасаң ел екеніңді айтып не керек?», – деп жазды әлеуметтік желіде жөн-жосықты білетін азамат.
Біздің бұған қосып-аларымыз жоқ.