АҚШ сенаты Қытайға Шыңжаң үшін санкция салды
ВАШИНГТОН. 18 мамыр. АҚШ сенаты президент Дональд Трампты Қытайға «ұйғырларға қысым жасағаны үшін» санкция салуға шақыратын заң қабылдады. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
Вашингтон осы заң арқылы Бейжіңге қысымды күшейте алады.
«14 мамырда екі партиялы АҚШ сенаты ұйғыр мұсылмандарына қысым жасаған Қытай шенеуніктеріне санкция салатын, адам құқығын басып-жаншуға қолданылатын құралдардың экспортына шектеу қоятын заң жобасын бірауыздан қабылдады», – делінген хабарламада.
Енді бұл заң жобасын демократтар басқаратын өкілдері палатасы қабылдауы тиіс. Содан соң ол Трампқа жолданады. Президент өз кезегінде заңды қабылдайды не оған вето қоятын болады.
Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастаған. БҰҰ мен адам құқығын қорғау ұйымдары Қытай билігі Шыңжаңдағы миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін елдің солтүстік-батысындағы «саяси тәрбие лагерьлерінде» ұстап отырғаны туралы баяндаған болатын.
Басында ақпаратты теріске шығарған Бейжің кейін оны «экстремизмге қарсы шара» деп түсіндіріп, саяси лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталық» деп сандырақтады.
Сенаттағы халықаралық қатынастар комитетін басқаратын республикалық Джеймс Риштің айтуынша, қабылданған жаңа құжат адам құқығын өрескел бұзған Қытайды жауапқа тарту үшін жасалған маңызды қадам болмақ.
Риш демократ Боб Менендес пен республикалық сенатор Марко Рубиомен бірге жасаған мәлімдемесінде «Қытайдың кем дегенде, бір миллиондай ұйғыр мен басқа да мұсылмандарды лагерьге қамауы ұят әрі кешірілмейтін іс» деді.
Бейжің Шыңжаңдағы ұйғыр мәселесі өзінің ішкі мәселесі деп санайды. Бұған дейін АҚШ «Бейжіңнің ішкі ісіне араласса», қарап отырмайтынын мәлімдеген.
Ресми Бейжің АҚШ сенаты қабылдаған заң жобасына қатысты қандай да пікір білдірген жоқ.
Бұл заң Трамп пен республикалықтар коронавирус тарауына Қытайды айыптап жатқан тұста қабылданды. АҚШ президенті вирустың әлемге тарап кеткені үшін Қытай жауап беруі тиіс деп санайды. Коронавирус пандемиясы әлем экономикасын шығынға ұшыратып, Трамптың қайта президент болып сайлануы мүмкіндігіне кесірін тигізді.
Пандемиядан кейінгі құлдыраған экономика мен АҚШ-Қытай арасындағы саяси текетірес биыл қаңтарда қол қойылған екі ел арасындағы сауда соғысынан кейінгі келісімге қауіп төндірді. Кейбір басылымдардың жазуынша, Қытай АҚШ-пен сауда келісімін үзіп, пандемиядан кейін өзіне көп пайда әкелетін басқа келісімге қол қоюды көздейді. Бірақ Трамп Қытаймен сауда келісімін қайта қарауға құлықсыз екенін, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездескісі келмейтінін айтты.
«Сонымен керемет сауда келісіміне қол қойдық. Сия кепті, әлем Қытайдан тараған жұқпалы аурудан зардап шекті. Біздің қолымыздан көп іс келеді. Мәселен, Қытаймен бүкіл қарым-қатынасты үзе аламыз» деді ол 14 мамырда.
Трамптың сыншылары «коронавирусқа қатысты Қытайға сұрақ көп болса, да, президент АҚШ-тағы пандемия қатты тарап жатқан тұста жұрт назарын басқа жаққа аударуға тырысып жатыр» деп санайды.
Қазір АҚШ-та 1,5 миллионға жуық адамға вирус жұғып, 85 мыңдай адам қайтыс болған. Бұл ел вирус жұқтырғандар мен өлім-жітім бойынша да әлемде бірінші орында тұр.