Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

АҚШ ұйғырлар ұйымын лаңкестер тізімінен шығарды

ВАШИНГТОН. 9 қараша. АҚШ «Шығыс Түркістан ислам қозғалысын» (ШТИҰ) террорлық ұйымдар тізімінен шығарып тастады. Бұл туралы британиялық «Guardian» газеті хабарлады.

Осыған байланысты Бейжің Вашингтонды екі түрлі стандарт ұстайды деген айыпқа таңып жатыр. Ал Қытай билігі елдің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында әрекет ететін «Шығыс Түркістан ислам қозғалысын» лаңкестік ұйымға жатқыздырып, онымен жер жүзінде күрес ұйымдастырып келе жатыр еді.

Британия басылымы АҚШ-тың федералды тізімін мемлекеттік хатшы Майкл Помпеоның бұған «ШТИҰ-ның бар екендігін білдіретін әрекеттің ондаған жылдар бойы кқрінбеуі» себеп болғанын айтқанын жазады. Демек, Қытай мұны «бөтен ойлыларды» немесе «елдегі мұсылман қауымын» орынсыз «қуғын-сүргінге салып, оларды тұқырта беруді амалы» ретінде «өзінің түпкі мүддесі үшін пайдаланып келеді».

Аталмыш ұйым АҚШ-тың қара тізіміне 2004 жылы Джордж Буштың әкімшілігі кезінде ілінген екен. Ол уақытта бұл елде терроризмге қарсы қатты күрес жүріп жатыр еді. Соның салқынымен Шыңжаңдағы ұйғыр сепаратистерінің қозғалысы да есепке кіріп кетіпті.

Қазір бірқатар сарапшылар әлемде мұндай ұйымның бар екеніне сенбей отыр. Олар оның тіршілік етпейтінінің бірнеше дәлелін келтірді.

Ал Вашингтонға орналасқан «Uyghur Human Rights Project» құқық қорғау ұйымы мемлекеттік департаменттің бұл шешіміне толық қолдау білдіріп, мұның кешігіп шыққан шешім екенін және «Қытайдың айыптауын әділ жоққа шығару» екенін айтты.

Қытай өз кезегінде Вашингтонды осыған байланысты қатқыл сынға алды. Ол терроризмге аяушылық жоқ екенін білдірді. Бірақ жоқ терроризмді қайдан алып отырғанын ашып айтпады.

Негізі, бұл ретте енді Қытайдың не айтатыны, не ойлайтыны оншалықты маңызды емес.

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button